Түркістандық Гүлжауһар ұстаз – мектеп жүрегі

Түркістан қаласындағы «Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектеп»коммуналдық мемлекеттік мекемесі Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжауһар Ерденова Жетпісбайқызы. Гүлжауһар апай 1971 жылдың 25 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келген. №1 Абай атындағы орта мектепті бітіріп, 1992-1996 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі мамандығының үздік дипломын алған. Еңбек жолын 1996 жылдың тамыз айында Түркістан қаласы №13 Ә.Науаи атындағы орта мектебінде мамандығы бойынша қызметі атқарып, 2001 жылы Ақтау қаласында университет жанынан ашылған колледждің әдіскері, 2007 жылдың тамыз айынан бастап, Ясауи колледжінде гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, 2012 жылы №22 жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап осы аталған мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

«Ұстаз – мектеп жүрегі» деген салиқалы сөз бекерге айтылмаған. Әр бала ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен өзінің алғашқы мұғалімі кім екенін, қандай екенін бала көзімен бағалап, ең жақын адамындай жақсы көріп суреттеп айтып келеді. Осының өзі мұғалім үшін бір ғанибет көрініс. Мұғалім өз алдына келген әр үйдің бір-бір еркесін басынан сипап, өз аузынан шыққан сөздің олар үшін үлкен заңдылық екеніне, оны орындау керектігіне өз шеберлігімен иландыра біледі. Өз шеберлігі мен білімін ұштастырып жүрген Гүлжауһар Ерденовада ұстаздық ынтымақтасқан ортада бірлескен жұмыс істейтін іскер басшы әрі инновациялық басқаруды меңгерген білікті маман. Жұмыс барысында бойынан қайсарлық пен сезімталдық, өжеттілік пен кеңпейілділік байқалады. Ұжымда, оқушылар арасында өзінің парасаттылығымен, білімділігімен беделге ие ұстаз. Ұлағатты ұстаздық жолында әрбір шәкірттерінің жүрегіне жол табуға әріптестерін жетелей білетін көшбасшы.

Білікті маман Гүлжауһар Жетпісбайқызы жеткен жетістіктері мемлекет тарапынан бағаланып, көптеген марапаттауларға ие болған ұстаз. Озық тәжірибесінің арқасында облыстық «Білім үздігі»-2017 , «Білім шыңы»-2020, «Ең үздік мұғалім – 2021» төс белгісімен, республикалық «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар, облыстық «Үздік мұғалімдер» кітабына енген. «Daryn.online» білім беру платформасы мен «Qaztest.kz» олимпиада сайты бірлесіп өткізген І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының І дәрежелі дипломын алып, өзінің білімді оқушыларымен бірлесе бірнеше халықаралық, облыстық жарыстардың иегерлері атанған. Ұстазымыз сондай-ақ, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің алғыс хатымен, Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімінің мақтау қағаздарымен, қала әкімінің мадақтамаларымен, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстазымыз білім жолымен қатар, қолына қаламда алып облыстық, республикалық мамандырылған журналдар бетіне материалдарын жариялаған.

Ұстаздық- киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық. Ұстаз — бала болмысына өзгеріс енгізуші,оған бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «Ұстаз…жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын…алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер- білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысты ардақтайтын, жақындарына да, жан адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болу керек» деген екен. Әйтсе де, дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, мектептен үлкен өмірге қанат қақтыру-ең қиын іс. Бала жанының бағбаны — ұстаз атану — қиынның қиыны!»Болашақ-білімді жастардың қолында!» . Яғни, біздің болашағымыз,келешегіміздің нұрлы бола түсуі өз қолымызда. Ал,осы нұрлы болашақты құру жолында әркез жастарға жол көрсетіп, көмек қолын созатын, үлгі бола алатын бірден бір тұлға-ұстаз. Мектепті — білімнің тірегі десек, ал тәрбиеші мен мұғалім — сол мектептің жүрегі, яғни бұл мамандық иелерінің қолында адам тағдыры, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұр. Негізі, ұстаз болу оңай шаруа емес. Әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу әр адамның қолынан келе бермейтін дүние. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен іс. Жалпы, ұлағатты ұстаз атанған жандар біздің заманымызда да, өткен ғасырларда да аз болмаған. Олар сонау Батыстағы Аристотельден бастап, шығыстағы Конфуцийге дейін жалғасып жатыр. Ал, сол батыс пен шығысты жалғастырып тұрған, Азияның кіндігінде орналасқан қасиетті қазақ жерінде дүниеге келген, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидай алыбымызбен күллі түркі xалқы мақтана алады. Кейінірек XX ғасырда ұлағатты ұстаз, әл-Фарабидай асылдың сынығы ретінде Аxмет Байтұрсынұлын айта аламыз. Ол кісі қазақ xалқының сана-сезіміне білім нұрын құю мақсатында, қазақ тілінің жалпы тіл ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты, талмай еңбек етті.

Ұстаз! Қандай қасиетті сөз. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — Ұстаз. Ұстаз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.

 

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *