«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Түлкібас ауданындағы «ALTYN NAN» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Басқосуға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб өкілдері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылау және өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Жиын барысында ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, отандық өндірісті өркендету, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Алмас Салимов өз сөзінде өңір экономикасын дамыту үшін өндірістік инфрақұрылымды кеңейту, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасау және қолданыстағы өндіріс орындарының мүмкіндіктерін арттыру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы жергілікті экономиканың дамуына ықпал ету көзделіп отыр.
Бағдарлама аясында өңірге инвестиция тарту, өндірістік нысандардың жұмысын жандандыру және кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына, кәсіпкерлік қызмет ауқымының ұлғаюына және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін бағыттар ретінде қарастырылған.
Сондай-ақ кездесуде ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнімді терең өңдеу мәселелері кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, ет, сүт және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын кеңейту, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану міндеттері бағдарламада қамтылған. Өнімді тек бастапқы күйінде сатумен шектелмей, оны дайын тауарға дейін өңдеу өндіріс тиімділігін арттыруға, қосылған құн қалыптастыруға және отандық өнімнің нарықтағы үлесін кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайту да маңызды. Мұндай жұмыстар жергілікті шаруалардың өнімін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындардың табыс көздерінің артуына жағдай жасайды.
Жұмыспен қамту мәселесі де сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі ретінде таныстырылды. Партия өкілдері тұрғындарды еңбек нарығына тарту, жастардың алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік беру және аға буын өкілдерінің еңбек әлеуетін тиімді пайдалану бағыттарына тоқталды. Осы мақсатта субсидияланатын жұмыс орындарын ашу, жастар практикасын дамыту, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ «Күміс жас» жобасын іске асыру көзделген. Бұл бастамалар әртүрлі жастағы азаматтардың еңбекке араласуына және тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасауға бағытталған.
Бұдан бөлек, жиында өңірді цифрландыру, халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру, бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қозғалды. Кандидаттар аталған бағыттар бойынша партия бағдарламасында қарастырылған міндеттерге тоқталып, олардың өңірдің жалпы дамуымен өзара байланысына назар аударды.
Кездесу барысында «ALTYN NAN» ЖШС қызметкерлері де өз ойларын ортаға салып, өндіріс саласындағы өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін білдірді. Олар өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарының тұрақтылығын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін жетілдіру жөнінде сауалдарын қойды. Партия өкілдері көтерілген мәселелер бойынша жауап беріп, еңбек ұжымымен ашық форматта пікір алмасты.
Жиын соңында кандидаттар тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс орнатудың, олардың ұсыныстарын тыңдап, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу қатысушылары партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған бағыттармен танысып, өз пікірлерін білдірді.

