ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ

 

Еңбек адамының абырой — беделін арттыру.  Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған биылғы жылы осы бағытта нақтылы жұмыстар жүргізілуде. Маңызды іс-шаралар мен түрлі өміршең жобалар жүзеге асырылуда. «…Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамға еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат — Адал еңбек — Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» — деген болатын  еліміздің Президенті Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының аузынан шыққан  осы сөздердің әрбір жолында өмірдің шындығы жатыр. Қоғамымыздағы жұмыстың жаманы жоқ. Қай-қайсысы болсын қажет, әрқайсысының өз орны бар. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген абырой иелерінің қатарында  «Табыс сыры» жобасының айдарымен жүйелі  беріліп келе жатқан Түркістан қаласындағы «Қуаныш» ЖШС-нің «Әмір» сауда орталығының тазалық қызметкері Елена Вячеславовна Полатова туралы бір үзік сыр қозғағымыз келеді. «Әмір» сауда орталығының тазалығына жауапты үш қызметкерді  Райхан Валиханқызы Гайфуллина басқарады. Сондай-ақ, Гүлмира Әлімжанқызы Қошанова да сауда орталығында еңбек етеді.

— «2009-шы жылдан бері осында жұмыс істеп келемін», — деп жалғастырды әріптес әңгімесін Елена замандасымыз» —  Жұмысым өзіме ұнайды. Тұрақты. Айлықтан қиналмаймыз.  Директорымыз  Инара Әбдіғаппарқызы өте жақсы адам. Біз Ғаппар ағайдың көзін көрген адамдармыз. Ол кісінің кішіпейілділігінде, қарапайымдылығында шек жоқ еді. Амандасып, «Бала-шағаларың қалай? Отбасы аман ба? Қандай  өтініш бар?» — деп  жағдайымызды сұрап тұратын. Өте әділ адам. Кіммен болсын тең сөйлеседі. Кез-келген мәселені ұжыммен келісіп, ақылдасып шешеді. Мұнда жұмыс істегеніме он жеті жыл болды. Ұжым сол қалпында. Кадр тұрақтамаушылығы деген жоқ. Барлық нәрседе тұрақтылық, ертеңгі күнге сенім бар» — деп ағынан жарылды Елена.

Олардың әрбір сөзінде  шынайы шындық бар. Ертелі-кеш тіршілігі қайнап жатқан сауда орнында тазалық сақтау, көпшілік шоғырланған жерде тұрғындарға да, сатушыларға да қолайлы жағдай туғызу — айтуға ғана оңай. Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түсуімен қатар, халықтың мәдениетінің өсуіне,  өзгелердің еңбегін бағалай білуге ықпал етті. Бірлік, қамқорлық бар жерде, көңілді, өнімді тірлік бар.  Күн өткен сайын дамып, қанатын кеңге жайып келе жатқан сауда орталығы басшылығының іскерлігі ғана емес, еңбек адамдарына сыйластығы, адамгершілік қарым-қатынасы сүйсінуге тұрарлық. Татулығы тасыған ұжымда атаулы күндер, айтулы мерекелер ұжымда ерекше жағдайда аталып өтеді. «Алғыс хаттар» мен сый-сияпаттар, сыйақылар беріледі. Мысалы, «Қуаныш» ЖШС-нің директоры Инара Намазбаеваның атынан қызметкерлерге берілген «Алғыс хатта»: «Қызметіңізді абыроймен атқарып, жемісті нәтижелер көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіремін» — деген жаңа белеске, жаңа табысқа ынталандыратын, жігерге жігер қосатын шуақты сөздер жазылған. Жасы кіші замандастарымның жұмыс орындарын көрсете жүріп, бір-бірімен жарыса айтқан шынайы сөздерінен  ұжымның жақсы тыныс-тіршілігін аңғармау мүмкін емес. «Бұған дейін Некрасов атындағы мектепте жұмыс істедім. Ол жұмыс орным да жақсы еді. Ал, мына ұжымымды ештеңеге айырбастамаймын» — дейді Елена Вячеславовна.

Әрбір жұмыстың өз өлшемі бар. Сауда орнының тазалығы, санитарлық жағдайы — қоғам мәдениетінің бір бөлшегі. Қымбат жиһазы көз тартатын бір күн жиналмаған үйді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әрине, кері әсері көзге ұрып тұратыны сөзсіз. Ал, жұпыны болса да, ауласында  көлденең көк шөп жатпайтын таза үйден  шыққыңыз келмейтіні шындық. Елена Вячеславовна Полатова қоршаған ортаның тазалығын сақтап жүрген жаны да  таза тазалық сақшысы.   Оның жүзінен еңбекпен келген абыройдың лебі есіп тұрды. Еңбегіңнің жемісін көр, елгезек Елена!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *