Түркістан қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту бағытында ауқымды өзгерістерді бастан өткеруде. Әлеуметтік саланы дамытуда қала әкімдігі тұрғындардың өмір сапасын арттыру мен туристер үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп келеді. Қоғамдық көлік жүйесінің жаңартылуы, инфрақұрылымның жақсаруы және абаттандыру жұмыстары – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірқатары. Қоғамдық көлік жүйесі – кез келген қаланың әлеуметтік саласының маңызды бөлігі. Түркістан қаласында тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін 21 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Бұл бағыттарды 2 тасымалдаушы мекеме қамтамасыз етіп, 210 автобус пен шағын автобустар арқылы қызмет көрсетеді.
Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін, қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соңғы жылдары қалаға 86 жаңа автобус алынып, олардың сапасы мен сыйымдылығы жоғары деңгейге жеткізілді. 2023 жылы тасымалдаушы мекемелердің есебінен тағы 46 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа №16 бағыт іске қосылып, бұрынғы №4, 4а, 2а, 9 және 9а бағыттардағы шағын автобустар кең әрі сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстырылды. Бұл шаралар қала тұрғындарына қолжетімді әрі жайлы көлік қызметін ұсынуға мүмкіндік берді.
Түркістан қаласының инфрақұрылымын жетілдіру мен абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қаланың жаңа статусына сәйкес, әлеуметтік нысандар, демалыс орындары және көлік жүйесі жан-жақты дамуда. Туристік тартымдылықты арттыру үшін қаланың көшелері, қоғамдық орындары мен саябақтары заманауи талаптарға сай абаттандырылуда. Түркістанның әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын жетілдіру арқылы, қала тек тұрғындар үшін ғана емес, сонымен қатар, жыл сайын келетін туристер үшін де тартымды әрі жайлы орынға айналуда. Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 млрд теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде.
Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 млрд теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде туризмді дамыту – инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты екенедігін жиі айтады. Елімізде миллиондаған адам демалыстарында отандық және шетелдік демалыс орындарына барады.
Туристік инфрақұрылым туризмді дамытуға мүмкіндік береді, сондықтан қалаға келетін туристер өздерін жайлы сезінетіндей жағдай жасау керек. Осы бағытта қаламыздың көркеюі, гүлденуі шаһардың абаттануы үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленгені анық. Қаланы абаттандыру мақсатында бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Қалалық инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Биылғы жылы жалпы 42 нысанға абаттандыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 3 нысан - саябақ, 25 нысан ойын алаңшалары, 12 нысан жалпы абаттандыру, 2 нысан бойынша ирргигациялық жұмыстардың құрылысы жүруде. Сонымен қатар, электр-жарықтандыру бағытында біршама жұмыстар жасалған.
«Қала көлемінде1 446,7 шақырым электр желісі бар. Түркістан қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту деңгейі 84,9%, болашақта 98,5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Жалпы шаһар аумағында 42014 абонент электр жүйесімен қамтылған, оның ішінде 35669 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. Яғни, орташа тұтыну деңгейі 36 МВт/сағ.
«Қаладағы электр желілерінің басым бөлігі ескі, ашық, алюмин сымдарман жабдықталған. Қолайсыз ауа райында қатты жел болғанда бір-бірімен айқасып, жиі үзіліп, әрі шығын (потеря) көп болатын тиімсіз жүйе. Қазір оны изоляцияланған жабық типтігі СИП (самонесущий изолированный провод) кабельге алмастырып жатырмыз. Ол біріншіден тиімді, электр тогының жоғалуын тежейді, екіншіден апатты жағдайда қауіпсіз. Әрі қаланың сәулетіне нұқсан келмесі үшін, жер асты кабельдеріне де алмастырып жатырмыз. Сонымен қатар, жекеменшік трансформаторларды жойып, стандартқа сай жаңа трансформаторлар орнаттық. Бір трансформаторға 100 үйге арналған болса, 150 үй «мінгесіп» алған жағдайлар болды. Оларды нормативке лайықтап, тиісінше бөліп жатырмыз, жабық жағдайдағ тнсформаторлар қойылуда.
Электр энергиясын жаңғырту бағдарламасы аясында, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан соңғы 3 жылда 39 дана трансформатор, 32,33 шақырым электр желісі мен 1002 дана электр бағанасы орнатылған»,- дейді мекеме басшысы бізбен әңгімесінде. Міне, біз атап өткен дүниелердің барлығы инженерлік-инфрақұрылым саласына қатысты болғанымен халықтың тұрмысына ыңғайлы жағдай жасау келген туристердің еркін жүріп-тұруына аталмыш жобалар маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Осы ретте Түркістан қаласының аумағында әлі де қолға алынып, атқарылатын жұмыстар легі аз емес. Ол жөнінде алдағы уақытта оқырман назарына ақпараттарымызды ұсынатын боламыз, -дейді бөлім басшысы. «Жайлы қала» қағидаты Түркістанды дамыту стратегиясының негізінде жатыр. Қаланың көлік қызметтерін жетілдірумен қатар, басқа да әлеуметтік салаларда маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Қоғамдық орындардың қолжетімділігі, демалыс орындарының кеңеюі, мәдени-рухани нысандардың ашылуы – мұның бәрі қаланы заманауи талаптарға сай етіп, тұрғындар мен қонақтарға жайлы орта ұсынуды көздейді.
Түркістан – тек тарихи және мәдени орталық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік тұрмыс пен туристік тартымдылық тұрғысынан дамыған заманауи қала. Қаланың көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық қызметтерінің жетілуі, абаттандыру жұмыстары Түркістанның еліміздегі ең жайлы қалалардың бірі болуына жол ашуда. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын тауып, қала тұрғындары мен туристер үшін одан әрі жайлы орта қалыптастырары сөзсіз.