Ұстаз деген – ұлттың келешегі мен тағдырына әсер ететін тұлға. Әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары болатыны белгілі, бірақ мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың негізі, ал ұстаздың орны ерекше. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, балалар ұстаздан білім, тәрбие алады. Ұстаз болу – тек білім ғана емес, шәкірттерге дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, оларды өмірге даярлау деген сөз.
Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтқанда: «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі». Ұстаз әрқашан өз ұлтының ең қымбат тұлғасы болып қала береді. Әр адамның жетістікке жету жолында мектептен алған білім мен тәрбиесінің маңызы зор. Осылайша, ұлы тұлғалардан бастап, қарапайым мамандардың барлығы ұстаздардан тәлім алады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Парида Искакова – осындай жарқын тұлғалардың бірі. Ол шебер педагог болумен қатар, ғылыми қызметте де ерекше жетістіктерге жеткен маман.
Парида Қуандыққызының өмір жолы айтарлықтай қызықты әрі мотивациялық. 1977 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген Парида апай өзінің ұстаздық жолын «Астана» кәсіби колледжінде әдіскер болып бастаған. Кейіннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетте оқытушылық қызмет атқарып, педагогика саласында ғылыми дәрежеге ие болды. 2009 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, бірнеше маңызды оқу бағдарламалары мен ғылыми еңбектердің авторы болды. Енді ғылым жолында еткен еңбектерін саралап өтейік. Осы күнге дейінгі ғылыми ізденіс жолында ғылыми басылымдарда жалпы 10 мақаласы жарияланған. Нақтылап айтқанда, 2015 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің «Хабаршы» журналында «Оқу үдерісінде технологиялық оқыту құралдарын қолданудың қажетті шарттары» мақаласы, 2016 жылы «Бүгінгі педагогтың білім берудегі инновациялары мен дәстүрлері» мақаласы, 2017 жылы «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналында «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін арттыруда арт-терапияны қолданудың маңыздылығы», шетелдік мақалалардан 2018 жылы «Anais da Academia Brasileira de Ciencias» журналында «The Role of Generations Continuity of Kazakh People in the Childrentraining» еңбегі, Мәскеуде, XXIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Научные исследования: ключевые проблемы III тысячелетия» мақаласы, «Наука и жизнь Казахстана» журналында «Болашақ мұғалімдерді инновациялық іс-әрекетке даярлаудың мәні» атты жарық көрген мақалаларын атауға болады. Сонымен қатар, «Психологиялық-педагогикалық практикум», «Отбасы психологиясы», «Педагогикалық менеджмент» секілді үш бірдей оқулықтың авторы.
Өзінің дара ізденгіш, ерекше талпынысының арқасында ғылым саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуден танған емес. Осы жолда табан ет, маңдай терін, қарым-қабілетін сарқа жұмсауда. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші әр ұмтылысы өз нәтижесін беріп, көптеген марапаттауларға ие болған. Атап айтар болсақ, ҚР ЖОО-ы студенттерінің 2012 жылғы үздік ғылыми-зерттеу конкурсының «Педагогика және психология» бөлімінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минстрлігінің ІІІ дәрежелі дипломымен, 2017 жылы республикалық жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің алғыс хатымен марапатталған. 2011 жылы Біліктілікті жетілдіру куәлігін, ҚР БҒМ «ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының 240 сағаттық сертификатын, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университеті «Педагогика мамандығының оқытушыларына шетел тілін оқыту» курсы 160 сағаттық сертификаты алған. Сонымен бірге, ҚР «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Ол өз оқушыларына тек теориялық білім беріп қана қоймай, оларды ғылым мен білім саласындағы жаңа инновациялармен таныстырып, тәлімгерлік қасиетін қалыптастырады. Парида Искакова ғылыми қызметінде білім беру үдерісінде жаңа технологияларды қолдану қажеттілігін үнемі алға тартып, өзінің ғылыми жұмыстарында осы мәселелерді қарастырады. Оның мақалалары Қазақстан мен шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, педагогика мен психология саласында маңызды ғылыми зерттеулер ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, Парида апайдың жетекшілігімен көптеген студенттер мен магистранттар ғылыми дәреже алып, бірнеше марапаттарға ие болды. Оның шеберлігі мен біліктілігі әрдайым шәкірттеріне үлгі болып келеді.Ғылым мен ұстаздықты қатар алып жүрудің қиын екенін біле тұра, Парида Искакова ұстаздық жолында әрдайым өз жұмысын адал атқарып, ғылымға қосқан үлесімен көптеген марапаттарға ие болды. Оның еңбектері мен шәкірттерінің жетістіктері осы ұстаздық жолдың қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласының маңыздылығына ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы ұстаздарды ел дамуының негізгі қозғаушы күштері ретінде жоғары бағалап, олардың жұмысын қолдауға және әділетті бағалауға үлкен назар аударады. Ол өз сөздерінде:
«Білімнің сапасы — мемлекетіміздің болашағының негізі. Сондықтан, ұстаздарға үлкен құрмет көрсетіп, олардың мәртебесін көтеру қажет. Ұстаз болу — ерекше жауапкершілік пен міндетті талап етеді. Оқушылардың рухани және ғылыми жетістіктері ұстаздардың жан-жақты білімділігі мен тәлімгерлік қасиеттеріне тікелей байланысты», — деп атап өткен болатын.
Бұл сөздер ұстаздардың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайды. Ұстаздың еңбекқорлығы мен шәкіртке деген адалдығы мемлекеттің болашақта дамуына тікелей әсер етеді. Тоқаевтың пікірі бойынша, ұстаздарды құрметтеу — бұл еліміздің білім саласына құрмет көрсету деген сөз.
Ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыру, оларға лайықты жағдай жасау, олардың жұмысын бағалау мен әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін Мемлекет басшысы үнемі атап өтеді. Оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесін көтеру — бұл елдің болашағына бағытталған маңызды қадам.
Қорыта айтқанда, Парида Искакова – ұстаздық пен ғылыми қызметті бір арнаға тоғыстырған, өз ісіне берілген маман. Оның өмірі мен қызметі жастарға білім мен ғылым жолында ізденуге, жоғары мақсаттарға ұмтылуға және ғылым мен білімді дамытуға үлес қосуға зор ықпал етеді. Ғылым мен білім саласының шынайы жанашыры бола отырып, ол өзінің шәкірттеріне дұрыс бағыт беріп, жоғары деңгейде кәсіби маман даярлау ісінде аянбай еңбек етуде.