Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ел аумағында 2 млрд. көшетін отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек», деген болатын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Бұл бағытта Түркістан облысында жұмыс жүріп жатыр. Жуырда облыс әкімі аппаратының отырысында Түркістан өңірі мен облыс орталығын көгалдандыру, абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту, көшелерді тазалау, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Өңір басшысы егілген көшеттерді күтіп-баптауды, абаттандыру және тазалық жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.
«Аппараттан бекітілген инспекторлар өздері жауапты аудан, қалаларды аралап, қандай жағдайда екенін қарап шықсын. Тазалық, нысандарды күтіп ұстау, абаттандыру, жарықтандыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған өзге де жұмыстарды тексерсін. Арнайы қаржы бөлінген соң атқарылған жұмыс та сапалы болуы тиіс. Саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау, қаланы суландыру, көгалдандыру, ағаш егу, құрылыс жұмыстары қатаң қадағаланады. Санитарлық тазалық шаралары да талапқа сай жүруі тиіс. Саябақтарға тексеру жүргізіліп, егілген ағаш саны жоспардағы көрсеткішпен салыстырылсын. Егер жоспардан аз егілген болса, жауапты мердігер мен әкімдіктер кемшілікті жоюы қажет», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Түркістан қаласында қолданыстағы саябақтар, гүлзарлар, көшелер мен жасыл аймақтарды тазалау, жинау, жасыл желектерді (ағаш, бұталар, көгал, гүлдер) күту және егу, шағын сәулеттік формалар мен ескерткіштерді, субұрқақтарды, суғару жүйелерін күтіп-ұстау және салу жұмыстары жыл бойы жүргізіледі.
Түркістан қаласының әкімдігінің мәліметінше, шаһарда 318 гектарды құрайтын 32 саябақ, 59 гектарды құрайтын құрайтын 34 сквер және аллея, 68,4 гектарды құрайтын 31 көше, 121 гектар 13 жасыл алаңдар мен аймақтар бар. Қала бойынша көгалдандыру және күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ қызмет атқарады.Мекемеде 250 қызметкер бар. Сонымен қоса аталған жұмысқа мердігерлер тарапынан 1470 жұмысшылар көгалдандыру жұмысына жұмылдырылған. 2023 жылы жалпы қала аумағында 210 000 дана 10 түрлі біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланып, оның 60 000 данасы егілді. Қалғанын осы айдың соңына дейін отырғызу жоспарлануда. Облыс орталығына 17 түрлі бейімделген 249 000 дана ағаш көшетін (көктем мезгілінде 100 000 дана, күз маусымында 149 000 дана) егу көзделіп отыр. Сонымен қатар 42,3 гектар аумаққа 3 саябақтың құрылысы жүргізілуде.
Түркістанның басты мақтаныштарын тізбектегенде ең алдымен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, одан соң, «Керуен сарай» кешені, үшінші кезекте «Жаңа қала» мөлтек ауданы ойға келеді. Бірақ, тұрғындардың пікірінше, шаһардың басты жетістігі көгалдандыру жұмыстарының қарқыны күшейіп, саялы саябақтардың санының артуы. Иә, күллі түркінің түп қазығына баланған тұмар қала Түркістанда саябақтар мен скверлер саны ай санап артуда. Бұл келген қонақтардың ғана емес, жалпы тұрғындардың көз қуанышы, ауыз толтырып айтар мақтанышы. Бүгінгі таңда, түрленген Түркістанда 35 саябақ бар. Бұл жалпы аумағы 318 гектар жерді алып жатыр. Оларды күтіп ұстау үшін 2500 жұмысшы мен 450 техника жұмылдырылған. Шаһар тарихында ойып тұрып орын алатын демалыс орындарының көшін «Жеңіс» саябағы бастайды. Қарт қаланың кешегісі мен бүгінгісіне куә бұл саябақ 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне аталған саялы орынның қазіргі келбеті көз қызықтырарлықтай. «Жеңіс» саябағындағы балаларға арналған ойын алаңшалары, атракциондар, заманауи скейт-парк пен футбол алаңы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Қаланың қақ ортасында орын тепкен демалыс орынында 3000 шаршы метрге гранит төсегіш төселіп, 2500 ағаш отырғызылған болатын. Саябақ аумағы толықтай түрлі-түсті жарықшамдармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, шахматтық дизайнда құрғақ фонтан бой көтеріп, тас жолдар төселген.