Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында қазақтың дәулескер күйшісі Дина Нұрпейісованың шығармашылық жолы мен өміріне негізделген тарихи туындының шығармашылық тобымен кездесу өтті. Шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесі ұйымдастырды.
Басқосуға фильмнің режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері, аниматор Батырхан Дәуренбеков және сценарий авторы, драматург, ҚР Мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы драмалық театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, сонымен қатар басты рөлдерді сомдаған актерлік құрам мен өнерсүйер қауым қатысты.
Салтанатты жиынды «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы ашып берді.
— Қазақтың басқа ұлттан айырмашылығы — күйі мен айтысында. Оның жүрегіндегі дірілінде, ұлтшылдығында, рухының биіктігінде. Қазақ өнерінің көркем туындысы күйді дәріптеп, жастарға үлгі ету борышымыз.
Бұл тарихи драмалық туынды күй өнерінің қаншалықты нәзік, өміршең құбылыс екендігін көрсетіп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап төл өнерімізді, ұлтымыздың асыл қазыналарын көптеп насихаттап, үлгі етіп келеміз. Дина Нұрпейісованың әрбір шығармашылығында еліміздің мұңы мен қуанышы бар. Өзіндік орны бар туындылары маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттала берсін, — деді ол.
Сондай-ақ, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан тарихи туындының шығармашылық тобына табысты еңбек тілей отырып, басқарма басшысының атынан фильмге атсалысқан азаматтарға алғыс хат табыстады.
Кеште жиынға арнайы келген қонақтарға көрермен тарапынан сұрақтар қойылып, шағын сұхбат өткізілді. Одан соң, рухани кеш тарихи фильмді тамашалауға жалғасты.
Айта кетейік, «Дина. Күй құдірет» атты екі бөлімді тарихи драмасын «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша жергілікті «САҚ» киностудиясы түсірген.