ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРҒА САЯ БОЛАР САЯБАҚТАР — 2

Шығыс пен батыстың сәулеттік үлгісі үндескен Түркістан қаласындағы өзіндік ерекшелігімен есте қалатын тағы бір демалыс орны «Жібек жолы» саябағы. 2020 жылдың тамызында жаңарған Түркістанның жаңа саябағы жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз қылған. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:

«Жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістанда жаңа инфрақұрылымдық нысандардың ашылып жатқаны қуантады. Қала тұрғындары мен туристерге арналған сапар орталығы мен «Жібек жолы» саябағы да көпшіліктің көзайымына айналатынына сенімдімін»- деп жазған еді.

2019 жылы құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған нысанды Мемлекет басшысына сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі таныстырған. 2021 жылы пайдалануға берілген саябақ , 2024 жылы жаңа нысандар мен жасыл бөліктері көрекейе, көріктене түсіп, бүгінде  келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композициясы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Алып аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отырғызылған. Түркістанды жасыл желекке айналдырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.

Саябақтың саясына тынығуға келген кез-келген азамат үшін бұл жерден жанына тыныштық, бойына қуат алуға мүмкіндік бар. Сан түрлі сауық орындары атын атап, түсін түстеп өтуге әбден лайық. Олардың көшін қырдағы байқау алаңы бастап тұр. Сәулеттік шешімі бабаларымыз мекен еткен киіз үй мен шаңырақты еске түсіріп, іргелес жатқан аумаққа жоғарыдан көз салуға мүмкіндік сыйлаған. Балаларға арналған атракциондар, алып көру шеңбері, шулы субұрқақтар мен жасанды көлдер көптің көңілінде ұзаққа сақталады.

Ауасы таза, аумағы жасыл желекпен көмкерілген саябақта барлық жағдай қарастырылған. 1071 дана жарықшамдары демалыс орнын кешкі уақытта да жанға жайлы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Сондай-ақ, саябақта 177 орындықпен 4,58 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқысы келетіндер үшін де бұл жер таптырмас демалыс орны. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жүгіру және велосипед жолақтарын айта кетсек болады. Еуропалық стандардтарға сай салынған жолақтар өз велосипеді барлар үшін ғана пайдалы емес. Бұлай деуіміздің себебі, «Turkistanbike» жалға беру пунктінде демалушыларға қос дөңгелекті көлікті жалға алуға мүмкіндік бар. Ал, командалық спортпен айналысқанды жаны сүйетіндер үшін салынған футбол, баскетбол алаңдары мен теннис үстелі келушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін аңғару қиын емес.

Түркістан қаласы – еліміз үшін ғана емес, күллі түркі жұртшылығы үшін маңызы жоғары мекен. Құт қонған киелі шаһардың өркендеп-өсуі үшін жасалып жатқан жұмыстар талайды таңдай қақтырып, көз жауын алардай әсер беретінін жоққа шығара алмаймыз. «Ұлы Жібек жолы» деген атпен әлем тарихында алтын әріппен жазылған керуен жолының орын теуіп, Еуропа мен Азияның арасында алтын көпір болған көне Түркістанның бүгінгі бет-бейнесіне, келбетіне көрік қосқан «Жібек жолы» саябағы да уақыт өте өзіне тиесілі бағасын аларына күмән жоқ. Сөзіміздің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін ұсынған едік. Шынында да, ел президенті өз пікірінен жаңылмағанына уақыт куә. Саялы саябақ қазіргі таңда қаланың мақтанышына, туристердің көзайымына, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.

Демалысыңызды пайдалы және ләззатпен өткізумен қатар, көптеген биік-биік ағаштар арасымен серуендеуді қаласаңыз «Дендросаябаққа» бет алыңыз. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған бұл нысанның басты мақсаты — шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.

Саялы саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған. Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.

Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп.

Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.

Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5 552- ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.

Түркістанның түрленуіне өзіндік үлес қосқан демалыс орындарының ішінде қазақ ұлтының қос алыбына арналған қос аллеяның ойып тұрып алар орны бары сөзсіз. Төрелігі түркі жұртының темірқазығына айналған Төле би, қазылығы қазақ елінің қазынасына баланған Қазыбек биге киелі мекеннен саябақ ашылмауы әбестік болар еді. Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *