ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨСУ ҚАРҚЫНЫ — САУРАННЫҢ СЕРПІНДІ ДАМУ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірдің батыс жағындағы ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізген болатын.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.

Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», — деген болатын.

Биыл аудан тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен 191 жоба 1 267 млн. теңгеге қаржыландырылды. Атап өтсек:

Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба қаржыландырылып, 3 175 мал сатып алынды.

Өсімдік шаруашылығы — 9 жоба қаржыландырылып, жалпы көлемі – 1,7 га жерге жылыжай салынды.

Балық шаруашылығы – 2 жоба қаржыландырылып, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері — 5 жоба қаржыландырылып, 5 техника сатып алынды.

Өз кәсібін ашуға — 10 жоба қаржыландырылып, 2 наубайхана, 2 газоблок, 1 пластиктен құрылыс заттарын шығаратын цех, 1 дәнекерлеу цехы, 1 пеноблок шығару өндірісі, 1 шлакоблок шығару цехы, 1 пенопласт шығару өндірісі мен 1 ағаш өңдеу цехтары ашылды.

ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деген болатын.

Осыған орай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округінде алдыңғы кездесулерде көтерілген мәселелерге тоқталып, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.

«Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз», — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

Ауыл тұрғындары тарапынан Жібек жолы елді мекеніндегі Жалпақсай көшесіне тас төсеп беруін, жарықтандыру мәселесі айтылды. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша келер жылға Жібек жолы ауылдық округі енсе деген ұсыныстарын білдірді. Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтарылса, ауданға жазғы маусымда балалар демалатын жазғы демалыс орнын салу қажеттігін, қарияларға арнап, әр ауылда оңалту орталығы ашылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аудан әкімінің ауылдық елді-мекендердің тұрғындарымен болған кездесуде алдынан шығатын маңызды мәселелердің бірі егістікке ағын суларды жеткізу жайы. Себебі, су тоғандары мен қоймалары ескі, бетонды (лотоктар) арналар шұрық-тесік. Соған орай, Жібек жолы округінің диқандары Арыс-Түркістан каналы арқылы егістік алқаптарына ағын суды жеткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Жібек жолы ауылдық округіне Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су 2004 жылға дейін ерте көктем және күз айларында күздік егістік алқабына су берілген болатын. Қазіргі таңда, Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су беріліп жатқан жоқ. Себебі, Бөген су қоймасынан келетін егіс көлемі ұлғайған. Осыған байланысты, үстіміздегі жылы Сауран ауданының маслихат жиналысында «Тұран су» мекемесінің орынбасары мен «КазСуШар» РМК мекемесінің инженерінің қатысуымен, «КазСуШар» РМК мекемесінің теңгеріміндегі Р-46, Р-47, Р-48 каналдарын «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу және Р-45 каналынан бастап 80 см биік орналасқан жерлерді төмен түсіріп, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге келісім берілді. Бұл жұмыстар жүргізілген жағдайда, Жібек жолы ауылына ағын су таратылатын болады.

Суармалы жердегі скважиналық құдықты заңдастырып беру мәселесі туралы да айтылды. Егістік жерде орналасқан тік ұңғымалар Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің коммуналдық меншігіне заңдастырылған. Ағын суды егістік жерге пайдалануға мүмкіндік бар.

Тұрғындар әкімнен Сырдария өзені бойында орналасқан 664 гектар суармалы жерге баратын суландыру жүйесі бетонды лотоктың заңды меншік иесін анықтап, жөндеуден өткізіп, іске қосып беру жөнінде ұсынысын білдірді.

Аудан әкімінің баяндауынша, Сырдария өзені бойында орналасқан 18,85 шақырымдық бетонды арықты Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі тарапынан коммуналдық меншікке алынған мемлекеттік актіні Сауран ауданына өзгеріс жасап, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтауға ауылдық округі әкімдігіне тапсырма берілген. Құжаттар толық рәсімделгенен кейін «Тұран су» мекемесіне немесе сенімгерлік басқаруға беру жолдарын қарастырылатын болады.

Ауыл тұрғындары пайдаланылмай келген жекеменшік жайылым жерлерді ауылдың ортақ жайылымына қосу барысында ауылға алшақ орналасқан жерін алмаса деген ұсынысын жеткізді. Ауыл округ әкімі аппараты және жергілікті қауымдастықтың жиналыс хаттамасы негізінде келісілген жайылымдық жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждығына ала отырып, ауыл әкімі аппараты теңгеріміне ортақ жайылым үшін сәйкестендіру актісі рәсімделеді. Қалай болғанда да, ортақ жайылымды таңдау барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері ескерілетін болады.

Жиынға келген ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

МАЙДАНТАЛДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Жақында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров  Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынды Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов ашып, жүргізіп отырды.

Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы ауыл тұрғындарының алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелері бойынша жеке дара тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен бірге ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды атап өтті. Бұдан бөлек, алдағы 2024 жылға аудандық бюджетке ауылдық округтегі өзекті мәселелерді енгізу бойынша ұсыныс пікірлері жүзеге асатынын жеткізді.

Ауыл тұрғындары тарапынан су жиналатын Тоғанның мәселесі бұған дейін де көтерілгенін айтып, ағын судың жоқтығын, тас арықтар ескіргендігін, соларды жаңартуын сұрады. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар табиғи газбен қамту мәселесін алға тартты. Елді мекен ішіне адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейне бақылау камералары, мен бағдаршамдар орнатылса деген ұсыныстарын жеткізді. Егізқара елді мекеніне жол салу, электр жарығы бойынша мәселе де айтылды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастырды. Жиын соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сұрақтарына назар аударып, айтылған мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ

Сонымен қатар аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың кездесуі Жүйнек ауыл округі тұрғындарымен өтті. Өткен кездесуде тұрғындар тарапынан 19 мәселе көтерілген болатын. Қазіргі таңда оның біршамасы шешімін тапқандығы айтылды. Аудан әкімі алдымен ауданда атқарылған біршама жұмыстарға тоқталып өтті. Аудан бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Аудандағы сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші – 84,7%-ды пайызды құрап отыр.

Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 млрд. 164 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд 260 млн теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандағы барлық көпірлер күрделі жөндеуден өткізіледі. Жүйнек ауыл округі бойынша ортақ жайылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды. Алдағы уақытта 7 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, тұрғындарға ортақ жайылымға беріледі.

Қазіргі кездегі ең өзекті мәселенің бірі де бірегейі ауылдық жердің өзінде инфрақұрылымдық мәселелерінің шешілмеуіне байланысты тұрғындардың жеке үй салып алуына жер берілмей келгендігі. Ауыл округ бойынша 2 мың адам үй салып алуға жер кезегінде тұр. Тұрғын үй салуға бөлінген жерлерге инфроқұрылым тартылатын болса, жер кезегіне тұрған азаматтарға кезегімен беріле бастайтын болады.

Жиында тұрғындар тарапынан бірнеше мәселе көтерілді. Тұрғындардың сұрауына орай заман талабына сай емхана қажет. Көшелердің жарықшамдары жанбайды. Тұрғындар тарапынан жолға бейнебақылау камералары орнатылып, жол кедергілері қойылса деген талаптары бар. Байланыстың нашарлығы да халықты әуре-сарсаңға салған.

Барлық ұсыныс-талаптарды мұқият тыңдаған аудан әкімі 2024 жылдың бюджеті халыққа қажетті деген істерге жұмсалатындығын айтып өтті. Үлкен құрылыс жұмыстары инвесторларды тарту арқылы жүргізілетіндігін атап өтті. Есепті жиын соңында тиісті сала мамандарына тапсырмалар беріп, орындалуы өзінің қатаң бақылауында болатынын айтты.

Ауданда сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жүйеленіп жатыр. Жүйнек ауыл округінде де жарық шамдары жаңаруда. Тозығы жеткен электр желілері ауа райының қолайсыздығынан жиі сөнетін. Тұрғындар мәселені әр кездесуде ұдайы көтерген. Аудан әкімінің бастамасымен электр желілерін жаңарту жобасы жасақталып, ауыстыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бабыр көшесі тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Көшеге соңғы үлгідегі жарық шамдары орнатылуда. Жыл соңына дейін аудандағы барлық көшелердің жарық шамдары жаңартылады деп күтілуде.

ҚАРАШЫҚТАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың кездесуі Қарашық ауылдық округі тұрғындарымен өтті. Аудан әкімі алдымен ауыл округінде атқарылып жатқан жұмыстардан бастады. Қарашықты табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, ішкі газ құбыры бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік өтінім жолданған. Жоба құны – 4 956,093 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, магистральды газ құбырын жасау бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алуға жолданған.

Өткен жылы жергілікті бюджет қаржысына 6 дана трансформатор орнатылып, алдағы уақытта қосу жұмыстары жүргізілді. Келісім шарт құны — 9,8 млн.теңге тұрады. Құмтүйін елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім жолданған. Жоба құны – 106 млн теңге тұрады. Қоқыс полигонының аумағына қоршау жұмыстары жүргізілген. Қарашық-Құмтүйін тас жолының қиылысында бағдаршам орнату жұмыстары жүргізіліп, техникалық шарт алу жұмыстары жүргізілуде.

Қарашық ауыл округі бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 82 өтінім түскен. Аудан әкімі несиесін уақытылы ала алмай отырған тұрғындардың мәселесін жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар ауылішілік көшелерге тас төсеу жұмыстарын, ауыз су жетіспеушілігін, көнерген электр бағаналарын жаңартуды аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және АЖ бөліміне ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін аяқтауды тапсырды.

— Қарашық ауыл округі кезінде диқаншылықпен танымал болған. Халқы еңбекқор. Ауылдың әлеуетін көтеріп отырған ірі кәсіп иелері бар. Олармен өзара келісіп, тұрақты түрде жұмыс жасаймыз. Ол үшін аумағы 350 гектар құрайтын индустриалды аймақ құрып жатырмыз. Аймаққа кәсіпкерлерді тартып, құжаттарын даярлауға қолдау көрсетеміз. Ауылда көтерілген мәселені тұрғындармен бірлесіп шешейік. Мен тәулік бойына сіздердің мәселелеріңізді тыңдап, шешім қабылдауға дайынмын,-деп түйіндеді өз сөзін Мақсат Асылбекұлы.

ШЫРАЙЛАНҒАН ШОРНАҚ

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан орталығы Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде елдің әлеуметтік мәселелерін көтеру жайына тоқталды. Аудан орталығының тұрғындары алдымен сапалы сумен қамту мәселесін көтеруде. Қазіргі таңда Қозмезгіл елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңі бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданған. Мердігер мекеме — «ДИАС-проект» ЖШС. Келісім-шарт құны – 16,4 млн теңге тұрады. Шорнақ елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңі бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жолданған. Мердігер мекеме — «ДИАС-проект» ЖШС. Келісім-шарт құны – 10 млн теңге тұрады.

Бұдан кейін тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ету, ескі бағаналарды ауыстыру жайы толғандырады. Осыған орай, Қосмезгіл және Шорнақ елді мекендеріндегі ескі электр бағаналары мен электр желілерін ауыстыруға жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жоба құны – 608,291 млн теңге тұрады. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаражатты бөлуге республикалық бюджетке ұсынылған. Қазіргі таңда Шорнақ елді мекенінің ішкі көшелеріне 9-дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Тан Строй Сервис» ЖШС. Келісім-шарт құны – 22,4 млн теңге тұрады.

Сауран ауданы орталығы мәртебесін алғалы бері қыруар жұмыстары атқарылғанымен әлі де орындалар жұмыстары көп. Мәселен, Сауран ауданынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық магистралдық бойын абаттандыру жұмыстары төрт кезең бойынша жүргізілуде. Мердігер мекеме – «SIS Строй» мен «Ерасыл Құрылыс 2013» ЖШС-рі. Келісім-шарт құны – 133,2 млн теңге тұрады. Шорнақ елді мекеніне 50 дана қоқыс жәшігі мен орындықтар орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Шымкент Гранд Строй» ЖШС. Келісім-шарт құны – 10,5 млн теңге тұрады.

Шорнақ елді мекені әкімшілік іскерлік орталығы аумағына саябақ құрылыс жұмыстарын жасау 2024 жылға жоспарланған. Мердігер мекеме «Saryuisin Holding» ЖШС мен «Prof Facade» ЖШС-гі. Жоба құны — 224 млн теңге тұрады. Қосмезгіл елді мекеніндегі Кеңтоғай, Шоқан Уәлиханов көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Astana Smart Plus» ЖШС. Келісім-шарт құны — 32 млн теңге тұрады. Аша елді мекенінде жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС-гі жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, келісім-шарт құны – 10,9 млн теңге тұрады.

Шорнақ ауылдық округі бойынша тоғыз көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер мекеме — «Шалхар Бастау» ЖШС. Келісім-шарт құны – 43,6 млн теңге тұрады. Шорнақ ауылдық округінде 4-дана жасанды жол кедергісімен 20-дана жол белгілері орнатылды.

Осыған орай, ауданнан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес экономикалық аймақ құрылды. Қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақта Украиндық инвесторлардың бастамасымен тоңазытқыш құрастыратын кәсіпорын ашылады. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Мұнан өзге елді мекендерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылады. Жиын соңында аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалауды тапсырды.

— Қадірлі көпшілік. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу міндетіміз. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Сіздермен еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызды тыңдауға қашанда дайынмын,-деп Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы он үш ауылдық округ тұрғындарымен кезекті есепті кездесуін аяқтады.

PS: Қазақта «Құдайдың екінші аты –халық» деп айтылады. Қазіргі таңда сауатты халқымыз әрбір мемлекеттік қызметшінің қағыс қадамын бақылап, қадағалап, атқарылмаған жұмыстар мен орындалмаған уәделерді дер кезінде ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерде жариялауға әбден машықтанып алған. Сауран ауданының тұрғындары да бұдан құралақан емес. Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуы билік пен халықтың ынтымағы һәм бірлігінің арқасында кестеге сай жүзеге асырылатындығы даусыз. Сондықтан, үш жылда үшінші әкімді ауыстырып отырған Сауран ауданының жұртшылығы мен билігінің бірлесе атқарған жұмыстарына құт-береке тілейік.

Ескендір ЕРТАЙ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *