Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында елдегі саяси реформаға қатысты билік ұстанымын жеткізді. Сұхбаттағы Дихан Қамзабекұлы , билікті сынап жүргендер, оның ішінде Батыстың өкілдері де, Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз?— деген сауал қойды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы қойылған сұраққа тура жауап берді:
– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ.
Керісінше, реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді. Мен былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.
Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.
Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?
Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты.
Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын.
Қазір Парламентте түрлі көзқарастағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер бар. Парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілді.
Соңғы сайлауда Мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.
Көптеген шетелдік сарапшылар мен әріптестер, соның ішінде Батыс елдерінің мамандары, Қазақстандағы демократиялық реформалардың озық үлгіде екенін айтып, оған қолдау білдіріп отыр. Шынымен де, біз геосаяси төңірегімізде ауқымды демократиялық өзгеріс жасап, адам құқықтарын қорғау ісінде зор табысқа жеткен бірден-бір елміз.
– Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?
– Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.
Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.
Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.
Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам.