ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМИ ЖАРИЯЛАНЫМДАРДАҒЫ ӨСУ КӨРСЕТКІШІ

 

Ғылымды дамыту – кез келген мемлекеттің өркендеуі мен тұрақтылығының басты шарттарының бірі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, өзінің ғылыми әлеуетін айқын көрсетуде. Университет соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар санын арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше ден қоюда. Әсіресе, халықаралық беделді журналдарда жарияланған мақалалар санының өсуі университет ғалымдарының бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. 2018-2021 жылдар аралығында университеттің ғалымдары Scopus базасында индекстелетін журналдарда 460 ғылыми мақала жариялады. Бұл – университет ұжымы үшін маңызды жетістік. 2021-2022 оқу жылында 146 мақала жарық көрсе, 2022-2023 оқу жылында бұл көрсеткіш 135 мақалаға жетті. Ең маңыздысы, бұл көрсеткіштер алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14%-ға артқан. Мұндай нәтижелер – ғылыми-зерттеу жұмыстарына университет тарапынан жасалған жүйелі қолдаудың және ғалымдардың қажырлы еңбегінің жемісі. Ғалымдардың ғылыми еңбектерін жоғары деңгейде ынталандыру – университет басшылығының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта университетте импакт факторы жоғары журналдарда жарияланған мақалалар мен патенттер авторларын марапаттау үшін арнайы қаржылай ынталандыру жүйесі енгізілген.

Мысалы, 2020 жылы ғылыми жарияланымдарды ынталандыруға бөлінген қаражат көлемі 1,5 млн теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2021-2022 оқу жылында 9,7 млн теңгеге дейін ұлғайды. Ал 2022-2023 оқу жылында ынталандыру қаражаты 10 млн теңгеге жетті. Сонымен қатар, авторларға арналған ынталандыру қаражатының ең жоғары сомасы 900 000 теңгеге дейін арттырылды. Бұл қадам ғалымдар мен зерттеушілердің халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Университеттің медицина факультетінің PhD докторанты Ф.Саржановтың ғылыми жетістігі ынталандыру жүйесінің тиімділігін айқын көрсетеді. Оның «PLoS Neglected Tropical Diseases» журналының 93 процентиль көрсеткішіне ие мақаласы халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Осы еңбегі үшін университет тарапынан мақала жариялау шығындары ретінде 2420 АҚШ доллары төленді. Бұл – жас ғалымдарға қолдау көрсетудің жарқын мысалы. Университет «ОПҚ, қызметкерлер мен докторанттардың ғылыми жарияланымдарын ынталандыру бойынша ішкі грант» ережесіне сәйкес, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенділік танытатын ғалымдарды қолдау жүйесін жолға қойған. Бұл гранттар арқылы университет қызметкерлері өз зерттеулерін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік алуда. Сонымен қатар, гранттар ғылыми еңбектердің сапасын арттыруға, алдыңғы қатарлы журналдарда жариялануға бағытталған.

Университет ғалымдарының еңбектерін жариялауға қолдау көрсету мақсатында «Тұран» баспаханасының жұмысын жандандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүйеге келтірілді. Атап айтар болсақ, қабылданған шешімге сәйкес, университетіміздің ғалымдары дайындаған оқу құралы, оқулық, монография тағы басқа еңбектерін университеміздің есебінен басып шығаруға қолдау көрсетіледі. Мысал ретінде Тарих кафедрасының профессор м.а. М.Жолсейтованың «Қазақстанда халық-ағарту ісінің қалыптасуы мен даму тарихы» атты монографиясы «Тұран» баспаханасынан университет есебінен 100 дана шығару үшін шешім қабылданды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеулердің сапасын арттыру және докторанттардың дәр кезінде диссертацияларын қорғау үшін университеттің бұрын жұмыс істеп келген бірнеше ережелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Өткен жылғы ақпанда «Тұрақты даму» ғылыми-зерттеу орталығының регламенті дайындалып, Өкілетті Кеңеспен бекітілді. Сәуірде БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және Германия, Солтүстік Македония секілді елдердің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілерінің қатысуымен аталған Орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. БҰҰ тарапынан 2015 жылы  жарияланған Тұрақты даму мақсаттары бойынша университетте атқарылып жатқан үлкен жұмыстар бар, енді ол жұмыстар осы Орталық аясында жалғасатын  болады.

Университетімізде бірнеше жылдан бері коммерцияландыру офисі жұмыс істейді. Бұл бағытта біршама оң тәжірибелер  жалғасын тауып келеді. Осы коммерцияландыру гранты негізінде Экология ҒЗИ қызметкері, техн.ғ.д., профессор Г.Саинова «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» деген  жобаны орындаған. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, патенттелген заманауи өндірістік институт жанында цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Институт биогумус, азықтық қоспа өндіруде. ҒЗИ кейінгі үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі  жұмыстар жүргізіп келеді   Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының доцент м.а., PhD Н.Салыбекова  «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бағының базасында Оңтүстік Қазақстанның қуаңшылық жағдайында отырғызуға арналған сәндік дақылдардың бейімделгіш және стреске төзімді көгалдандыру материалдарын жеделдете өсіру» тақырыбындағы ғылыми жобаларын ойдағыдай сәтті аяқтады.

Ерекше атап өтер жайт, әлемдік жоғары оқу орындарының жыл сайын шығып отыратын рейтингтерінде алға жылжып, бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings рейтингінде бірден 45 позицияға алға жылжып, былтырғы 175-ші орыннан биыл 130-шы орынға көтерілдік. Сонымен қатар, QS World University Rankings by Subject рейтингіне ілініп, елеулі серпіліс жасадық. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде 362-ші орынды, «Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 201-250 аралығындағы позицияны, «Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 301-350 аралығындағы позицияны иелендік. Ал бірнеше күн алдын ғана нәтижесі жарияланған әлемдегі ең әрі ықпалды әлемдік университет рейтингісі – QS World University Rankings-те  алғаш рет ең үздік 1000 университет қатарына еніп, 701-750 аралығындағы позицияны иелендік. Әрине, бұл жетістіктер – жоғары білікті ұжымымыздың жылдар бойы жасаған еңбегінің  нәтижесі екені сөзсіз, дейді вице ректор бізбен сұхбатында. Түркістан облысы Қазақстанның экологиялық қолайсыз алты аймағының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді дала жағдайлары өсімдік ағзаларына әсер ететін қолайсыз факторлардың ерекше күрделі жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған орай, экологиялық ауыртпалықты азайту және өсімдіктерді көбейту жағдайын жақсарту мақсатында 1994 жылы университемізде ауданы 88 гектарды құрайтын ботаникалық бақ құрылды. Бүгінде Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған танымдық ғылыми орталық болып танылды. Бұл пікірді Қазақстан ғана емес, Ресей және Өзбекстан ботаниктері мақалаларында жазып, түрлі мінберлерден айтып та жүр.Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінгі таңда университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, коммерцияландыру жобасы аясында 26 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалды.Ботаникалық бақ базасында Ғылым қорының гранты есебінен 282 млн теңгеге ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ірі жоба іске қосылды, оның нәтижесінде Түркістан қаласының төңірегінде «жасыл белдеу» құрылатын болады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғылым мен білімді дамыту арқылы Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістікте өз орнын табуына ықпал етуде. Университет ұжымы ғылыми жарияланымдар мен патенттер санын арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді және жас зерттеушілерді қолдауды алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.

Университеттің ғылыми жетістіктері – бұл тек оқу орнының ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымының дамуындағы үлкен қадам. Отандық ғалымдардың беделді халықаралық басылымдарда жариялануы мен ғылыми идеяларын іс жүзінде жүзеге асыруы – еліміздегі білім беру саласының қарқынды даму көрсеткіші.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *