Киелі қала Түркістанның руханият ошағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында Түркістан облысы әкімдігінің, «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының тікелей қолдауымен, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай Қазақстанның Халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері, Алаш айтысының аяулы анасы Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығы мен Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын, композитор Әбдікерім Манаповтың 70 жылдығына арналған «Түркінің төрі — Түркістан» атты республикалық жас ақындар айтысы болып өтті.
Ұлттық өнеріміздің дүбірлі додасына Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарынан және Астана, Шымкент қалаларынан он екі жүйрік қатысып сахна сәнін келтірді, қазақ айтысының ел есіндегі қос ақтаңгерінің мерейтойына жыр жолдарынан түйдек-түйдек шашу шашты. Аламанда бақ сынасқан кіл жүйріктерді сараптаған қазылар алқасына қазақ айтысының мақтанышы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков төрағалық етті. Сондай-ақ, «Әлем ақыны» номинациясының иегері, жыр жампозы Бөрібай Оразымбетов, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Өміржан Көпбосынов сынды айтыс өнерінің айбоздары тартысты өткен өнер бәйгесіне қазылық етті. Аламан айтысқа Бекмұрат Анарбаев сарапшы болды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Аманат» партиясы Түркістан облысы филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жарысты сәтті күтіп, кермеде тықыршыған жүйріктерге сәттілік тіледі.
Таңертең басталып, түс ауа біткен жыр додасы тартысты өтті. Сайысқа қатысқан ақындарымыз жастығына қарамай, мәдениетті, салиқалы, сымбатты айтыстың үлгісін көрсетті. Ұлтымыздың рухани мұрасы, жәдігерлеріміздің жауһары, тұлғаларымыздың өнегесі, еліміздің мүдде-мақсаты жырға өзек болды. Жарасымды қазақы қалжыңдармен әдіптеліп, тыңдарманның көңіл қошын көтерді.

Бірінші кезеңде он екі ақын алты жұп болып өнер көрсетсе, екінші кезеңге төрт ақын жолдама алды. Атап айтқанда, Түркістан облысынан Аян Ниязбек, Ақтөбе облысынан Арай Нұратдин, екінші жұпта финалдық кезеңде астаналық Мұхтар Қонарбай мен түркістандық Ахмет- Расул Баянбай сөз сайысына шығып, әділ қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен асылдың сынығы, жақсының көзі, Әселхан анамыздың өзі «әу» баста бесігінде бесік жырымен ғана емес, жырдың уызына да қандырған немересі, Түркістан қаласындағы «Өнер мектебі» ақындар сыныбының мұғалімі Ахмедрасул Баянбай бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды астаналық Мұхтар Қонарбай, екінші орындарды түркістандық Аян Ниязбек және ақтөбелік Арай Нұратдин иеленді. Жүлделі үшінші орынға қарағандылық Нұрмұхаммед Байсүгіров пен түркістандық Нұрмахан Жақыпбек ие болды. Сахна төрінен қазақ айтысының ақтаңгерлері Әселхан Қалыбекова мен Әбдікерім Манаповтың тұлғалық сипатын паш еткен жауһар жырлардың кейбір сәттерінен үзінді келтіріп өтсек:
Тұлғалар жеңем демей кімді қалай,
Қап кетті биігінде құлдырамай.
Ақын Манап Көкенов айтысқанда,
Қоғамды дертін білген сұңғыладай.
Бір өзі бір театр атанғанын,
Көнекөз қарттарымнан білдік оңай.
Әбдікерім Манапов соның ұлы,
Жаны тыным таппайтын жыр құрамай.
Йассауи атындағы мұражайда,
12 жыл қызмет қып жүрді ұзамай.
Қазақтың 100 аңызын жинастырып,
Халқының керегіне тұрды жарай.
Қалдырды 300 өлең, 60 әнін,
Тербетіп жүректегі мұңды қажай.
Атамыз ажалы кеп жеткенінше,
Мұражайдан бір қарыс жылжымады-ай.
Қысқасын айтар болсам бұл қазаққа,
Төккендей көктегі ай мен жұлдыз арай.
Манап ақын бір өзі бір театр,
Әбдікерім бір өзі бір мұражай.
Ілесіп дүние дейтін дүрмекпенен,
Кім келіп бұл жалғанға кім кетпеген.
Тұманбай Молдағали заманында,
Төл өнерді ардақтап, құрметтеген.
Айтыстың туы қазір оңтүстікте,
Әселханның қолында тұр деп кеген.
Сол туды биік ұстап Әсел апам,
Құлатпауды өзіне міндеттеген.
Сахнада қарсыласты шақ келтірмей,
Маңдайдан бақ, таңдайдан жыр кетпеген.
Маржан, Анар, Ақмарал, Каримадай,
Артында сіңлілері гүл көктеген.
Айтыстың арыстаны Бекарысты,
Бұл күнде ақын жоқ-ау үлгі етпеген.
Осындай шәкірттері бас боп жүрсе,
Еңбегі Әселханның құр кетпеген.
Атыңнан айналайын Әсел апам,
Алыптығыңды айтуға тіл жетпеген.
Айтыстың ақ жалауын биік ұстап,
Аналық жаулығындай кірлетпеген.
Бұл — өзіміздің түркістандық Нұрдәулет Өмірбектің төгілткен жыр жолдары. Жүйріктер сайысында бірінші жүлделі орынды иемденген астаналық Мұхтар Қонарбай Әбдікерім ақынның қайырымдылық қырларынан сыр шерткен шумақтары да көрерменін қуанышқа бөледі:
Ешкім кеп қақпасада арқасынан
Батыраштың сақтанған балтасынан
Әбдікерім көкеміз басшы болып
Өмірдің өткен талай тау тасынан
Мәдениетті басқарып жүрген шақта
Бұйрық кепті басшылар алқасынан
Мәдениет үйін жапсын деген екен
Біз қарсы боламыз деп жалпы осыған
Әбдікерім атамыз міне сонда
Қызметін тастамай ортасынан
Бір жыл бойы 120 қызметкерге
Өзі айлық төлепті қалтасынан
Мәдениет үйін солай жаптырмапты
Риза бопты Түркістан халқы осыған
Қорықпай мынадан да анадан да
Жыртығын мәдениеттің жамағанда
Өзі алты миллион қарыз бопты
Үзбей айлық берем деп әр адамға
Халқына жалмен жая ұсыныпты
Шүкірлік етіп жүріп қара нанға
Қарызданып жүрсе де елін ойлап
Алғыс алған қарттан да баладан да
Мәдениетті көтерген Әбдікерім
Бабамыз үлгі болсын бар адамға
Қысқасы ол ешкімге қарыз емес
Қайта біз қарыздармыз сол адамға

«Бір сөзбен айтқанда, жас ақындар айтыс өнерінің әдемі үлгісін көрсете білді. Тапқыр ой, ұтымды әзілмен көрерменді сүйсіндірген сәттер есте қалды». Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің «Халықаралық одағымен» бірлесіп өткізілген республикалық жас ақындар айтысында көзге түскен жүйріктер алдағы үлкен аламан айтыстарға жолдама алды. Қазақ айтысының қос бәйтерегі Әселхан Қалыбекова мен Әбдікерім Манаповтың текті өнерімізде қалдырған өнегелі іздері, биік парасаты мен өжеттілігі, биік абыройлары кеңінен жырланып, жас ақын, жас буын, жас шәкірттер өлеңнен өрнек тоқыды. Таңертең басталып, екінтіге дейін жалғасып, қалың көрерменнің көңілінен шыққан айтысты «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің» халықаралық одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Қ Р мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев шеберлікпен жүргізіп, жыр жәрмеңкесінің тартымды да тартысты өтуіне ұйтқы болды.

«Айтыс ақындары мен жыршы- термешілердің халықаралық Одағы «Аманат» партиясымен бірлесе отырып екі жылға жуық 2024 жылдың наурыз айынан бастап республикалық командалық айтысты қолға алғаны баршаға аян. 17 облыс, үш мегаполис қала, 20 аймақ өзара сынға түскен болатын. Бекарыс Шойбеков пен Тұрар Тлеулиев бастаған Түркістан облысының командасы да осы жиырма аймақ арасында өткен командалық айтысқа қатысып, бақ сынасқан еді. Бірінші айналымда Жамбыл облысының командасын жеңген түркістандықтар екінші айналымда Қостанай қаласына барып, Қостанай облысының командасын жеңген болатын. Үшінші айналымда 2025 жылдың мамыр айының үшінші жұлдызында Астана қаласында өткізілген жартылай финалда түркістандықтар Ақтөбе облысының командасын жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алған еді. Ақтық кезең 2025 жылдың шілде айында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында, толқыны буырқанған Каспий теңізінің жағасында өткен болатын. Бұл додалы сайыста Түркістан облысы мен Қарағанды облысының командалары арасындағы өзара бәсеке нәтижесінде екі команданың да ұпайлары теңдей түсіп, жеңімпаз атанды. Араға жылдар салып қайта оралған республикалық командалық айтыста айтыстың ақтангері Бекарыс Шойбеков бастаған команда жеңіс туын желбіретіп ел абыройын асқақтатты. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ақтауда өткен аламан айтыста жеңімпаз атанған түркістандықтар командасына арнайы «Алғыс хаттар» мен демеушілер есебінен 500000 теңгенің сертификатын тағайындаған болатын. Республикалық жас ақындар айтысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бастаған азаматтар арнайы келіп, жоғарыда аталған марапаттарды табыс етті. Командалық айтыс мұнымен шектелмек емес. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Республикалық жас ақындар айтысы-на Солтүстік Қазақстаннан Хавдолла Бейісхан, Алматы облысынан Шынарбек Тұрсын, Астана қаласынан Мұхтар Қонарбаев, Шымкент қаласынан Нұрғали Әнапия, Қарағанды облысынан Нұрмұ-хаммед Байсүгіров және Ақтөбе облысы-нан жалғыз ару қызымыз Арай Нұратдин алыстан ат терлетіп келді. Түркістан облысынан Шахмардан Бекарысұлы, Аян Ниязбек, Нұрмахан Жақыпбек, Нұрдәулет Өмірбек, Ахмет-Расул Баянбай, Исламхан Мұхамедхан қатысып, сөз маржанынан түйін түйді.
Бұл күнгі айтыстың тағы бір сүйсінерлік тұсы, түркістандық көрермен қауымның бірнеше сағатқа созылған айтысты тапжылмай көріп, қошемет-қолдау көрсетуі. Қиқу шықса делебесі қозатын ақындардың шабытына шабыт қосқан тұрақты көрермендер қатарында қаламыздағы «Белсенді өмір сүру» орталықтарының қарқарадай кимешектері менмұндалаған әже- апаларымыз Шолпан Зияева, Бибіхан Наурызбаева айтыстан алған әсерлерімен бөлісті. «Аян Ниязбектің тақырыпты ашуы, нақты сөйлеуі ұнады. Бекарыстың ұлы Шахмардан да әкесіне тартып желкілдеп өсіп келе жатыр екен. Нұрдәулеттің киім киісі, даусы, мінезі, мәдениеті ғажап. «Арпа ішіндегі бір бидай» Ақтөбеден келген Арай Нұратдиннің мақамы қызымыз Айнұр апасы сияқты әдемі. Таңғы сағат тоғызда келгеннен риза болып тамашалап отырмыз» — дейді көрермендеріміз.

Қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков қорытынды сөзінде: «Бұл жастар елдің үмітін ақтап жүрген жастар. Осы жердің өзінде «Алтын домбыра» сайысына қатысып жүрген ақындар бар. Осыдан үш жыл бұрын жас ақындар айтысын өткізіп, абыз ақсақалдарымыз ақ батасын берген кезде осы жастардың биік белесті бағындыратынына сенген едік. Сенімді ақтап келе жатыр. Екі жылға созылған айтыстың нәтижесін жаңа өздеріңіз көрдіңіздер. Осыдан екі жыл бұрын біздің жас ақындарымыз республикалық «Асыл домбыра» айтысында бірінші орын алған болатын. Ол да алты айға созылған үлкен аламан еді. Бүгінгі айтыстың мақсаты да бәйгеден озып келер жүйріктерді дайындау. Ол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Айтысымызды тапжылмай көрген адал көрерменге алғысымыз шексіз» — деді қазақ айтысының мақтанышы, жас ақындардың бапкері.
Аламанға қатысып, бақ сынаған барлық айтыскерге құрмет көрсетіліп, «Алғыс хаттар» мен ақшалай сертификаттар тапсырылды. Айтыс әлемінде айшықты іздері бар Қажымұқан Абзал, Ержан Жақып, Дәурен Ақсақалов жас айтыскерлердің қуанышына ортақтаса келіпті. Айтысқа Әбдікерім Манаповтың ұлы, «Егемен Қазақстан» газеті жауапты хатшысының орынбасары, «Alash» cпорт, өнер және білім орталығының директоры Алмас Манап Астанадан келіп қатысып, асыл әке, шашасына шаң жұқтырмас жыр жампозының құрметіне өткен сайыстың куәгері болды. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырған халқына, ел ағаларына, Түркістан жұртшылығына де-ген ризашылығын жанарынан сезгендей тебіреністі күйде болдым. «Құрдасым» деп әзіліміз жарасқан күндерді, Әбді-керім досымды мен де сағынған екенмін. Жандары жәннатта болсын, қазақ айты-сының мақтаныштары Әселхан апамыз бен Әбдікерімдей қос тұлға! Елі ерлерін ешқашан ұмытпақ емес! Алмас Манап өз ойын былайша сабақтады:
— «Айтыс мен күткеннен де әлдеқайда жақсы өтті деуге болады. Мұндай айтыс Түркістанға халық үшін де керек. Айтысқа қатысқан жігіттер мен қыздар Бекарыс ағаларының ізін басып келе жатқанын дәлелдеп шықты. Жалпы маған айтыскерлердің бәрі ұнады. 17 жастағы ақтөбелік Арай қарындасымыздың айтыстан екінші орын алуы тегін емес. Әселхан апамыздың немересі Ахмет-Расул Баянбай шын жүйрік екенін көрсетті. Мұхтар Қонарбай ағасына, бауырына жолын беріп, қалыптасып, жалғасып келе жатқан қазақи дәстүрдің үлгісін көрсетті. Сондай- ақ, Мұхтар ақын Әбекеңнің кезінде Мәдениет үйін жаптырмай алып қаламыз деп, 120 адамға айлық бергенін жырға қосты. Жұртқа айлық беру үшін алты миллион қарызға кіріп, сонау 1997 жылдардан 2005- ші жылға дейін төлеп келгенін айтты. Әбекең халыққа емес, біз Әбекеңе қарыздармыз деген ұтымды теңеулер келтірді. Қарағандылық Мұхаммед Байсүгіров те дайындығы сәл аздау болды демесеңіз, қарсыласына Әбдікерім Манаповтың әніне салып айтысуы, тілек айтуы көңілімізге жылы әсер қалдырды. Түркістандық Аян Ниязбектің анамызды орнынан тұрғызып, көпке таныстырып, әкеміздің жары деп құрметтегені өзімізге ұнады. Нұрмахан Жақыпбектің қос тұлғаға арнауы сәтті шықты. Шахмардан, Бекарыс ағамның ұлы, жасы үлкен Нұрғали ағасымен терезесі тең адамдай айтысты. Жақсы айтыстың үлгісін көрсетті» — деген еді.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын көрермендер арасынан да пікірін білдіруші қауым көптеп кездесті.
— «Бүгін ерекше көзге түскен ақындар болды. Атап айтқанда, ақтөбелік жас қызымыз Арай Нұратдин екінші орын иеленіп отыр. Ерекше көзге түскен, әрине, Ахмет-Расул Баянбай бас жүлдеге лайықты ие болды. Айтыс — сөз барымтасы. Сондықтан, осындай қазақтың шешендігі мен әдемі сөздің мәйегін алып жүрген жастарымызға Алла серпін берсін. Мен өзім қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Абдолла Үсенов атындағы мектепте ұстаздық еттім. Еркебұлан Қайназаров деген айтыскер ақынның ұстазымын» — дейді ардагер Гүлсара Қияқова.
Ардагер ұстаз айтса айтқандай, түркі-нің төрі Түркістанда ұлттық өнеріміздің символы — айтыс туы желбірей берсін!
