Бұл туралы Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында нақтылап айтқан болатын. Сұхбатты жүргізген Дихан Қамзабекұлы Президентке «Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деуге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?» деген сауал қойды. Мемлекет басшысы бұл сұраққа кеңінен тоқталды:
– Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды.
Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты «қасіретке айналдыруға» ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.
Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.
Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн.
Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды.
– Мұның бәрі еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейтінін білдіреді. Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС «жасыл» энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?
– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.
Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.
Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.
Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.
– Былтыр сыртқы саясат саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Қазақстан түрлі саммиттер мен форумдарда өз ұстанымын барынша салмақты жеткізе білді. Сіз әлемдік деңгейдегі көшбасшылармен көптеген кездесу өткіздіңіз. Әсіресе, өңірлік «С5+» үлгісіндегі басқосулардың маңызы арта түсті. Мұның бәріне Сіздің әлемдік дипломатиядағы абырой-беделіңіз де белгілі бір дәрежеде ықпал еткені анық. Алдағы уақытта сыртқы саясатымызда қандай айтулы оқиғалар болмақ?
– Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыстым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе, көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды.
Сіз «С5+» үлгісіндегі ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын дұрыс аңғардыңыз. Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды.
Тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл еді. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Айтпақшы, Қазақстан төраға ретінде биыл да осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық ететінін жаңа ғана айтып өттім.
Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады.
БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Франциямен бірлесіп «One Water Summit» халықаралық форумын өткізу туралы уағдаластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ.
– 2024 жылдың наурыз айында Ресейде президент сайлауы өтеді. Бұл оқиға жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзербайжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз.
Ресейде өтетін президент сайлауының біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз.
Былтыр Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі болғаны анық. Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.