САУРАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – КӘСІП БАСТАУ ҮШІН ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарының назарына «Ауыл аманаты» жобасы жайлы аз-кем мағлұмат беріп өтуді жөн санап, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұсынып отырмыз.

«Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып не дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 3 220 жоба қаржыландырылады. 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

«Ауыл аманаты» – ауылдарды сақтап, ондағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Тіпті, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына да ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары екен. Бұрын-соңды іске асырылмаған бұл тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту болып саналады. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігері, табыс табуға деген қызығушылығы арта түспек.

Осы ретте аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген азаматтарды кооперативке бірігіп, аудандағы ірі сүт өндірісі, мал бордақылау алаңдарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету жолдарын айтып өтті. Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан экономикамыздың қозғаушы күшімен табыс көзі де ауылшаруашылығы саласы. Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 95,4 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемі-100,8% құрады. Атап өтсек, өсімдік шаруашылығы – 67,4 млрд. теңге (100,9%), мал шаруашылығы – 27,5 млрд. теңгені (100,4%) құрады. Биылғы жылы 44082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 1945 гектар артық орындалды. Бұл 104,6 % құрайды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 8,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе артты.

2024 жылы ауыл шаруашылығы бойынша жалпы құны — 10,4 млрд. теңгеге 7 ірі және 35 шағын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығында жалпы құны — 3,8 млрд.теңгеге 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Атап өтсек, Ескі Иқан ауылдық округінен «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта майын өндіру цехын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны — 500 млн теңге құрайды. Ол жүзеге асырылған кезде 10 адам жұмыспен қамтылатын болады. Оранғай ауылынан «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 150 тонналық кондитерлік, тамақ және жартылай фабрикат өнімдерін сақтайтын қойма жобасын жүзеге асырмақ. Жоба құны — 2,3 млрд теңге құрайды. Жоба жүзеге асқан кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Шаға ауылынан «ЯССЫ Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЖШС 588 гектар жерге жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз егу жобасын бастайды. Жоба құны — 578 млн теңге тұрады. 20 адам жұмыспен қамтылады. Жаңа Иқан ауылынан 2024-2027 жылдары іске асатын «Казтекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта кластері жобасы бастауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны — 1,5 млрд теңге болса, отыз адам жұмыспен қамтылады.

Инвестордың негізгі мақсаты 4 кезеңнен тұрады. Алдымен мақтаны қайта өңдеу зауытын салу, 2025 жылы — мақта майы және кір сабын, қалған қалдығынан мал азығын шығару жобасы, 2026 жылы — мақта талшығынан жіп өндіру, 2027 жылы — мата шығару жобасы.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ. Аталған жобаның шартына қысқаша тоқталсақ: несие ірі қара малдың аналығына бес бастан, қой аналығына он бастан және биелерге бес бастан бастап беріледі. Азаматтар несие түріне қол жеткізу үшін: біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді; екінші қадам –  жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды; үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.

Бұл тұрғыда алынған малдың 7 жылдан аспайтын мерзімге берілетінін атап өту қажет. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50 пайыздан аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі –  несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады.

Тиісінше, барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Осы ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға бөлінетінін айту қажет. Бұл тұрғыда өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Одан бөлек, несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Тағы бір айта кетерлігі – «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Жалпы, биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін қосымша жұмыстар нәтижесінде 16 ауданнан 64 ауылдық округ таңдалып алынып, бүгінге дейін 75 кооператив құрылыпты. Бизнес-жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен жалпы 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Тиісінше, жоба аясындағы жұмыстар басталғаннан бері «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ға «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс көлемінде құны 17,9 млрд. теңгені құрайтын 3409 жоба бойынша өтініш түскен. Оның ішінде 3 018 жобаны уәкілетті орган қарап, жалпы құны 14,2 млрд. теңгені құрайтын 2437 жоба мақұлданған. Өз кезегінде, құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын 1 797 жоба қаржыландырылыпты. Алдағы уақытта аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 3 220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге артады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда «Ауыл аманаты» – жол тапқан адам үшін таптырмас мүмкіндік.

Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі. Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.  Өз кезегінде, кооперативтер малдарды азықтандыру және басқа шығындарды азайтуға көмектеседі.

Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру 2023 жылы басталады. Шағын кредиттер ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен кепілдікті нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады. Осылайша «AMANAT» партиясы аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау танытып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Ауқымды ақпараттық марафон 40 күнге жалғасты. Сарапшылар 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Ақпараттық науқан аясында Қазақстанның 17 облысындағы 179 ауданның 394 ауылы мен ауылдық округінен 250 мың адам қамтылды.

Сонымен қатар бүгінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарының ашылуы үшін, инвестициялық жобалар көптеп қолға алынып жатыр. Осы ретте Сауран ауданында кәсіпкерлердің басын қосқан алғашқы бизнес-форум өткен болатын. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған бизнес-форумның мақсаты алыс жақын шетел және отандық инвесторларды тарту есебінен тиісті салалар бойынша өнеркәсіптік және туристік аймаққа айналдыру.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданға 28,0 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Оның 18,2 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен. 2024 жылы 32,4 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоспарланып жатыр.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі 110,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 114,8%-ға артып, жан басына шаққанда 1 млн. теңгені құрады. Жалпы, өнімнің ішінде 86,3%-ы ауыл шаруашылығы, 9,2%-ы өнеркәсіп саласы, 3,2%-ы құрылыс саласы болса, 1,3%-ы сауда саласының үлесінде. Өнеркәсіп саласында 10,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 416,0 млн.теңге өнімі өндірілген. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар.

Кәсіптерін дамытуды көздеген азаматтарға ыңғайлы жағдай жасайтын Шаға ауылдық округінен 30 га аумаққа индустриалды аймақ және Оранғай ауылдық округінен 365 га аумаққа арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан форумда тоғыз жолдың торабында орналасқан Сауран ауданының потенциялын тиімді пайдалану тетігі ұсынылды. Форумға жиналған кәсіпкерлер бұл басқосу ауданның өсіп-өркендеу сатысындағы маңызды оқиға екенін айтты. Форум аясында аудан әкімдігі кәсіпкерлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында құны 10 млрд. теңге тұратын 8 инвестициялық жоба бойынша кәсіпкерлермен меморандум түзілді. Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік кеңесі құрылады. Бауырлас қалалардағы кәсіпкерлермен қарым-қатынас нығаяды. Ауданға инвесторларды тарту арқылы жеңіл, тау-кен, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін, туризм кластерін дамыту арқылы аудан экономикасын көтеруді көздеп отыр.

Бизнес-форумда Өзбекстан елінен келген кәсіпкерлер ауданда жүзім өсіруге ниетті екенін жеткізді. Шетелдік кәсіпкерлер жүзім кәсібіне 3,5 млрд. теңге инвестиция салмақ. Форум аясында аудандық кәсіпкерлер алдында презинтация жасап, жүзім өсірудің тиімділігін кеңінен түсіндіріп өтті. Аудан климатына қолайлы жүзімнің төрт түрімен таныстырды. Қазақстанда жүзімді өсіріп, алыс-жақын шетелдерге экспорттаудың да тиімділігін атап өтті. Осыдан біршама жылдар бұрын ауданға қарасты Ескі Иқан ауыл округінде мыңдаған гектар алқапқа жүзімнің 12 түрі өсірілген екен. Өзбекстандық кәсіпкердің айтуынша, жүзімді заман талабына сай плантацияда өсіруді қолға алмақ. Жоба іске асырылса, аудан жүзім алқабына айналады. Бизнес форум аясында аудан әкімдігі мен шетелдік кәсіпкер арасында меморандумға қол қойылды. Инвесторлық жоба 2024-2029 жылдарға жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, «INVEST IN HAYOT» компаниясының басшылығына өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырған болатын. Аймақ басшысы өзбекстандық ірі компаниямен жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді.

Компания агро-логистикамен айналысады. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сақтау мен экспорттауда озық технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Ливан, Египет, Германия, Қырғызстан, Грузия елдерімен белсенді жұмыс жүргізеді. Жүзімнің сан алуан түрі мен өзге де жеміс-жидек пен көкөністерді шетелге экспорттауда агроконсалтинг қызметтерін көрсетеді.

Кездесуде компания басшыларымен жүзімнің көптеген түрін өсіретін заманауи тұқымбақ пен зертханасын құру жайлы талқыланды. Шаруа қожалықтарына жоғары табысты жүзім сорттарын жеткізуді ұйымдастыру, экспорттау жобалары туралы айтылды.

Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, заманалық бау-бақша мен жүзімдіктерді құру және интенсивті көкөніс шаруашылығын жолға қою арқылы өнімділікті арттыру, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жоспарлар ортаға салынды. Облыс әкімі өңірдің кешенді даму жоспарында инвесторлар тарту, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударылғанын баса айтты. Жергілікті билік бірлескен жобаларды қолдауға дайын екендігін айтып, бірлесіп шаралар жүргізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, агросала дамылсыз дамып жатқан Түркістан облысында банан өсіру ісі жандана түспек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Gen group Qazaqstan» компаниясының құрылтайшыларымен кездесіп, өңірдегі агросаланы дамыту бағыттарын талқылады. Банан өсіруді мықтап қолға алған түрік компаниясы Сайрам ауданында 5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Жылыжайда жылына 1000 тоннадан астам банан өндірілмек. Компания құрылтайшылары Тимур Утешов пен Абдулла Исмаилов кешен көлемін кемінде 2 есе арттыруды көздейтіндерін жеткізді. Елімізде баламасы жоқ жобаның жалпы құны 19,4 млрд. теңгеден асады.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер Түркістан облысында манго, авокадо сынды экзотикалық жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Жылыжайда сондай-ақ құлпынай мен қызанақ өседі. Сонымен бірге қияр мен көкжидек өсірмек. Жылыжай құрылысы соңғы үлгідегі технологиямен салынып, жылу мөлшерін бақылайтын жүйемен жабдықталған.
Кездесуде Түркістан облысының әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Жыл сайын бір ғана дақыл екпей, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өсіру өңірде кеңінен қолға алынған. Сондықтан банан өсіруді қолға алғысы келетін диқандарға қолдау болады. Аталмыш компания банан өсірудің қыр-сырымен бөлісуге дайын. Сонымен қатар кездесуде Түркістан қаласындағы азық-түлік белдеуін кеңейтіп, банан өсіруді қолға алу мәселесі талқыланды. Бұл мәселе жан-жақты зерттеледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *