МАҚТААРАЛДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ АЯСЫНДА 30 ЖЫЛ БОЙЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН «М-39» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ ТАЗАЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына мақтааралдықтар белсене қатысуда.

Бүгін аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан көлемінде жаппай сенбілік өтіп, 30 жыл бойы қараусыз қалған М-39 «Ташкент-Термез» халықаралық автожолының бойы жабайы шөптер мен күл-қоқыстан арылды.

Мақтаарал ауданының жұртшылығы экологиялық акция аясында өтіп жатқан сенбілікті мерекелік көңіл-күймен бастап, мәдениет қызметкерлері ән-жырдан шашу шашты. Жиналған көпшіліктің алдында аудан басшысы сөз сөйлеп, экологиялық акцияның еліміз үшін маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Аудан әкімі Өзбекстан мен Қазақстан Республикалары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, достық қатынастарды жандандырып, туысқан екі ел арасында алтын көпір бола білген «М-39» автожолының бойына тазалық жұмыстарын жүргізу – бұл еліміздің саясаты үшін де маңызды іс екенін түсіндірді. «Сырдария», «Целинный» шекара бекеттері мен «Сапар» базары орналасқан магистрал жолға алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті. Өз сөзінде ол: Қоршаған ортаны, табиғатты аялау – туған жерін қадір тұтатын әрбір азаматтың перзенттік парызы. Қазіргі таңда облыс пен қала тұрғындары игілікті бастамаға бірлесе атсалысып, таза өлке үшін тазалық пен сенбілік жұмыстарына белсенді түрде атсалысып жатыр. Табиғатты аялау, тазалықты ұстау ол тек қала үшін ғана емес, бәріміз үшін ортақ дүние — деді аудан әкімі Бақыт Асанов

Іс-шараға аудан әкімі аппараты, кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері, дербес бөлімдердің мамандары, халықты жұмыспен қамту орталығы, спорт, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, аудан бойынша шекара басқармасының сарбаздары және аудан тұрғындары қатысты.

Жалпы аудан бойынша сенбілік жұмыстарына 6560 адам, 26 техника қатысып, 27 тонна күл-қоқыс шығарылды. «М-39» халықаралық автожолының Мақтаарал ауданындағы ұзындығы 24 шақырымды құраса, соның тең жартысы тазаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *