ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласының өсіп-өркендеуі жолында халыққа жайлы жағдай жасау мәселесі алғашқы орында тұратыны бүгінгі заманның талабы екені белгілі. Қазір Түркістан қаласының барлық аумағында дерлік құрылыс жұмыстары қарқында жүріп жатыр. Инфрақұрылым жаңарып, жол төселіп, көше бойындағы арықтардан су аға бастады. Сәулеті көзді арбайтын ғимараттар бой көтерді.  Мұның бәрі Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы нақты қадамдар десек болады. Осы ретте қала әкімі Н.Тұрашбеков халықпен кездесіп, есеп беру жиындарын өткізіп жүр.

Қала аумағында биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып маңызды іс-шаралар атқарылу жоспарлануда. Атап айтқанда, қоғамдағы өзекті мәселелерге айналған тұрмыстық зорлық зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, ертежүктілік құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында іс-шаралар атқарылады. Осы шараларға тұрғындардың қатысуы маңызды болып саналады.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бекзаттық тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Жалпы, Бекзат секторында 47 мың тұрғын, 7400 тұрғын үй орналасқан. Онда 118 көше, 5 мектеп, 8 балабақша, 1 аурухана, 84 кәсіпкерлік нысан бар. Өткен жылы тұрғын алабында бірқатар тындырымды істер жасалды. Атап айтқанда, ұзындығы 6 шақырым жолға ауыз су жүйесі тартылып, іске қосылды. Нәтижесінде 386 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылды. М.Жұмабаев пен Мұстафин көшелері қиылысына жаңа трансформатор орнатылды. Т.Бәйтерекұлы, І. Есенберлин көшелерінде орналасқан көп қабатты екі тұрғын үйге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Т.Бәйтерекұлы, Есенберлин, Құлан Ақын, Т.Әбуов көшелерінде бес балалар ойын алаңшасы бой көтерді. Тұрғындар өтініші негізінде О.Жандосов, А.Үсенов, Самал көшелеріне 18 аялдама қойылып, №30 қоғамдық көлік бағытына 10 жаңа автобус қосылып, 10 дана жаңа автобус №31 қоғамдық көлік бағытында жұмыс жасауда. Сондай-ақ, 40 көшеге тас, бес көшеге асфальт төселді. Он көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. 2023 жылы құрылысы басталған А.Навои және Жәңгір хан көшелеріндегі жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі. Жолаушылар жайлылығы үшін Қалаби көшесі 4 жолаққа кеңейтіледі. Биылғы жылы Бекзат секторы 1200 орындық жайлы мектеппен толығады. Жоспар бойынша сектордағы «Нұр» мектебі аумағына саябақ салынып, екі балалар ойын алаңшасы жасақталмақ. Теміржол вокзалы аумағындағы жаяу жүргіншілер көпірі абаттандырылып, тұрғындар өтініші бойынша №3 қоғамдық көлік бағытына өзгерту енгізілмек. Одан бөлек, 2023 жылдан өтпелі 98 шақырымды құрайтын орталық кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Бүгінде оның 72 шақырымы аяқталды.

Бүгінде облыс орталығында жоспарланған кәріз жүйесі жобаларының құрылысы жалғасуда. Атап айтқанда, «Бекзат» мөлтек ауданында 118 көшені қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы, «Иассы» шағынауданының «Ыждыхат» тұрғын үй алабы орамішілік кәріз желілері құрылысы, «Тұран» тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы (2-кезек), сондай-ақ, 12 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, қосымша 3 нысан құрылысы республикалық бюджетке  қаржыландыруға ұсынылды. Олар: «Баянауыл» шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы, №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы, «Иассы» шағынауданы, «Бірлік» тұрғын үй массиві кәріз жүйелерінің құрылысы (2-кезек).

Аталған жобалар толықтай іске асырылғанда шаһар аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Басқосу қала әкімінің биылғы жылы секторда атқарылатын жоспарлары бойынша баяндамасымен басталып, тұрғындардың толғандырған мәселелері мен ұсыныстарын тыңдаумен жалғасты. Орындалған тапсырмалардың нәтижесінде Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер абаттандырылып, төрт қосымша ойын алаңшасымен толығып, үй ауласына 500-ден аса ағаш отырғызылды. Инфрақұрылым саласы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, сектордың ауыз сумен қамту көрсеткіші — 98%-ға, кәріз жүйесімен қамтылуы — 95%-ға өсті. Сондай-ақ, мөлтек ауданда 11 шақырым жарық желісі жаңартылып, 3 трансформатор ауыстырылып, 13 жаңа трансформатор орнатылды. Сектор 5000 түп ағашпен, 4 балалар ойын алаңшасымен толығып, Руханият саябағы қолданысқа берілді. Одан бөлек, сектордың 47 көшесіне (50 шақырым) асфальт төселді. Арыс- Түркістан каналы үстінен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, Жаңа қала мен 9-шы көшені байланыстыратын көпір құрылысы жүруде. 2А, 2, 4А, 4 бағытындағы қоғамдық көліктер сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстырылып, жүйелі қатынауда. Ал, биылғы жылғы атқарылатын жұмыстарға тоқталар болсақ, сектордағы Парасат саябағы толық қайта жаңғыртудан өтіп, жер аумағы кеңейтілмек.Төрт трансформатор орнатылып, 18 шақырым электр желісі жаңартылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *