ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН АЗАМАТ

 

Әр адам — бір тағдыр! Әрбір адамның өмірі — өзіне лайық мазмұны, қуанышы мен қиындығы бар бір тарих. Киелі Түркістан қаласында тұратын осындай өз өмір тарихы бар, дәстүр-салты қалыптасқан өнегелі отбасы иесі, бақытын адал еңбектен тапқан, көне шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір азамат бар. Сөзі де, өзі де жігерлі, алпыстың асқарына аяқ басқан Амет Жунайұлы Атаханов Түркістан қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Макаренко мектебінде білім алып, мамандық таңдау жолында Өзбекстандағы Янгиюул ет және тамақ өнімдері техникумын бітіріп, еңбекке араласқан жас Амет Кеңес Одағы тарағанға дейін «Коопторг» мекемесінде қасапшы болып жұмыс істеп жүрген мамандардың бірі болатын.

Одақ тарап, ел-жұрт күнкөріс қамымен шартарапқа кетіп жатқан тұста ол да «Қуаныш» базарында сауда жолын бастаған. Алғашқыда сауданың әр саласын байқап көріп, ақырында киім-кешек сатудан ісі алға басқан соң, «Сахиб» дүкенін ашып, осы салаға түбегейлі бет бұрған. Еңбегі еш кетпеді. Әрекетіне Алла берекет берді. Қазіргі таңда Түркістан халқының сұраныспен пайдаланатын тауарларын Түркиядан, Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан өзі тасымалдайды. Киімдерінің сапасы жақсы. Негізінен, көтерме бағамен сатады. Күнделікті саудадан бөлек, көрші облыстардан, басқа қалалардан арнайы келіп, қомақты сауда жасайтын тұрақты тұтынушылары бар.

— «Бұрынғы мамандығыма келсек, «Коопторгта» мал сойғанмын. Базарға, «Аптека», ТГЖД аумағына, аудандарға мал сойып тарататынбыз. 1992 жылдары саудаға шықтым. Бұрынғы Одақ ыдырап, қоғам өзгеріп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заманда әркім өз қамын жасап кеткені өзіңізге де белгілі. Әуелде сатпаған нәрсем жоқ. Пиала, аяқ киім саттым. Нәски саттық. Одеколон, сағат саттық. Ақырында осы киімге келіп тоқтадық. Киім сатумен айналысқанымның өзіне 25 жыл болды. Ер адамдардың костюм-шалбары, қысқы, күзгі сырт киімдер сатумен айналысамыз. Жаңа оқу жылының басталуына орай ер балалардың мектеп формасын әкеліп жатырмыз», — деп сыр бөлісті бізбен жеке кәсіпкер.

— «Базардың бастығы марқұм Ғаппар ағай халықтың жайын ойлайтын адам еді. Базардағы адамдардың жағдайын жасайтын. Жауын болса, қар жауса, ешқандай қиыншылық көрген емеспіз. Ол кісінің қызы Инара ханым да әке жолымен келе жатыр. Заман ағымына қарай жағдайымыз тіпті жақсарды. Тәртіп күшейді. Халықтың мәдениеті артты. Қазір базардың ішінде «мас» адам көрмейсіз. Ұры жоқ. Барлық жақта бейнекамера. Адамдар кез-келген жерде темекі шекпейді. Жасыратыны жоқ, бұрын «қалта ұрылары» болатын еді. Қазір ештеңеден қорықпай жайбарақат жүретін болдық. Барлық жаққа күзет қойылған. Біздің Түркістанымыз мұндай болады деп кім ойлаған!? Жан-жағымызға қарасақ көз тоймайды. Қазіргі басшымыз Инара Әбдіғаппарқызының ең жақсы қасиеті қашанда халықпен бірге. «Не кемшілік бар?» — деп біздің жағдайымызды сұрап тұрады. Бізге одан артық не керек! Свет өшпейді. Базар тап-таза. Кемшілік жоқ. 100 пайыз. Шүкір. Осы жерден бала-шаға бағып отырмыз. Мемлекетке тиесілі салықты уақытылы төлейміз. Халықтың керегін әкеліп, оларға да жәрдеміміз тиіп отыр. Қызылордадан, Ақтөбеден, Атыраудан келіп, тауар әкететін тұтынушыларымыз бар, — дейді базар өмірімен біте қайнасып, отыз жылдан бері бірге қадам басып келе жатқан Әмет Атаханов.

Әмет Жұнайұлы тек табысты кәсіпкер ғана емес, сүттей ұйыған отбасының иесі. Жұбайы Әмина екеуі Шахзода, Дилфуза, Юлдуз, Роза, Угулжан, Умида, Насиба есімді қызғалдақтай құлпырған жеті қызды тәрбиелеп өсіріп, алтауын құтты орнына қондырды. Олар да әке салған соқпақпен сауда саласында еңбек етуде. Бір өкініштісі, құдай қосқан жан-жары Әмина дүниеден өткелі он жыл болды. Бір кем дүние! Әкесіне көмектесіп жүрген кенже қызы Насиба да анасы туралы айтып, жанарына жас іркілді. Әкесінің жақсы қасиетін айтып: «Әкем өте еңбекқор. Адалдықты жақсы көреді. Бізді де соған үйретті» — деп жүрекжарды пікірін білдірді. Менің есіме осы дүкеннен құдаларыма киіт, ұлдарыма сырт киім алып, сауда жасағаным түсті. Үйге келгесін киіміміздің сапасын, көңіл көншітерлік бағасын айтып мәре-сәре болып едік. Амет Атахановтың тұрақты тұтынушысының бірі өзім екеніме таң қалып, дүкеннен риза көңілмен шықтым! Мен тек базарға келіп-кетіп жатқан көптің бірі ғанамын! Осындай алғыс айтқан адамдар қаншама! Еңбек түбі — зейнет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *