Өткен жыл еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиғалармен есте қалды. Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформалардың жалғасы ретінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Еліміздің тарихында алғаш рет пилоттық режимде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтіп, сайлаушылар тікелей дауыс беру арқылы облысымыздағы төрт ауданның әкімін таңдады. «AMANAT» партиясы елдегі ірі, ықпалды саяси күш ретінде осы сайлау науқандарының бел ортасынан табылды.
Партияның Түркістан облыстық филиалы қоғам мен мемлекет игілігі жолында қандай қызмет атқарып жатыр? Осы сауалдың жауабын білу үшін саяси ұйымның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар партия екенін жақсы білеміз. Түркістан облысы тұрғындарының партияға деген сенімі қай деңгейде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партия қызметін қайта құрылымдауға арналған партияның кезектен тыс съезінде егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең- байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат екенін айтты. Әр азамат үшін қастерлі бұл құндылықтар жүрек түкпірінде сақтаулы. Парламент Мәжілісінің спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы Президентіміздің қоғамдық тірегі санатында мемлекеттілікті нығайтудың және ел бірлігін бекемдеудің алғы шебінде қызмет атқарады, – деді.
Жаңару мен жаңғыру миссиясын алған ұйымның Түркістан облысы бойынша 82 мыңнан астам мүшесі бар. Облыстың аудан, қалаларында партияның 17 аумақтық филиалы қызмет атқаруда. Ірі кәсіпорындарда, бюджеттік ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілерде, шаруашылықтарда 241 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеп жатыр. Партия мүшелерінің саны бойынша да, ұйымдық құрылымының кеңдігі жөнінен де республикада Түркістан облысы көш бастап тұр. Ұйымның республикадағы барлық мүшелерінің 10 пайыздан астамы – түркістандық партияластар.
Азаматтар партияға жеке бастамасымен және өз еркімен мүше болады. Партия азаматтардың түрлі көзқарастары мен ой-пікірлері тоғысатын, үндесетін алаңы болып қалыптасқан. Қызметі түбегейлі жаңарған партия құрамына қосылғысы келетін азаматтардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы партияның Түркістан облыстық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары арқылы 2 449 адам партия қатарына жаңадан қабылданса, өткен жылы бұл көрсеткіш 3 338 адамға жетті.
«Партия қызметінің мәні не?» дейтін сауалға келетін болсақ, ең әуелі мынаны айтар едім. Жалғыз шырақ сәуле болмайды. Мемлекет мүддесі мен ел тағдыры, аймақ тынысы мен ауыл тіршілігі тұрғысында жалғыздың жөнін емес, көптің жоғын іздеу әлдеқайда маңызды. Ұстаным жақындығы, мүдде ортақтығы және мақсат-міндеттердің орайластығы азаматтарды бір саяси партия аясына жұмылдырып, мемлекеттік биліктің қоғам сұраныстарына сай әрекет етуіне ықпалын тигізіп келеді.
Партияға мүше азаматтардың басым бөлігін экономикалық белсенді жастағы тұрғындар құрайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, ісімізге жаңа леп әкелетін жас буын қолдау көрсетіп, олардың арасынан салмақты саяси көшбасшылар шығару үшін еңбектеніп жатырмыз.
Келтірген деректерден халықтың партияға деген сенімінің жоғары екенін, ұйым ұстанымының тұрғындарға ұнамды сипатта өріліп жатқанын байқаймыз. Демек, «AMANAT»-тың беделін ел ішіндегі абыройымен өлшейтін болсақ, оны қоғамда өзіндік орны бар белді саяси ұйым деп бағалауға болады.
– Сайлау – партия қызметінің тиімділік деңгейін көрсететін кезең. Өткен жылы электоралды науқандарда «AMANAT» партиясы қандай көрсеткіштерге ие болды? Таңдау жасалған өкілдер партия үмітін ақтап отыр ма?
– Қызмет мәнін жаңа формацияға бейімдеп, түбегейлі жаңа ұстанымдарды алға шығарған «AMANAT» партиясының бүкіл миссиясы әділ қоғам құруға бағытталған. Осы мақсатқа жету жолында еркін ойлы, өзінің білімімен жетілген адамдарға мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында өкілдік етуге мүмкіндік беру – партиялық қызметтің мәні.
2023 жылғы наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында «AMANAT» партиясы қызмет тиімділігін көрсетіп, халықтың жоғары бағасына ие болды. Партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына түскен 7 саяси партия ішінен «AMANAT» партиясы сайлаушылардың 53,9 пайыз даусына ие болды. Түркістан облысынан партиямыз ұсынған 4 кандидат: Ерлан Тұрсынбайұлы Абдиев, Қайрат Рахым-ұлы Балабиев, Темір Базарбайұлы Қырықбаев, Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Осы сайлау науқанында «AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша сайлаушылардың 56,9 пайыз даусын алды. Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мандат саны 338 болса, соның 271 мандатын, яғни облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының 80,1 пайызын «AMANAT»-тық өкілдер иеленді.
Депутат жұмысының тиімділігі партия қабылдаған сайлауалды бағдарламаны іске асыруымен және сайлаушылар білдірген өтініштердің орындалуымен бағаланады. Бүгінге дейін сайлаушылардан келіп түскен 1 748 өтініштің барлығы мәслихат депутаттарының бақылауында тұр. Оның 75,5 пайызы оң шешімін тапса, қалғандары белгіленген мерзім ішінде қаралады.
Түркістан облыстық мәслихатындағы өзім жетекшілік ететін партия фракциясының мәжілістерінде мектеп құрылысы, табиғи газ, ауыз су жүйелерін тарту, электр қуатының сапасын жақсарту, жол салу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жайылым тапшылығын шешу мәселелері қаралды. Кентау қаласындағы №5 Жылуэнергоорталығын жаңғырту жұмыстары, Шаға елді мекеніндегі жол, аяқжол құрылысы, Талдыбұлақ елді мекенін газбен қамту, бірқатар елді мекендерде интернет байланысының сапасын арттыру мәселелері оң шешілді. Депутаттардың табандылық танытуының нәтижесінде ел ішіндегі көптеген түйіндер тарқатылып, өңірлік даму бағдарламаларының тізбегіне енгізілді.
Өңірдің жергілікті басқару тарихында алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Өкілді және атқарушы билік тармақтарының өзара ынтымақтастық жағдайында әрекет ететін алаңы боп бекіген осы форумға Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды қатысып, «AMANAT» партиясы халық сеніміне ие болған жетекші ұйым екенін айтты. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолында депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар өзара үйлесімді жұмыс жүргізсе, өңірдің дамуы серпінді болатынын атап өтті.
Айтулы жиынға партия атынан өкілдік ететін депутаттар қатысып, сайлаушылардың өтініштері мен талап-тілектерін облыс әкімінің орынбасарларына, салалық басқарма және департамент басшыларына тікелей жеткізді. Форум барысында айтылған 102 ұсыныстың орындалуы партия филиалының тұрақты бақылауына алынып, облыс әкімдігінің салалық басқармаларымен бірлесе іске асырудың жолдары белгіленді.
Сондай-ақ, партияның Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының отырыстарын өткізіп, Саяси кеңес мәжілісін шақырды. Күн тәртібінде – партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын бекіту, сайланбалы лауазымдарға партия өкілдерін ұсыну мәселелері қаралып, партияның шын мәніндегі мақсаты бір ұжымдық ұйым ретіндегі үлгісін көрсетті.
Президент жария еткен саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде пилоттық режимде өткен аудан әкімдерінің сайлауында Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарында «AMANAT» партиясы ұсынған кандидаттар айқын дауыс басымдығымен аудан әкімі лауазымдарына тағайындалды. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 46 әкімшілік бірлікте өтіп, оның 42-сінде партия ұсынған кандидаттар сайланды. Бұл көрсеткіштер де партияның халық алдындағы беделінің биік екенін паш етіп тұр.