Н.Жүсіпбаев: «БҮГІНГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ – ҚАЛАДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІН 5 %-ДАН ТӨМЕНДЕТУ….»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» Үндеуінде жастардың жұмыссыздығын басты назарға алды. Мемлекет басшысы: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді» деп баса айтқан болатын. Осы ретте түркістандық мемлекеттік қызметкер, Түркістан қалалық  Мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Жүсіпбаевтың алға қойған мақсат, сайлаушылар аманатын арқалауда ел алдындағы есептілігі мен жауапкершілігі туралы аз -кем айта кетуде жөн санадық. Оның әсіресе, әлеуметтік осал топтардың жұмысқа орналасуына көмек беру арқылы елдегі әлеуметік эконмикалық ахуалдың тұзелуіне аз да болса үлес қоссақ деген ниетін құптауға болады

Түркістан қалалық мәслихатының жұмыс регламенті аясында депутаттардың халықпен ұдайы кездесіп отыру қағидасы 6 секторда ай сайын жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде халықтың өтініші мен депутаттық сауалдар негізінде көптеген мәселелер жауапты сала мамандары арқылы шешімін табуда. Осындай игілікті істердің бел ортасында жүрген жастардың бірі -. Шетелдік жоғары оқу орнын, дәлірек айтсақ, Швейцария Менеджмент университетінің бизнес басқару мамандығын тәмамдаған Нұрсұлтан Үмбетұлы жас кәсіпкер ретінде түркістандықтарға жақсы таныс.

Нұрсұлтан Үмбетұлы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің «Түркістан қалалық Мансап орталығы» филиалының директоры болып жуырда ғана тағайындалған еді. Жас кәсіпкер әрі қалалық мәслихат депутатының жаңа қызметтегі жай-күйін, алдағы жоспарларын білу мақсатында қосымша бірнеше сауал жолдаған болатынбыз.

— Қызмет ұсынылған соң қабылдадық, әрине. Кез келген мемлекеттегі ең маңызды фактор халық пен адамдар. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, халық өздігінен жұмыс таба алмаған жағдайда біздің орталық көмегіне жүгіне алады. Біз тұрғындарға қандай бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасуға болатыны, қай мекемелерге қызметке тұруға болатыны және оның қалай жүзеге асатыны туралы толық көмек береміз. Әсіресе, әлеуметтік осал топтардың жұмысқа орналасуына көмек беру арқылы олардың жағдайын жақсартуға үлес тигізіп жатырмыз деген сезім болуы керек. Бұл жұмысқа өзіңе емес, өзгеге, халыққа пайдамыз тисін деген сезіммен, оймен келу керек. Қазір қаламыздағы үлкен мәселе — жұмыссыздық деңгейін 5 %-дан төмендету. Шаһар басшысы да бұл мәселеге тоқталған болатын. Қазіргі таңда Түркістанға келген ірі инвесторлар, қандай да бір кәсіпкерлер жұмыс орнын ашамыз десе, біз «Мансап» орталығынан меморандум жасау арқылы қала азаматтарын жұмысқа жұмылдыруға күш салмақпыз. Осы жоспар алдағы уақытта біздің басты бағытымыз, міндетімізге айналады. Аталған жұмыстар қаламыздағы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай азайтады деген үлкен сенім бар, — деп қорытындылады Н.Жүсіпбаев. Жоғарыда айтылғандай, халық қалаулысы бүгінде жеке кәсіпкер ретінде жұртшылыққа танымал. Қала орталығындағы 200 баланы қамтитын «FARABI SCHOOL» бастауыш мектебі балаларды тегін оқытып қана қоймай, ыстық тамақпен қамтуда. Нұрсұлтан мырзаның айтуынша, аталмыш мектепте білім беретін жоғары санатты мұғалімдер де, спорт үйірмелеріне қатыстатын оқушылар да облыс, республика деңгейінде үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.

Азаматтың келбетін айшық­тайтын іс – атқарған істері мен антына адалдығында. Игі іске үлес қосу, көптің батасын алу да – азамат үшін абыройлы міндет. Ел сенімін ақтау жолында елеулі істерді еңсеріп жүрген азамат-тарға артылар жүк қашан да ауыр болар сөзсіз. Бұқара мен билік арасын жалғайтын азаматтардың ел үмітін ақтап, үдесінен шығуына тілектеспіз.  Н.Жүсіпбаев орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген азамат, былтыр ғана Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен халықаралық жас көшбасшылар премиясында «Жылдың ең үздік әлеуметтік жас кәсіпкері» атанып, ел мерейін асырды. Аталған премияға Брикс және Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері, Қазақстан, Бразилия, Индия, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Оңтүстік Африка және Ресейден өкілдер қатысып, жас көшбасшылар бес номинация бойынша сайысқа түскен еді. Нәтижесінде «Жылдың үздік әлеуметтік кәсіпкері» номинациясын жерлесіміз Нұрсұлтан Жүсіпбаев жеңіп алды. Қалалық мәслихат депутаты ретінде шаһардың, облыстың спорт, мәдениет, жастар саясаты салаларын дамытуға өз үлесін қосып жүрген жігерлі азаматпен аз-кем әңгіме өрбіткен едік. Кейіпкеріміздің халық қалаулысы және кәсіпкер ретінде атқарған жұмыстары туралы әңгіме өрбімек.

— Халық қалаулысы ретінде сайланған соң, барлық атқарған жұмыстарымыздың бағасын халықтың өзі бере жатар. Ең басты көтерген мәселеміз — жастар мәселесі болған еді. Түркістан облысында, киелі қаламызда жастарға қандай жағдай жасалып, қандай мүмкіндіктер беріліп жатқаны бірінші бағытымызға айналды. Жастарға жалдамалы қолайлы баспана беру бойынша мемлекеттің бағдарламасы бар. Айына 10-15мың теңге төлеу арқылы біздің өңірдегі жастар өздеріне қолайлы баспананы жалға алуға мүмкіндік алса, бұл жастарға жақсы жағдай қалыптастырар еді деп ойлаймын. Осы бағдарламаны біз Түркістан облысына алып келгіміз келді. Қазіргі уақытта өңір басшыларымен бірлесіп осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі біздің облыс — жастар ең көп шоғырланған аймақ. Өңірде 35 жасқа дейінгі 750 мыңға жуық жастар бар десек, облыс орталығында не аудандарда жұмысқа орналасқысы келетін жастарды алдымен қолжетімді әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз ету ең басты мәселе болып тұр, — дейді Н.Үмбетұлы. Алдағы уақытта ел дамуына елеулі серпін беретін жалынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылса, бұл да болашаққа жасалған айқын қадам болары анық. Халық қалаулысы ретінде «AMANAT» партиясының қолдауымен қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып жүрген азамат аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балалар үшін бірнеше әлеуметтік бағыттағы жобаларды ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, өңірдегі үстел теннисінен жыл сайынғы турнирлер мен «Коворкинг» жастар орталығын, «AQYLMAN» интеллектуалды ойындарын да айта кеткен жөн.

— Партия жанынан бірнеше іс-шараларды қолға алған болатынбыз. Мысалы «AMANAT TENNIS CUP» үстел теннисі турнирі 2022 жылы басталған еді. Алғашқы жарыс Түркістан қаласында өтті. Былтыр ғана осы турнирге 2007-2013 жылы туған әрі одан кіші жасөспірімдер және 18-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас, 60-69 жас, +70 жастан жоғары ардагер спортшылар қатысты. Жарыста Қызылорда облысы, Атырау облысы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы, Түркістан облысынан Сайрам ауданы, Бәйдібек ауданы, Отырар ауданы, Ордабасы ауданы, Жетісай ауданы, Сарыағаш ауданы, Мақтарал ауданы, Төле би ауданы, Сауран ауданы және Түркістан қаласынан сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстаннан 400-ге жуық спортшы бақ сынады. Аталған турнир биыл да өз жалғасын табады деген сенім бар. Бұл біздің облыстың спорттағы әлеуетін арттырып, халықаралық байланысты нығайтуға өз септігін тигізетін жұмыс десек артық емес. Бүгінгі таңда жастар да, үлкен адамдар да қызығушылық танытатын интелектуалдық ойындарды атауға болады. Осындай зияткерлік жобаларды облыс орталығында іске асыру үшін «AMANAT AQYLMAN» ойынын қолға алған едік. Былтыр бұл байқаудың бірінші кезеңінде 17 аудан-қаладан үздіктер іріктеліп, ақтық кезең Түркістан қаласында өтті. Бұл да өз жемісін берген жақсы жобалардың бірі деуге болады, — дейді халық қалаулысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *