«АУЫЛ АМАНАТЫ»: САУРАН АУДАНЫНДА КООПЕРАТИВ ТӘУЛІГІНЕ 2 ТОННА СҮТ ӨНІМІН ӨНДІРЕДІ

Сауран ауданында ірі қара мал басы артып келеді. Бұл «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиянақты жүзеге асуының нәтижесі. Сондай-ақ, аймақта сүт өнімдерінің қатарын көбейту қолға алынған. Осы бағытта саурандық шаруаларға «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша қаржы беріліп келеді.

Солардың бірі — Қарашық ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилроба Изетова. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматша 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несиеге 10 бас ірі қара малға 5,5 млн. теңге көлемінде қаражат алған. Бүгінде ол шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Қожалық сүт өнімдерін Қарашық ауылдық округінде орналасқан «Картекс Агро» АШӨК мекемесіне өткізеді. Аталмыш кооператив күніне 20 тонна сүт қабылдап, қайта өңдеуге қауқарлы. Әзірге 2 тонна сүт қабылдап жатқан кәсіпорын бүгінде қаймақ, ірімшік, құрт, айран, сүзбе және сүт өндіреді. Алдағы уақытта сүт өндірісінің көлемін арттырмақ ниетте.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел­ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Осы орайда сүт өнімі жайлы аз-кем ақпараттармен бөлісіп отырмыз.

Ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі ақ екені бәрімізге белгілі. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібесі деп білген. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқан молшылығын жасаған. Сүт тағамдарынан қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қатық, айран, уыз, май, сүзбе тағы басқаларын күнделікті пайдаланамыз. Бұлардың барлығының да адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Адам денсаулығына үлкен пайда әкелетін сүт өндірісі жайлы ақпараттар ұсынып отырмыз. Сүт – басқа ешқандай азық- түлік тең келмейтін аса бағалы тағамдық өнім. Өйткені организмге оның құрамды бөлігінің 95-98 пайызы сіңеді. Сондай- ақ сүт амин қышқылдарының, макро және микроэлементтерінің, витаминдерінің таптырмайтын көзі. Сүт және оның өнімдерінің құрамында жеңіл сіңетін құраушылар бар. Олар бізге кальцийді, дәрумендерді (A, B2, B1, E, D, C), сондай-ақ көптеген басқа қоректік құндылықтарды жеткізеді.

Сүттің жоғары коректік қасиеттерін келесі деректерге қарап білуге болады: бір литр сүт құрамындағы белок мөлшері – 150 г., ол сиыр еті, немесе тауықтың 5 жұмыртқасы, немесе 1 кг. нан құрамындағы белоққа тең. Сүттің жарты литрі адамның амин қышқылдарына деген тәуліктік қажеттілігін қанағаттандырады, ал сүттің бір литрі адамның май, кальций, фосфор, рибофлавинге қажеттілігін толық, белоққа қажеттілігін жартылай, ал аскорбин қышқылы, ретинол, тиаминге қажеттілігінің1/3 бөлігін қамтамасыз етеді екен. Сүттің тағы бір қасиеті – түрлі азық- түлікпен керемет үндесіп, адам тағамының биологиялық құндылығын көтереді. Өйткені сүт организмге түсетін қоректік заттардың көлемін арттырып қана қоймайды, сонымен бірге май, белок, көмірсу, минералды тұздар, тағы басқалармен бірлесе, үндесе отырып, осы коректік заттардың организмге сіңімділігін жақсартады.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Д.Темиров сүт өнімдерін өндіру саласындағы мал басын көбейту бойынша “Ауыл аманаты” бағдарламасының қаржысынс 8 сауын сиыр алған. Алдағы уақытта, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлауда.

Бұдан бөлек шаруа сүттен құрт, сары май өнімдерін өндіріп, жергілікті нарықта саудалауда. Кәсіпкер тәулігіне 60-80 литр сүт алуда. Жобаның негізгі мақсаты — ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады.

Сүт – мал баққан қазақ жанұясының негізгі тағамы. Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. Қай түліктің болса да соңғы иіндісі, соның ішінде қойдың жебе сауған сүті қою, әрі майлы, жұғымдылығы да жақсы келеді. Мұны қазақ шаруалары ғасырлар бойғы бай тәжірибелерінен жақсы біледі.

Көк сүт — қаймағы алынған нәрі аз сүт. Қатырылған сүт- мұздатып ұзақ сақтайтын сүт. Майлы сүт -қаймақтан сары май айырғанда іркіліп шығатын қышқыл сут. Оны кейде сол күйі сусын ретінде ішкен, кейде қайнатып ақірімшік жасаған. Шайқалған майды шынылау үшін суық суға салып сығымдаған, одан қалған сүтті май сүтінің шалабы деп, кей жерлерде май шалап деп атаған.

Қатық – көбінесе қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытқан аса қою айран.

Сүзбе – жақсы ұйыған қатықты қапқа салып асып қойып, сорғытып сүзеді.

Айран – қой, сиыр сүтінен әзірленеді. Қатыққа қарағанда сұйық болады. Айран- шөл басуға таптырмайтын сусын.

Айран мен қатықты қазақ халқы сүт, су қосып, сұйылтып та ішеді. Сүт қосылғанын қойыртпақ, су қосылғанын шалап деп атайды. Ұйытылған айран – әрі тамақ, әрі сусын, әрі адам денсаулығына пайдалы. Мысалы, гипертонияға шалдыққандар күніне 2 рет тамақ ішкеннен кейін жарты сағат өткенде 1 кесе айранды асықпай, баптап ішетін болса, бірнеше күннен кейін қан қысымы төмендеп, өзін жақсы сезінетін болады. Сондай-ақ ұйқы қашқанда жатар алдында 1-1,5 кесе жылы айран ішсе, оның жақсы ұйықтап шығуға әсері мол. Тағы бір жайт, айранның гастрит ауруына да пайдалы екендігі, әсіресе асқазан қышқылының аз болғандығынан пайда болған гастритте.

Айран көже – бидай, тары, арпа, күріш жармаларынан жасалған көжеге айран косып ашытылады немесе сүт қосып ұйытылады.

Қойыртпақ – қатыкқа, айранға, қымызға, ішетін іркітке сүт немесе су қосып, торсыққа құйып, қанжығаға байлап жүріп далада ішетін ақ, сұйық айран.

Айран-шалап – айранға суық су қосып сапырып, шөлдегенде ішетін сусын. Айран-шалап деп кейде жалпы ақты да атаған.

Боза – ашыған сүт, айраннан әзірлеген сусын (ішімдік). Боза тары, бидай жармаларынан да ашытылады.

Іркіт – құрт қайнату, кейде майын алып, ірітіп сусынға ішу үшін сабаға, күбіге жинап ашыт-қан айран-қатык, шикі сүт. Іркіттің басын піскен сүттен ұйытып алып сабаға құяды да, үстіне шикі сүт құйып жинай береді. Содан кейін оны пісіп, майын алады, қалған іркітіне құрт қайнатады, кейде іркітті пісіп, сапырып сусын орнына да ішеді.

Быршыма – ұйтқысы нашар болған немесе көп тұрып ашып кеткен айран, іркіт түрлері, одан көбінесе құрт қайнатылады.

Қаймақ – бұл тағамның бір-неше түрлері бар: піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ, тағы басқалары. Олар май айыру, шайға қату, талқан былғау және әр түрлі тамақтарға қосу үшін, кейде қаймақ күйінде пайдалану немесе басқа тамақтарға (нанға, бидайға, тарыға т. б.) жағып жеу үшін әзірленеді. Піскен қаймақ пісірілген сүттің бетінен алынады. Шикі қаймақ шикідей тұндырып қойған сүттің бетінен немесе сепаратор машинасына тартылған сүттен алынады. Одан сары май алынады. Кілегей қаймақтан да сары май алынып, жүдеу адамдарды оңалтуға пайдаланылады немесе басқа тамақтарға қосып дәмі келтіріледі.

Уыз – жаңа төлдеген малдың төлі емгеннен кейінгі алғашқы сүтінен пісіріледі. Өте дәмді ақірімшік болады. Төл емгеннен кейінгі сары уыз бүйенге, ішекке кұйылып, етпен бірге пісіріледі.

Ірімшік – жаңа сауылған жылы сүтті мәйекпен ұйытып, одан кейін суалғанша қайнатады. Қайнауы жеткен ірімшік қызыл сарытүске айналады. Содан кейін оны сүзіп алып, дорбаға салып, желге, күнге қойып кептіреді. Кепкен ірімшік бұзылмайды, көп сақталады. Қонақ дастарқанына қойылатын өте дәмді, сүйкімді де бағалы ас. Кепкен ірімшікті түйіп жент жасайды, тұш бауырсақтың үстіне себеді.

Ақірімшік – сүтке айран қосып ірітіп қайнату арқылы әзірлейді. Кейде ашып қалған, өздігінен ұйыған сүттің айранын сүзу арқылы да ақірімшік жасалады.

Құрт – сабада жиналып пісілген іркітті майы алынғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайната береді. Әбден қойыл-ған құртты қапқа құйып керегеге асып қояды, сонда оның қалған суы тағы да ағып, құрғайды. Бұдан кейін қолмен бөлшектеп, тақтаға, шиге, колмен сықпалап өреге жайып кептіреді. Осындай әдіспен кайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала береді. Сүт тағамдарының бірі құрттың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Ыстық құртты өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем ретінде пайдаланады.

Қымыз – қазақ халқының ұлтық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады. Қымыз ерекше дәмді, кұнарлы, жан сарайыңды ашып, адамның зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын. Бие сүтінің тағамдылық құндылығы онда белоктардың, майдың және көмірсулардың ғана емес, сондай-ақ адам үшін маңызы бар витаминдердің де болуына байланысты. Әсіресе ол А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар, В тобындағы витаминдер, Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Қымыз ашытқанда кейбір витаминдердің мөлшері өзгереді: биотин, тиамин, В12 витаминінің мөлшері кемиді; рибофлавин, фоли қышқылы сол күйінде қалады; пантотен қышқылы артады. Қымызда мынандай минералдық заттар бар: кальций тотығы — 48%, магний тотығы – 3,4%, фосфордың бес тотығы – 21,3%, хлор – 7,5%. Қан құрауда маңызды роль атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады. Құрамындағы микроэлементтерінің мөлшері жөнінен бие сүті ана сүтіне жуықтау екендігі дәлелденген.

Саумал – биенің ашымаған сүті. Саумал өкпенің құрт ауруына шалдыққанын емдеуге қосымша ең қажет тағам ретінде көп қолданылады. Саумалдың тағамдық құндылығының жоғарлығы, оның ауыр дертке шалдыққан адамдардың еңсесін көтеретін тағам ретінде қолданылатынан-ақ байқауға болады.

Шұбат – түйе сүтінен өндiрiлді, бұл сусын қазақ аспаздығында кеңiнен қолданылады. Түйенің сүтін ашыту арқылы дайындалынатын сусын.

Шұбат биологиялық құрамы бойынша тек қана нәрлi және дәмдi азық қана емес, сондай-ақ А, В1, В2, С дәрумендерiнiң көзi. Мысалы, В1, В2 дәрумендерi бойынша түйе сүтi сиыр сүтiнен асып түседi. Шұбаттың бiр литрi адам ағсасының С дәруменiне және рибофлавинiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады. Шұбат айранға қарағанда май, ақуыз, кейбiр минералды заттарға, дәрумендерге өте бай. Ірімшіктер клеткаларды қалпына келтіру үшін керекті жоғары сапалы белок көзі болып табылады. Олардың құрамында көп мөлшерде кальций, A, D және В тобының дәрумендері болады. Сондай-ақ олардың құрамында жеңіл сіңетін майлар бар. Балаларды ақ сыр жеуге үйрету маңызды, олардың құрамында май мен натрийдің мөлшері аз. Бұл тамақтанудың дұрыс дағдыларын қалыптастырудың маңызды элементі.

Сүт өнімдері жайлы қызықты ақпараттармен таныс болыңыз.

Сүт — сусын ретінде де, тамақ ретінде де қолданылатын бірден-бір өнім. Ол Еуропаның көп бөлігінде мұнайдан да қымбат екен. 100 мл сүттің құрамында: 87 грамм су, 4.8 грамм қант, 0.1-3.8 грамм май, 3.4 грамм ақуыз, 120 милиграмм кальций, 12 милилитр магний, 3,3 мкг. йод, 32 мкг. А витамині, 0.18 мкг. В витамині және 0.4 мкг. В12 витамині бар. Сүтті энергия беретін сусын ретінде де қолданады. Әсіресе спортшылар жарыс кезінде көп пайдаланады. Халықаралық сүт мейрамы 1 маусым күні атап өтіледі.

Сүт десе сиыр, сиыр десе Үнді елі көз алдымызға елестейді емес пе?!.. Сиыр ежелден қасиетті жануар болып есептеледі. Бала шыр етіп дүниеге келісімен-ақ, оған болашақта білгір, білімді болсын деген мақсатпен сиырдың сүтін ішкізеді. Бұл елде сиыр сүті — ана сүтімен пара-пар. Сүт өнімі ел экономикасының маңызды бөлігі. Әлемде үнді елі сүт өнімін өндіруден 2-орынға ие. Германияның 66% халқы сүт құрамындағы витамин жетіспеушілігінен зардап шегіп жатыр. Германия халқы қолданысы бойынша сүт сырадан кейінгі орынды алады. Әлем бойынша сүт өнімін өндіруден 5-орын алады. Алғашқы төрттік: АҚШ, Үнді елі, Қытай және Ресей. Сүт туралы заң алғаш рет 1930 жылы 31 шілде күні Германияда қабылданған.

Ал, Қытай көбіне сүтті экспорттайды. Себебі, сүт құрамындағы қант — қант диабетінің ауыруына алып келетін ең басты себептердің бірі. Бес алпауыт елмен бәсекелесу барысында Қытайдағы сүт өнімі күннен-күнге дамып келеді.

Ежелгі кезде Ресей халқы сүт ашып кетпеуі үшін ішіне тірі бақа салып қоятын болған. Ресей дүкендерінде шикі сүт сатуға тиым салынған. Ресейдегі сүттің бағасы шет елдің бағасынан қымбат көрінеді. Германияда 1 л. сүтті 45 евроцентке алсаңыз, бұл көрсеткіш Ресейде 1 евро.

Америка сүт өндіруден әлемде алғашқы орынға ие бола тұра, Еуропа елдері және Канада бұл елдің сүт өнімін қолдануға тиым салды. Себебі аталмыш елдің сүтінен рак ауруы туыпты.

Сүтті микробтардан қорғайтын қорапша алғаш рет Америкада 1890 жылы қолданысқа енген. Содан бері АҚШ шетелдерге өнімдерін үздіксіз экспорттап отыр. Осы жылғы көрсеткіш елдің жылдық табысына 43100000000 доллар алып келді. Бұл тарихта болмаған көрсеткіш.

Өзіміздің еліміз де сүт өнімдерін өндіру жөнінен басқа елдерден қалыс қалмайды. Кезінде Еуропа саяхатшылары қазақтың сүттен қалай май алатыннын таңдана жазғаны ақиқат. «Су сұраса, сүт берген, айран берген» қазақ сүттен көптеген өнімдер мен тағамдар даярлайды.

Салауатты тамақтануға арналған сүт өнімдері Күніне кем дегенде 2 толық стакан сүтті немесе сонша айран немесе йогурты, сондай-ақ 1-2 тілім сырды қолдануға кеңес беріледі. Сүтті тек таңғы аста ішуге ғана емес, сонымен бірге оны шөлді қандыру үшін, күні бойы қолдануға болады. Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде сүт және сүт өнімдерінің көп түрлері бар. Олардың ішінде өзіңізге және отбасыңызға пайдалыларын қалай таңдауға болады? Бірнеше пайдалы кеңеске құлақ салыңыз:

1.Сүт пайдалы тағам болғанымен, ол тез бұзылатын азық-түлікке жатады. Сондықтан сүт немесе сүт өнімінің қорабындағы тұтынушыға арналған ақпаратқа «жарамдылық мерзіміне» көңіл бөліңіз;

2.Технологиялық өңдеуде табиғи құрылымы бұзылмаған сүт және сүт өнімдерінің қолданылу мерзімі қысқа;

3.Кейбір сүт жіне сүт өнімдерін құрғатыл-ған майсыз сүтті қалыптастыру арқылы, ал майлылығын өсімдік майын қосу арқылы өндіреді, бұл деректер сүт немесе сүт өнімі құрамы туралы тұтынушыға арналған ақпаратта жазылады. Ондай өнімнің пайдалылығы жайында осы мақаладан кейін әркім шешім қабылдар.

4.Айран және басқа қышқыл сүт өнімдері дәстүрлі түрде айран ашытқы саңырауқұлақтарын қолдану арқылы өндіріледі. Көп жағдайда құрғақ ашытқы концентраттарын қолдану арқылы өндіріледі. Ол жайында да тұтынушыға арналған ақпаратта деректер жазылуы қажет.

Сүт өнімдерінің қоректік құндылығы Сүт күнделікті емдәмнің айырбасталмайтын және аса құнды компоненті, ең жақсы және ең арзан кальций көзі болып табылады. Сондықтанда, қазақта «Айран сүйек өсірер» деген мақал бар. Кальций сүйек құрылымын қалыптастыруға және тістердің минералсыздануын болдырмауға қатысып қана қоймай, сонымен бірге жүректің дұрыс жұмысын (дұрыс ырғақты және қысқару күшін қамтамасыз етеді), қанның дұрыс ұюын, сондай-ақ бұлшық еттер мен жүйке жүйесінің жұмысын қамтамасыз етіп, көптеген физиологиялық үрдістердегі қажетті элемент болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *