ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ТАЛАНТТЫ ТҰЛҒАМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Жазушы, композитор, музыкатанушы, аудармашы, суретші Ілия Жақановпен Түркістан жұртшылығы жүздесті. Сегіз қырлы бір сырлы, талантты тұлғамен өткен кездесуге Түркістан қалалық Мәдениет үйі мұрындық болса, Ақжайық музыка мектебі кең залын ұсынып, тау тұлғалы азаматқа төрден орын ұсынды.

Жалпы, ақынын ардақтау, абызын құрметтеу – біздің ата-салтымызда бұрыннан қалыптасқан қағида. Осы қағиданы берік ұстанған
Түркістандық өнерсүйер қауым сүбелі сұқбатқа қанықты. Ерекше форматта өткен жылы жүздесуде емін-жарқын әңгімемен қатар әуезді ән қатар өрбіді. Модератор Ақмарал Ғаниқызы көрнекті композитор, музыка танушысы, белгілі жазушы Қазақстан мен Қырғызстанның еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақановтың шығармашылығынан сыр шертер сауалдарын қойды.

Белгілі композитордың көпшілік аузында жүрген “Еділ мен Жайық”, “Жайлаукөл кештері”, “Әселім-әнім”, “Толағай” сынды танымал туындыларын Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері әуелете орындап, автордың жанын жадыратар жарқын кеш сыйлады.

Азаматын ардақтап, құрмет көрсете білген Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Күзембаев Ерлан Бақытжанұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Темірбекова Жанар Амангелдіқызы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Исмолдаев сахна төрінде сөз алып, ақ тілектер ақтарылған құттықтау хаттарын ұсынды. Қала әкімі тарапынан абыз ақсақалдың иығына жібек шапан жабылып, тұлпар тарту етілді.

«Қазақ музыкасы мен әдебиеті ұлттық руханияттың қос қанаты» десек, екеуінің арасына алтын көпір орнатып, бірінің сырын екіншісі арқылы ашып берген белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов кеш соңында сөз алып, мәдени әрі рухани шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Халық әндерінің тылсым сырын құлағына құйып, жүрегіне сіңіріп өскен, өлмес туындыларды өмірге әкелген талантты композиторды құрметтеген көрермен естелікке суретке түсіп, зор ризашылықпен тарасты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған