Әрбір мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері, сол саланы жетік меңгерген кәсіби мамандары, нақтырақ айтсақ, сол саланың күнделікті тіршіліктегі зіл батпан жүгін аянбай арқалап, сол өлшеусіз қажыр-қайраттарының арқасында әріптестеріне, өкшесін басып келе жатқан кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге болатын, абыройы асқақ, есімдері құрметті адамдар болады.
Сондай мәртебелі жанның бірі әрі бірегейі, қашанда ісіне мығым, Абай хакім айтқандай, «Ақырын жүріп, анық басқан», талай жыл Түркістан қалалық статистика басқармасын абыроймен басқарған Убайдулла Әубәкірұлы Ахметов. Майталман маман отыз жылдан астам уақыт бойы өз бойындағы білімі мен білігін, кәсіби шеберлігін статистика саласының дамуына, қанат жайып өркендеуіне арнады. Таратып айтатын болсақ, Убайдулла Әубәкірұлы экономика және статистика саласында жоғары біліктілігімен ерекшеленіп, қоғамда да зор құрметке ие болған, алғыс арқалаған тау тұлға.
Убайдулла Әубәкірұлы Ахметов 1956 жылы 2-ші қыркүйекте Түркістан ауданы Үшқайық ауыл округіне қарасты Теке ауылында туылған. Әкесі Әубәкір Ахметов Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жыл Теке, Оранғай ауылында колхоз басқарып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат, ал, анасы Разия 5 қыз бен 3 ұлды тәрбиелеп өсірген ардақты, алтын құрсақты ана болған.
Убайдулла Ахметов Жамбыл қаласында Жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1977 жылы Түркістан аудандық Кеңес атқару комитетінің жоспарлау комиссиясында (райплан) аға экономист қызметінен бастаған. 1978-1980 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келіп, комитеттегі жұмысын жалғастырды.
Білімді, қиындықтан қорықпайтын, адалдықты, адамгершілік пен өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауды басты орынға қоятын еңбекқор жігіт тынбай еңбек етеді. 1985-1987 жылдар аралығында Түркістан аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1987 жылы Чапаев атындағы колхозда партия комитетінің хатшысы (партком), 1991 жылы Түркістан аудандық Кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасарының аға референті болып еңбек етті.
1992 жылы алғаш рет аудан әкімшілігі құрылып, бірінші әкім тағайындалғанда аудан әкімінің көмекші-аппарат жетекшісі болып қызмет атқарды. Ал, 1993 жылдың наурыз айынан бастап Түркістан қалалық статистика басқармасының бастығы қызметін атқарды. «Жас келсе – іске» демей ме, 37 жастағы жігіт ағасы өзіне жүктелген жауапкершілікті қайыспас қара нардай қиналмастан көтеріп, абырой биігінен көрінді.
Кез келген статистика басқармасының өміріндегі ең күрделі, ең маңызды оқиға – жалпыхалықтық санақ. Убайдулла Әубәкірұлы 3 рет халық санағына белсене атсалысып, соның үшеуін де өзінің басқаруымен өткізді.
-1993 жылдан басталған қалалық статистика саласында 1999 жылы Ұлттық халық санағын, 2000 жылы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткіздік. 2008 жылы республика бойынша пилоттық сынақ ретінде Ұлттық халық санағы тек Түркістан қаласында өткізілді. Сонымен қатар, 2009 жылы Ұлттық халық санағын абыроймен өткіздік. Статистика саласында өнеркәсіп өнімі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция бірнеше есе және демографиялық өсімі өсіп, 1993-2018 жылдар аралығында халық саны 110 мың адамға артты.
Шаруашылық саласының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қостым. Соның ішінде Чапаев атындағы колхозда 35000 бас қой, 3500 ірі қара, 400 бас жылқы, 450 тонна ет, 1500 тонна сүт, 4300 тонна мақта, 4500 тонна бидай, 400 тонна жүгері жиналып, меже орындалғаны әлі есімде.
Статистика дегеннің өзі күрделі ғылым. Оны қаптаған цифрлар жиынтығы деп біржақты ой топшылауға болмайды. Әр цифрдың тасасында нақты деректер базасы түзілген. Тек соны «тірілтіп», сөйлете білуіміз керек. Осындай нақты статистикалық деректерге сәйкес, қаланың әлеуметтік-экономикалық жоспары жасақталады.
Сондай-ақ, статист маманы математикамен дос болып, есепке жақын болуы керек. Есеп жүргізу ісін жандүниеңмен беріліп істеу қажет. Мұнда тек цифрды сүйетіндер ғана жасай алады. Өйткені, үнемі цифрмен жұмыс жасау оңай емес. Сонымен қатар, статистің ұстанымы нақтылық болуы тиіс, болжам, жобалау деген болмайды. Яғни, 99,9 пайыз орындалған дүниені 100 пайызға айналдыруға болмайды. Қолымнан келгенше қызметті жақсы атқаруға тырыстым. Жас статистик мамандардың жұмысқа тез бейімделіп, қалыптасуы үшін өзімнің өмірлік тәжірибемді, ақыл-кеңесімді айтып отырдым, – дейді Убайдулла Әубәкірұлы сол кезең туралы еске алып.
Халық игілігі жолындағы игі істері еленіп, еңбектегі жетістіктері және бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге белсенді қатысқаны үшін «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төс белгісін, 2009 жылы «Ерен еңбегі үшін», «Бәйтерек-Келдібек» қоғамдық қоры басқармасының төс белгісін, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалін, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің «Статистика үздігі» төс белгісін иеленіп, мерейі биіктен көрінді. Сонымен қатар, еселі еңбек еткен жылдары 3 рет ҚР Статистика Агенттігінің Құрмет грамотасымен, 4 рет облыстық статистика департаментінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, қала әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Убайдулла Әубәкірұлы жұбайы Ділдакүл Меңлібайқызымен бір шаңырақ астында 40 жылдан аса берекелі өмір сүріп келеді. Ділдакүл әпкеміз де жоқты бар, барды мол ететін, дастарханы бай, пейілі кең, салиқалы жан, үлкен әулеттің отанасы. Қазақ халқымызда өнегелі азаматтың ұрпағын «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деп мақтайды емес пе?! Убайдулла Әубәкірұлы жұбайы Ділдакүл екеуі бір ұл мен екі қыз өсіріп тәрбиеледі. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы бір-бір отбасы иелері, түрлі салада еңбек етеді.
Бүгінде Убайдулла Әубәкірұлы мен Ділдакүл Меңлібайқызы тамырын тереңге жайған бәйтеректей, ұл-қыздарынан тараған немерелерінің ортасында баянды ғұмыр кешіп отырған бақытты ата-әже.
Статистика саласы үздігінің, қоғамға сіңірген толымды еңбегін айтудағы басты мақсатымыз еселі еңбегінің ескерілуі, әрі ел есінде сақталуы. Саналы өмірінің 30 жылында осы салаға серпін берген еңбек ардагеріне құрмет көрсету біз үшін парыз.
Ләззат САРЫБАЕВА.