ЕРЕН ЕҢБЕК АСЫЛ МҰРАҒА ДЕГЕН ҚҰРМEТ БЕЛГІСІ

Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасына айналып келеді. Сан ғасырлар бойы қаншама қиындықтарды басынан өткерген Иасауи мұражайының өзі де осы жердегі тұрғылықты халық көрген небір сұмдық оқиғаларды бастан кешті. Келмеске кеткен Кеңес дәуірінің кезінде дінсіздердің демеуімен мал қораға айналған кезеңі де бастан өтті. Түркістандық атпал азаматтардың арқасында Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста араға 54 жыл салып, Эрмитаждан киелі шаһарға оралған Тайқазанның тағдырын біреу білсе, біреу білмес. Ендеше осы Тайқазанның оралуына жан-тәнін салып кіріскен Нұрмахан Назаров ағамыз арамызда жүр.
Облыс, республиканы қойып Мәскеуге, Одақ басшылығына жеделхат салып, Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды қайтаруды сұраған қайсар жан туралы айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков: «Біз білер өмірде екі Нұрағаң бар, Олардың екеуі де ұлы адамдар. Бірі оның Нұрмахан Назаров қой, Екіншісі кім еді деп сұрамаңдар» деп төбесіне көтере жырлаған еді.
Ахмет Ясауи мүзейі директорының барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, жеделхатты жеке өз атынан жолдауы ол заманда ақырған арыстанның аузына өзі кіргенмен тең ерлікке пара-пар еді. Жариялылықтың алғашқы жылдарында Түркістан азаматтары түрлі деңгейде музейге Тайқазанды қайтару туралы мәселе көтеріп жүргенді. Сол кезде Кремльге, Кеңес Одағы мен Қазақ Республикасының басшылығына жіберген мына екі хатынан соң, тура 28 күн өткенде бұйрық шығады.
Осылай Ахмет Ясауи мешіт – мұражайының сол кездегі директоры Нұрмахан Назаров «Тайқазанды» КСРО Мәдениет министрі В.Г. Захаровтың бұйрығымен Эрмитаждан қабылдап алады. Эрмитаж мұражайының директоры, КСРО халық депутаты, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, академик Б.Б.Пиотровскийдің қазақстандықтарға, түркістандықтарға жолдаған хатын оқып көрелік:
«Қымбатты достар! КСРО Мемлекеттік Эрмитажы Қожа Ахмет Ясауи Мавзолейінің қасиетті қазанын сіздерге шын жүректен қайтарады. Біз оны 54 жыл бойы аялап, күтіп сақтадық. Ленинград қоршауда қалған қатерлі күндерде де мұқият болдық. Енді сіздер де оны халқымыздың ұлы мәдени мұрасы ретінде сақтаңыздар».
Оқиғаның жай жапсарын сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи музейінің директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан НАЗАРОВтан сұраған едік.
– Нұрмахан ата, әңгімені Тайқазанның Ленинградқа, әлем көз тігетін Эрмитажға қалай барғанынан бастайықшы?
–1935 жылы Иран өнеріне арналған халықаралық конференция Ленинград пен Мәскеуде бірдей өтті. Міне, осы алқалы жиынның көрмесіне уақытша қою үшін деген арнайы мәмілемен Түркістандағы Тайқазан аттай қалап алдыртылған екен. Негізінен сол жылдың 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда, ал екі қорытынды мәжілісі Мәскеудегі Қызыл Армия үйінде өткен ІІІ Халықаралық конгрестің күн тәртібіндегі басты тақырыбы «Иран өнері мен археологиясы» еді. Әлемдік ғылыми қызығушылық тудырған осынау келелі мәселені ой елегінен өткізіп зерделеуге Австрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, КСРО, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция сынды барлығы 18 елден 188 ғалым делегаттар және конгрестің 153 мүшесі қатысқан. Эрмитаждың Шығыс бөлімі бойынша ұйымдастырылған көрме 84 залды толайым толтырып тұрды дейді. Меймандар назарына Эрмитаждың өзінің қисапсыз қазына жәдігерлерімен қатар Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Түрікменстан және Украина музейлерінен әкелінген экспонаттар ұсынылады. Алдын ала белгіленген күн тәртібіне орай 46 ғылыми баяндама жасалады. Осының ішінде КСРО тарапынан 18 баяндама ортаға салынып, онда академик А.Ю.Якубовский өзінің «Темір дәуіріндегі Орта Азия шеберлері» атты баяндамасының тең жарымын Ақсақ Темірдің Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін жасаттырған қола бұйымдарына арнайды. Айта кетсек, мұндағы қоладан жасалған бұйымдардың саны 11 екен. Яғни, бір қазан, алты шырағдан және есіктерге орнатылған төрт балға. Тайқазан туралы ғылыми тұрғыдағы тұңғыш толғамды сөз осы халықаралық конференцияда айтылған. Тайқазанның Конгресс көрмесіне қатысуы Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін сол налалы отызыншы жылдарда үлкен жұбаныш еді. Бағзыдан бергі Иран өнерінің құрамдас бөлігі саналған, көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен қазанның қазақ мәдениетінің ошағынан табылуы да, біле білсек, арқауы үзілмес абырой болды.
-Ал енді осы Тайқазанның Қазақстанға 54 жыл оралмауының сыры Кеңес Одағының аз ғана ұлтқа жасалған кеудемсоқ саясатының кесірі еді деп айта аламыз ба?

  • оқ, мұны енді кейбіреулердің тым әсіре байбалам салып айтып жүргеніндей, әртүрлі себептермен қазанның 54 жыл бойы қайтарылмай келуін кеңестік өкіметтің қазақ халқына жасаған озбырлығы, қасақана қысастығы деп қарау қисынды емес. Біз ол кезде Кеңес Одағы деп аталатын біртұтас мемлекет, бір ел едік. Бәріміздің бір Отанымыз болды. Сол үлкен Отанымызға бұрынғы аға буын да, одан кейінгі біздер де опасыздық жасаған жоқпыз, жасамаймыз да. Ол – біздің тарихымыз, тағдырымыз. Ал тарихымыз бен тағдырымызды жүрегімізден өшіріп тастай алмаймыз. Сол сияқты, Тайқазан да ортақ Отанның мүддесіне, жалпымызға қызмет етіп, Эрмитажда қала берсе, жарты ғасыр сонда көздің қарашығындай сақталса, достық дәнекеріне айналса, одан зиян шеккен де ешкім жоқ. «Сабыр түбі сары алтын», түбі қайырлы болғанын көзіміз көрді.
    – Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуімен қатар келген қос қуанышымыздың үлкені осы Тайқазанның тұғырына қонуы болған жоқ па?
    – Дұрыс айтасыз. Тарих дөңгелегінің бір сәтті айналымында бізге көп игіліктер тәңір сыйындай тартылды, тіпті, егемендік те келді. Оның бәрі, сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойғы күресінің өтеуі, ешкімге иілмеген рухының жеңісі деп білсек керек. Нақ осы сабақтастықпен ғажап жәдігеріміз Тайқазан да туған жеріне оралды. Аға буынның есінде болар, КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір айындағы пленумы одақтас республикалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашты. Осы кезде Одақтық үкімет басшыларына Эрмитаждағы қазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелтіле бастады. КОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Түркістаннан сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы да өтініш-аманаттар, талап-тілектер толассыз тоғытылып тапсырылып жатты. Әділетін айтсақ, осы жұмыстардың басында кемел ақылды, қазақи қанды, ұлтжанды мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тұрды.
    Біз де Өзағаңның қамшылауымен 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжымының атынан, темірді қызған кезінде соқ дегендей, КСРО халық депутаттарының съезіне жеделхат жолдадық.
    Онда былай делінген: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Ленинград Эрмитажындағы Қазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтару туралы Жоғарғы Кеңестен бірнеше рет өтініп сұраған едік. Мәскеу біздің өтінішімізді қанағаттандырады деп сенеміз. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров».
    Осыған қоса тағы бір жеделхат жолдадық. Оның да мәтінін келтіре кетейік. «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. Қазақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шаханов жолдастарға. Түркістан қаласының еңбекшілері тоқырау және қайта құру жылдарында КСРО Жоғарғы Кеңесіне Ленинград Эрмитажындағы қазанды өзінің нағыз иесі – Ахмет Ясауи музей-мавзолейіне қайтару туралы сан рет өтініш жасаған еді. Осыған ықпал етулеріңізді сұраймыз. Осындай жеделхат А.И.Лукьяновқа жолданды. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Сол күні-ақ Жоғарғы Кеңес хатшылығындағы Воропаев деген кісінің атынан жеделхаттарды алдық деген мазмұнда жауап келді.
    Сөйтіп Құдай сәтін салды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мәдениет министрі В.Г.Захаровтың Тайқазанды Түркістанға қайтару туралы бұйрығы шықты. Одан өзім ұшақпен, бір милиционер қосып, екі жүргізуші отырғызып, «КамАЗ» машинасына тиеп, түрлі өткелектерден өтіп, неше мың шақырым жол жүріп, сонау Ленинградтан Тайқазанды елге алып келуіміз де ұзақ-сонар қызық әңгіме. Сөйтіп, Қазақстанның ең қастерлі ескерткіші, Әзірет Сұлтан кесенесінің бас жәдігері осылайша, 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына оралды. Сонда Тайқазан көп кешікпей келетін Тәуелсіздігіміздің қарлығаш хабаршысындай болған екен-ау. Міне, сол кездерде көп жылдардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат-арманын іске асыруға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін.
    – Мәскеуге, халық депутаттарының съезіне, нақты Лукьяновтың атына жеделхат жолдау ойыңызға қайдан келіп жүр?
    – Бұл енді бір күннің шаруасы емес, әбден толғағы піскен, шер-наласы еттен өтіп сүйекке жеткен мәселе еді ғой. Тайқазанның 1935 жылы Эрмитажға уақытша көрмеге қоюға алынғанын Өзбекәлі Жәнібековтен білген болатынбыз. Аупарткомда нұсқаушы болып жүргенімде Өзағаңның тапсырмасымен Мәскеуге бара жатқан депутаттарға, делегаттарға Тайқазанды қайтару жөнінде бірнеше рет хаттар да дайындағанмын. Бірақ, ол кезде нәтиже болмады. Сонау 1962 жылы Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Ө.Жәнібеков Бүкілодақтық комсомолдың екінші хатшысы Е.Тяжельниковті Түркістанға арнайы ертіп әкеліп, сонда тек діндарларға қызмет етіп тұрған Әзірет Сұлтан кесенесін аралатқаны, Тайқазанның бұрын қай жерде тұрғанын көрсетіп әңгіме айтқаны есімде. Сол әңгімеге жас комсомол қызметкері ретінде мен де қатысқам. Тайқазанды қайтару Өзбекәлі ағаның өмірлік мақсаты еді. Осы мақсат орындалғанша әрекеткүресін де тоқтатпады. Ағаның мақсаткерлігі менің де ойыма шуақ, бойыма қуат беріп батыл қадамға жігерлендіргені анық. Осы еңбегі үшін асыл азаматқа Түркістанда ескерткіш қойылса екен деген тілегімді әрқашан айтып жүремін.
    Тайқазан оралғанда Түркістан халқының қуанышында шек болмады. Талай митинг, жиындар болды. Соның бірінде академик Зейнолла Қабдолов, түркістандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов толғана сөйлегені көз алдымда. Өзағам екі жарым ай шамасында келіп құшағына алды Тайқазанды. «Тарих – баян, сыр қылып, Айтып келем, Тайқазан! Елу төрт жыл қыдырып. Қайтып келген, Тайқазан!.. Әмір Темір кезінде Сыйға тартқан Тайқазан. Таусылмайтын несібе, Ғимаратқа, Тайқазан!» деп, қуанғаннан менің де жүрегім жырлап қоя берген. Бірақ, осы орайдағы ең бір аталы сөзді академик Өмірзақ Айтбаев айтты. «Қазақ ырымшыл халық. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге, қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келген сияқты. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің ең ұлы істерінің бірі осы деп есептеймін» деді ол.
    Сол айтқандай, кенен тарихты Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болған кезеңде қасиетті Тайқазанымыздың да мәртебесі биіктеп, оны ошағына қондырған азамат рухы да ұлықталып, ұмытылмас бейнесі шаһарымыздың бір шамшырағы болар деп ойлаймын!
  • Бұл әрине тарихи да тағылымдық істердің бастауында тұрған ең күрделі әрекет болған екен. Әңгімеңізге үлкен рахмет.
    Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған