Түркістанда соңғы жылдары спорт саласында, әсіресе футболда үлкен серпін байқалып жатқаны жасырын емес. Жасөспірімдерден бастап, ересектерге дейін жасыл алаңда доп теуіп жатқанын жиі байқаймыз.
Құрылғанына көп бола қоймаған «Turkistan» футбол клубы бүгінде аз уақыт ішінде аймақ футболының мақтанышына айналып үлгерді. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген халық даналығының мәнін жас спортшылар дәлелдеп келеді. Олар жанкешті жаттығулардың арқасында республикалық жарыстарда үздік шығып, Түркістанның атын асқақтатуда.
Бұл жетістіктердің артында қажырлы еңбек пен дұрыс ұйымдастыру бар екені сөзсіз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, жасалған игі іс, бағындырылған белес ел есінде қалады. Осыған орай біз «Turkistan» футбол клубының директоры, шаһарда футболдың дамуына үлес қосып жүрген азамат Жанбота Жұпарбекұлымен сұхбаттасып, клубтың құрылу тарихы мен бүгіні және алдағы жоспарлары жайында әңгімелестік.

– Жанбота Жұпарбекұлы, ең алдымен, клубтың құрылу тарихынан бастасақ. «Яссы» футбол клубы қалай дүниеге келді?
– Түркістан – тарихы терең, мәдениеті бай қала. Осындай қасиетті мекенде футбол клубының құрылуы заңдылық деп ойлаймын. 2021 жылдың шілде айында Түркістан қаласы әкімдігінің Спортты дамыту бөлімінің бастамасымен «Яссы» футбол клубы ресми түрде ашылды. Бұл – тек қана бір команданы емес, тұтас бір жаңа дәуірді бастау болды. Өйткені, Түркістанның футболға деген ықыласы әрдайым зор. Ал 2023 жылдың 7 наурызындағы №80 қаулыға сәйкес біз қайта тіркеліп, «Turkistan» футбол клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі деген ресми атауға ие болдық. Бұл – клубтың құрылымын күшейтіп, кәсіби деңгейге көтерілуіне үлкен серпін берді.
– Құрылғалы бері қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Жаңа құрылған ұжымның алғашқы табыстары көп күттірген жоқ. 2021 жылдың қорытындысы бойынша біздің құрама команда Қазақстан Республикасы чемпионатының 2-лигасында өнер көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Бұл жеңіс – тек спортшылардың емес, күллі Түркістан жанкүйерлерінің қуанышы еді. Соның арқасында бізге 1-лигада ойнауға жол ашылды. Әрине, бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктеді.
– 2022 жылдағы өзгерістер туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, 2022 жыл біз үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. Қазақстанның кәсіпқой футбол федерациясының регламентіне сәйкес біз бір емес, бірден төрт жастар командасын құрдық. Бұл – балаларға ерте жастан кәсіби футболдың дәмін татуға мүмкіндік берді. Сол жылы жасақталған командаларымыз Қазақстан чемпионатына қатысып, тәжірибесін шыңдады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Кубогына жолдама алдық. Бұл жетістік бізге алдағы жылдарға деген үлкен сенім сыйлады.
– Ал 2023 жылы жастар мен жасөспірімдерден құралған командалардың нәтижесі қандай болды?
– Жастарға жол ашпай футболдың болашағы жоқ. Сол себепті біз 2005–2007, 2007, 2008, 2009 жылы туған балалардан төрт топ құрдық. Олар республика чемпионатында бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе, 2008 және 2009 жылғы жасөспірімдеріміз 19 команданың ішінде 4-орынға тұрақтап, Қазақстан Республикасының Кубогына жолдама алды. Бұл – олардың талантының айғағы. Кейіннен 2009 жылғы жасөспірімдер Кубокта тағы да ІV орынды иеленді. Әрине, бұл жеңіс емес деуге болар, бірақ біздің үшінші жылда қол жеткізген осындай тұрақты нәтиже – алға басудың айқын белгісі.

– 2024 жыл клуб үшін ерекше табысты болған сияқты?
– Дәл солай! Бұл жыл біз үшін тарихи жыл болды. 2009 жылы туған жасөспірімдерден құралған команда Қазақстан чемпионатының Екінші жасөспірімдер лигасында өнер көрсетті. Сәуір айынан бастап төрт айналымға қатысып, әр ойында жеңіске деген жігерін көрсетті. Біріншіліктің қорытындысы бойынша үздік төрттікке еніп, финалға жолдама алды. Ал тамыз айының 11–16 күндері Көкшетау қаласында өткен шешуші ойындарда біздің балаларымыз «Жеңіс» пен «Жетісу» секілді мықты қарсыластарын тізе бүктіріп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Бұл – Түркістан футболы тарихында алтын әріппен жазылатын жеңіс. Шыны керек, сол сәтте тек балалар ғана емес, бапкерлер, жанкүйерлер, барша қала тұрғындары қуаныштан көз жасына ерік берді.
– Негізгі құрамның қазіргі жағдайына тоқталсақ. 2025 жылдың қорытындысы қандай?
– Биылғы жыл біз үшін сынаққа толы болды. Жеті айдың ішінде негізгі құрам екі оқу-жаттығу жиынын өткізді, жолдастық кездесулер ұйымдастырды. Сонымен қатар, Алматыда өткен Қазақстан Республикасының Кубогына қатыстық. Ал 1-лига ойындары 9 сәуірде басталды. Бүгінгі күнге дейін 15 матч өткізіп, 5 ұпаймен 14-орында тұрмыз. Әрине, бұл нәтиже көңіл қуантарлық емес, бірақ біз мұны уақытша құбылыс деп білеміз. Өйткені команда жас, тәжірибесі аз. Ал тәжірибе – тек ойын арқылы келеді. Біз алдағы турларда жағдайды жақсартуға бар күшімізді саламыз.
– Жастар мен жасөспірімдер командаларының жағдайы қалай?
– Жастар – біздің болашағымыз. Сол себепті біз олардың дайындық процесіне ерекше көңіл бөлеміз. Клуб жанындағы үш дайындық тобы Сайрам ауданында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Қазіргі таңда төрт жас ерекшелігіне қарай құрылған топ Қазақстан чемпионатына қатысуда. 2011 жылы туған жасөспірімдер 4 айналымнан кейін 11 ұпаймен 13-орында. Бұл балалар үшін жақсы тәжірибе.
2009 жылғы жастарымыз 3 айналым ойнап, 12 ұпай жинап, 10-орында келеді.
2010 жылғы жасөспірімдер командасы 2 айналымнан кейін 13 ұпай еншілеп, 6-орында тұр.
Ал 2007–2008 жылғы жастар алғашқы айналымда 3 ұпай ғана алып, 8-орында болғанымен, олардың ойынында жігер бар. Қазір солардың кезекті айналымы Түркістан қаласында өтіп жатыр. Бұл – өз алаңында ойнап, жеңіс қуанышына бөленуге үлкен мүмкіндік.

– Яғни, нәтиже бар, бірақ жұмыс әлі де көп екені байқалады ғой.
– Дұрыс айтасыз. Біз үшін ең бастысы – жас буынға футболдың дәмін татқызып, оларды тәрбиелеу. Жеңіс бір күнде келмейді. Ол жылдар бойы төгілген тердің, қажымас еңбектің жемісі. Біздің мақсатымыз – Түркістан футболын тек республика көлемінде ғана емес, болашақта халықаралық деңгейде де таныту. Оған бізде күш те, сенім де бар.
Футбол – жай ғана ойын емес, ол – тәрбие, ол – бірлікке шақыратын ұлы мектеп. Түркістандағы «Turkistan» футбол клубының қысқа мерзімде қол жеткізген жетістіктері – осының айқын дәлелі. Бүгінгі жасөспірімдер ертеңгі күні ел намысын қорғайтын нағыз спорт жұлдыздарына айналары сөзсіз. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дегендей, олар тек күш-қуатымен ғана емес, ұйымшылдығы, табандылығы арқылы жеңіс шыңына өрмелеуде.
Алға қойған мақсат — Түркістан футболын республика деңгейінде танытып қана қоймай, халықаралық аренаға шығару екені даусыз. Бұл жолда жас спортшыларға артылар сенім де, жауапкершілік те зор. Демек, жанкүйердің қолдауы мен спортшылардың қажырлы еңбегі тоғысқанда, Түркістан футболының жаңа дәуірі басталады деп сеніммен айтуға әбден болады.
Сұхбаттасқан Дәурен ТІЛЕУХАН.
