ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДАҒЫ ХҚТУ РӨЛІ

Ғылым – қоғамның дамуындағы ең маңызды және ерекше сала екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ғылымның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті: «Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады. Біз осы ретте отандық ғылымды өрістетуіміз керек. Қазіргі таңда заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі. Сондықтан, ғылыми жетістіктерге жету қазіргі кездің басты талабы болып тұр». Мемлекет басшысының бұл сөзі – ғылымның стратегиялық маңыздылығын терең түсінуді және отандық ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше назар аударуды қажет ететіндігін білдіреді. Әсіресе, еліміздің жоғары оқу орындары, зерттеу институттары мен ғылыми орталықтары бұл бағытта негізгі рөл атқарады. Соның ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми қызметі еліміздегі ғылыми саланы дамытуда айрықша орын алады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластықтың жемісі ғана емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосып отырған жоғары оқу орны. Университет Қазақстандағы және бүкіл түркі әлеміндегі жетекші ғылыми ордалардың бірі ретінде танылған. Мұнда ғылыми зерттеулер әртүрлі бағыттарда жүргізіліп, олар қоғамның әлеуметтік, экономикалық, және мәдени қажеттіліктерін қамтиды. Университетте фундаменталды және қолданбалы зерттеулер бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында биотехнология, экология, медициналық зерттеулер, IT-технологиялар мен гуманитарлық ғылымдарға бағытталған бағдарламалар бар. Әсіресе, экология саласындағы зерттеулер Орталық Азияның күрделі экологиялық мәселелерін шешуге арналған. Сонымен қатар, медицина факультеті денсаулық сақтау саласында ғылыми жаңалықтар енгізуде.

Халықаралық деңгейде университет ғалымдары шетелдік серіктестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар беделді халықаралық конференцияларға қатысып, өз зерттеулерін жариялап, әлемдік ғылыми қауымдастықта жоғары бағалануда. Елімізде ғылымды дамытуда жас ғалымдардың рөлі ерекше. Қожа Ахмет Ясауи университетінде жас зерттеушілерді қолдау жүйесі жоғары деңгейде жолға қойылған. Университет магистранттар мен докторанттарға гранттар, стипендиялар ұсынып, олардың шетелде тағылымдамадан өтуіне жағдай жасайды. Жастардың ғылыми идеяларын іске асыруға мүмкіндік беретін арнайы зертханалар, ресурстық орталықтар мен ғылыми-технологиялық парктер жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы соңғы жылдары ғылым саласына баса назар аударуда. Жас ғалымдарға арналған арнайы гранттар мен стипендиялар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары қабылдануда. Мемлекет ғылым мен инновацияны қолдау арқылы оның қоғамның барлық саласына енуін көздейді. Қожа Ахмет Ясауи университеті де осы мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ғылыми-зерттеу базасын кеңейтіп, заманауи технологиялар мен әдістерді енгізіп жатыр.

Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Осы ретте оқу орнының өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес. Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, бөгде ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу; зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу; зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, электр энергетикасы, биотехнология, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізеді.

Бауырлас қос мемлекетке ортақ оқу ордасында күні бүгінге дейін ғылыми дәрежесі әр түрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы сабақ берген екен. Ал енді Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастар да аз емес. Олардың саны бүгінде елуден асты.   Жалпы,  университетте оқытушы-профессор құрамы 1200 болса, оның ішінде 71 ғылым докторлары, 299 ғылым кандидаты және 146 PhD докторлар жұмыс істейді. Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі импакт-факторы нөлден кем емес Халықаралық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау болып табылады. Бүгінгі таңда университеттегі  Sсopus бойынша хирш индексі бар ғалымдар саны 448 болса, ал жалпы  Sсopus базасында индекстелетін журналдарға 500-ге жуық мақала жарияланды. Ғалымдар мен оқытушы-профессорлары университеттің өз ғылыми басылымдарында да мақалаларын жриялай алады. Қазақстандық және шетелдік ғылыми зерттеулердің, сондай-ақ талдамалық, ғылыми-көпшілік және өзге де материалдардың нәтижелерін жариялау мақсатында Ахмет Ясауи университетінің бірнеше ғылыми журналдар шығарылады. Олардың алғашқыларына «Ясауи университетінің хабаршысының» жарық көргеніне 28 жыл болды.

«Университеміздің ғылыми журналдарын одан әрі жетілдіру және ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) тізіміне енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізіміне Педагогика ғылымдары және Филология бағыттары бойынша енгізілді. Қазіргі таңда аталған журналдың философия және тарих салалары бойынша тізімге енгізу бойынша құжаттар министрлікке жіберіліп, сараптамадан өтуде» — дейді университет басшылығы. Сондай-ақ, Университет Сенаты мәжілісінің қаулысымен «Ясауи университетінің хабаршысы», «Түркология», «Ясауи Хабарлары (математика, физика, информатика сериясы)» журналдарын Түркияның DergiPark базасына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Бұл ретте, аталған журналдарды Халықаралық басылымдар базасына ендіру және оңтайландыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. 2021 жылғы 20 желтоқсанда «Түркология» журналы DergiPark базасына енді. «Ясауи университетінің хабаршысы» және «Ясауи Хабарлары» журналдары да өз кезегінде өтінімдерін DergiPark базасына жасалды.

Ғылымды дамыту – елдің болашағы мен тұрақты дамуының кепілі. Мемлекет басшысының сөзінен байқалғандай, Қазақстан заман талабына сәйкес өзгеріп, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізе отырып, өркениет көшін бастап тұрған елдердің қатарында болуға ұмтылуда. Бұл бағытта отандық ғылыми ордалардың, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи университетінің атқарар рөлі зор. Жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру, жас ғалымдарды қолдау және халықаралық әріптестікті дамыту арқылы Қазақстан ғылымының деңгейі жаңа биіктерге көтерілетіні сөзсіз.

Ғылым – қоғамның қозғаушы күші. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет секілді жоғары оқу орындары арқылы еліміздегі ғылыми әлеует артып, халықаралық деңгейдегі жаңа жетістіктерге жол ашылады. Ғылымды қолдау арқылы мемлекет өркениет жолынан қалып қоймай, әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуға мүмкіндік алады. Осылайша, білім мен ғылым адамзат пен табиғат арасындағы алтын көпір болып қала береді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *