ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берген болатын. Атап айтсақ, ең әуелі ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды.

-Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым– деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай Түркістан өңірінде қоршаған ортаға байланысты түрлі зерттеулер тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінде зерттеулер нәтижесі өңірдің табиғи ерекшеліктеін назарға ала отырып, тиімді технологиялар жасауда. Осындай жарқын жобаларға бастайтын орталықтың бірі —  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  «Экология» ғылыми-зерттеу институты. Аталған институтты 2008 жылдан бастап техника ғылымдарының докторы, профессор Ақбасова Аманкүл Жақанқызы басқарып келеді. Осы жылы  институт ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғи ресурстарды қорғау және пайдалану қызметтеріне қатысты жұмыстар жүргізуге Мемлекеттік лицензиясын (01234Р №0042385) алды. Профессор Аманкүл Ақбасова   институттың тыныс-тіршілігі туралы ондағы жұмыстың жай-жапсарын  бізге баяндап берген-ді.

«Экология» ғылыми зерттеу институтының басты мақсаты – биосфера нысандарына түсетін антропогендік қысым деңгейін төмендете алатын, өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау мен оларды өндіріске енгізу. Табиғи материалдар және антропогендік қалдықтарды өңдеу арқылы алынған белсенді заттар мен басқа да өнімдерді пайдаланып, жаңа геохимиялық кедергілер, ремедиция әдістері арқылы ластанған экожүйелерді залалсыздандыру мен зарарсыздандырудың экологиялық және экономикалық тұрғыдан  тиімді технологиясын жасау.  Осы ретте, біз гранттық қаржыландыру негізінде Түркістан – Кентау – Отырар аймағы бойынша  «Қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші реттік шикізаттық және тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді және тиімді технологиясын жасау және оны  ендіру  жобасын жүргізіп келдік», дейді институт директоры.

Институттың лабораториясы ҒЗИ үшін маңызды критерийлердің бірі.  Институт  2018 жылы ҚР Ғылым Қорының 100 млн теңге көлемінде грантын жеңіп алған, бұған    қосымша университет тарапынан  20 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, патенттелген  «Экологиялық бақылау және химиялық талдаулар» лабораториясын ашты. Ғалымның айтуынша, бұл университеттегі патенттелген жалғыз лаборатория, тіпті өңірлердегі  ЖОО-ларда мұндай лабораториялар кездесе бермейді екен.

Біз институт директорымен ҒЗИ-дің теориялық және тәжірибелік жұмыстарының базасында қандай  ғылыми негізделген технологиялар жасалынып, жүзеге асқандығы жөнінде білгіміз келген. Ғалым мұны былай түсіндіреді:

1.Жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың әлемдік деңгейдегі белгілі әдістерімен (ұзақтығы 4-6 ай) салыстырғанда жылдамдатылған әдісі негізінде жетілдірілген вермитехнологиясын жүргіземіз. Бұл технология 2016 жылы өзінің зияткерлігін Ресей Федерациясының өнертабыстық патентімен расталды( құжат нөмірі №2577059).

2.Химия өнеркәсібінің күкірт-перлит құрамдас қалдықтары мен ауылшаруашылығының қалдықтар негізінде белгілі әдістерден ерекшеленетін бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынды (ҚР инновациялық патенті алынды, құжат нөмірі №30232, жариялану күні 17.08.2015ж., Еуразиялық патент №201500458/26, ЕАПО).

3.«Вермитехнология – биотехнологияның бір бағыты. Вермитехнологияда ауылшаруашылығы қалдықтарын, малдардың қиларын, өсімдіктердің шірінділерін араласырып ферментациядан өткізіп біз оған қызыл калифорниялық құртарды жібереміз. Процесс нәтижесінде биомасса өндіреміз. Ол биомассаны түрлі мақсатта  пайдалануға болады. Фармация өндірісіне де, ауылшаруашылығына да, малдарға антибиотик ретінде, мал  азығына биологиялық қоспа ретінде қолдануға болады. Бұл препарат өсімдіктердің өсімі мен дамуына бейімдейтін қасиетке ие, сонымен қатар, мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға жағдай жасайды. Яғни, ауыл шаруашылығының экологиялық таза өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Бұл препаратты жануарларға ғана емес  адамға да қолдануға болады. Алайда, оған рұқсат алу керек. Оны өндіріске ұсыну үшін  рұқсатнама алу өте машақатты жұмыс болып тұр. Сол себепті біз мұны  әзірге жануарларға қолданып отырмыз», дейді ғалым. (Бұл да патенттелген препарат: («Препарат для лечения трихофитии животных». Авторы: Акбасова А.Д., Саинова Г.А., Аймбетова И.О. Патент на изобретение №32326. Опубл. 31.08.2017.).

ҒЗИ кейінгі үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі  жұмыстар жүргізіп келеді. «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» деген  жобаны орындаған. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, патенттелген заманауи өндірістік цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Институт биогумус, азықтық қоспа өндіруде.

«Биогумус –  жерді өңдеуге, топырақты, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Азықтық қоспаға қарағанда нарықта  биогумуске көбірек сұраныс бар. Бірақ, мұны да ұйымдастырып, жарнамасын келістіріп сату жағын ұйымдастыратын маман болмай тұр бізде», —  дейді Аманкүл Жақанқызы.

Институт сондай-ақ, биоорганикалық тыңайтқыштар,  мелиорантты тыңайтқыш,  т.б өнімдер шығарады. Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауытымен («СКЗ-U» ЖШС) 2012 жылдан бері  жүйелі  жұмыс істеп келеді. Зауыттың қалдықтарын кәдеге жаратып утильдеу жүргізеді. Тыңайтқыш миллерантын алады.  Күкірт перлитті қалдығы, өте пайдалы қалдық. Оны алып  сумен, әкпен қайнатып ағаштарды күтіп-өңдейтін күкіртті-әк тұнбасын  жасайды. Ол тұнба университеттің  Ботаникалық бағындағы, университет кампусындағы ағаштарды күтуге, түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға арналған ерітінді ретінде пайдаланылады. Ғалымның айтуынша, сарғайған, зиянкестерден  зардап шегіп «ауырып қалған» ағаштарды сол ерітіндімен өңдеп-емдеп, қалпына келтіруге болады. «Бұл әрине, бір жағынан институт жүргізіп жатқан зерттеулер болса, бір жағынан  сол зерттеу нәтижелерінің  тіршілікте қолданылып, өндіріске енгізіліп жатқан нәтижелері. Бізге егіс және бау-бақша шаруашылығы бойынша жиі сұраныс болады. «Жақсы екен, тиімді екен, бірақ ақшамыз болмай тұр» деп, азын-аулық алып кетеді. Біз айтып отырмыз, осы өнімдерімізді сату, шаруашылықтарға арзандау бағада жетуі үшін мемелекет тарапынан субсидияланатын болса, тиімді болар еді. Біз тек шығарып беріп отырамыз.  Азықтық қоспа әзірге 2 тонна дайын өнім бар, бигумус болса да  дайын тұр. Сұраныс болса, қайтадан алып тағы да шығаруымызға болар еді, әзірге тоқтап тұр», дейді.

Институт жүргізген  екі жоба бойынша: биогумус және азықтық қоспа өндіріліп жатыр. Екеуі де ауылшаруашылығы өндірісі үшін өте тиімді, пайдалы дүниелер.

Жаңақорғандағы Күкіртқышқылы зауыты («СКЗ-U) мен Ащысай түсті металл комбинаты қалдықтарын пайдалана отырып, түрлі декоративті құрылыс материалдарын жасап шығарған. «Бас ғимарат  алдындағы алаңқайға төселген плиткалар да   ғылыми қызметкер Дилара Әзиханованың магистрлік диссертациясы зерттеулерінің өндіріске ендірілген нәтижесі. Ол плиталар  институттың зертханасында жасалып, патенттелген. Міне,  осының бәрі институт мамандарының ізденісі, зерттеулердің нәтижесі. Жүргізген жобалар бойынша баспадан еңбектер шығарылды. Институт қызметкерлері еңбектер жазып, баспадан шығарумен ғана шектелмей, ол зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізіп жатқан жайы бар», дейді ғылыми зерттеу институтының директоры.

                                                 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *