КИЕЛІ ШАҺАР КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ – 2

Қаланың жартысы кәріз жүйесімен қамтылды. Облыс орталығындағы ең өткір проблемалардың бірі – кәріз жүйесінің жоқтығы болатын. Сондықтан шаһарда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы еш үзіліссіз өте жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. Айталық, 2020 жылдың қорытындысымен қаланы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 32,2 пайыз ғана болса, биылғы бірінші тоқсанда 4 нысаның құрылысы аяқталып, көрсеткіш 48,9 пайызды құраған. «Бұл тұрғындар саны күн сайын көбейіп, құрылыс қарқын алған қала үшін жақсы көрсеткіш» дейді мамандар. Осы ретте БАҚ өкілдері «Бекзат» шағынауданындағы 118 көшені қамтамасыз ететін, ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысымен танысты.

Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі мамандарының айтуынша, қазір шаһардағы сарқынды су желісінің ұзындығы 127,25 шақырымды құрайды. «27 сарқынды су сору және тазалау нысаны жұмыс істеп тұр. Былтыр «Иассы» шағынауданы мен «Тұран» тұрғын үй массиві кәріз жүйесімен қамтылса, биыл 12 нысанның құрылысы іске асырылуда. Сонымен қатар, қосымша 3 нысанның құрылысы республикалық бюджетке  қаржыландыруға ұсынылды. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда қала аумағын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 80 пайызға жетеді»  дейді олар.

Түркістандықтар енді топырақ кешпейді

2020 жылы Түркістандағы жолдардың 301 шақырымы асфальт, 296,9 шақырымы тас төселген және 361,7 шақырымы топырақ жол болған. Ал, өткен жылы асфальт төселген жолдардың ұзындығы 383,9 шақырымға жетіп, 461,1 шақырым жолдың жағдайы қанағаттанарлық жағдайға келтірілген. Яғни 3 жылдың ішінде қала аумағындағы топырақ жолдар мәселесі толық шешімін тапқан. Бұл жайында қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Оспан Арман айтып берді.

– 2021 жылы 4 нысанның құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа мен көпір салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындармен кездесу барысында «Бекзат» шағынауданының тұрғындары теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салуды сұраған болатын. Осыған байланысты биыл 2 көпірдің құрылысы басталды. Былтыр сарқынды су жүйесі жүргізілген және қоғамдық көліктер қатынайтын 47 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол толығымен аяқталды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға баратын және қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол төселді. Қазір 4 жолдың құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сонымен қатар, 89 көше мен 2 жайлы мектептің тұсына, жалпы 102,1 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр, – деді Арман Оңал-ханұлы.

Шәкірттер қолөнерге бет бұруда

БАҚ өкілдері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, сол маңдағы этно-ауылда ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнершілер көрмесін де тамашалады. Қазір қалада 115 мүшесі бар «Turkistan Qol oner» одағы және Түркістан қалалық балалар қолөнер мектебі жұмыс істейді. Бұл мектепте 475 оқушы өз қабілеттерін шыңдап, ата дәстүрге бет бұрып жатыр. Қолөнершілерді қолдау мақсатында көрмелер, сайыстар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, шеберлер халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысып тұрады. Мәселен, өткен жылдың ақпанында осы салаға зерттеу жүргізіп, жергілікті шеберлермен тәжірибе алмасу мақсатында бірлестік мүшелерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласы мен Ферғана облысына іссапармен барған. Ал, мамыр айында Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» іс-шарасының ресми ашылуына және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысқан. «2024 жыл – Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» аталған болатын. Осыған орай 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысындағы туризм саласының өкілдерімен қатар қолөнер одағының төрайымы мен бірнеше қолөнерші арнайы қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынған.

Туризм және меймандостық университетіне – 5 жыл! Нәтиже қандай?

Баспасөз туры биыл 5 жылдығын атап өткелі отырған Халықаралық туризм және меймандостық университетінде түйінделіп, БАҚ өкілдері оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы–ректоры Әлібек Шоқпаров қатысып, қала мен университетке қатысты журналистердің сауалдарына жауап берді.

Өз кезегінде университет ректоры Әлібек Шоқпаров бұл білім ұясы туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет екендігін айтты.

– Биыл құрылғанына 5 жыл толып отырған университет алғашқы түлектерін ұшырмақ. Университет 2021 жылдың желтоқсанында республика жоғары оқу орындарының арасында бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) бекітілген мүшесі болды. 2023 жылы қазан айының басында университет Түркияның жоғары білім кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілді. Университет – қызмет көрсету саласы үшін кадрлар даярлайтын, өзінің білім беру бағдарламаларына дуальді оқыту элементтерін енгізген Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны, – деді Әлібек Жұмабекұлы.

Қазіргі таңда екі жарым мыңнан аса студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде мұндағы шәкірттердің 2338-і грант негізінде білім алса, 216 студент ақылы негізде білім алады. Биыл университет алғашқы 463 түлекке диплом табыстамақ.

Түркістан – биыл ресми түрде түркі әлемінің туристік астанасы. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қалаға ерекше мәртебе беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаһарда салынып жатқан нысандар да, игілікті іс-шаралар да көп. Қандай да бір істегі басты қағида – проблемалардың бетін жылы жауып қою емес, керісінше оның түйінін тарқату болса керек. Өзіміз өткен аптада қатысқан баспасөз турынан осыны аңғардық.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *