Халықтың күші — бірлікте. Ал, осы ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда қоғамдық ұйымдардың алатын орны зор. Жуырда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбсаттарұлы Тұрашбековтің үкіметтік емес ұйым өкілдерімен «Ынтымақ үйінде» өткізген «Ынтымақ, бірлік, келісім — ең асыл байлық ел үшін» деген тақырыптағы кездесуіне қатысушылар өткенді екшеп, сараптай келіп, келешекке бағдар жасады. Заман ағымымен тең басқан салауатты қоғам қалыптастырудың алғышарттарын тілге тиек етіп, өз ойларын ортаға салды.
«Президентіміз Қ.Тоқаев: Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек» , деп Үкіметке тапсырма берген болатын. Иә, бірге атқаратын өзекті мәселелер бар. Жыл бойғы жоспарды бірлесіп бекітсек,- деді ашық әңгімеге құрылған жиынды сөз сөйлеп ашқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Кездесуге он бір үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып, өздерін көптен толғандырып жүрген ойларын ортаға салды. Өткен уақыт аралығында «Түркі әлемінің туристік астанасына» айналып отырған көне шаһарда аз жұмыс атқарылған жоқ. Атқарылатыны да шаш-етектен. Сондықтан да, қала басшысының қоғамдық ұйым өкілдерін жинап, «кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» ескеруі де орынды. Дер кезінде көтеріліп отырған мәнді де маңызды мәселе.
Алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, негізінен, қоғамдық ұйымның өткен уақыт аралығында атқарған жұмысына шолу жасады. Біраз уақыттан бері тоқтап қалған Түркістанды «гүл қалаға» айналдыру жөніндегі бастаманы қала басшылығының қолдап, биылғы жылға 2,5 млн қаржы бөлінгендігінен хабардар етті. Сол күні де аз қамтылған отбасылар үшін қоғамдық қор тарапынан «Адамның көркі – амал. Ізгілік – ыстық жүрегінен» деген тақырыпта қайырымдылық акциясының өткізіліп, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын айтып өтті. Сөз жоқ, әрбір үкіметтік емес ұйым қоғамның дамуына, бұқара халықтың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайының жақсаруына ғана емес, әрқайсысы өз саласында хал-қадерінше үлес қосқан. Дегенмен, бұл күнгі бас қосудың негізгі мақсаты- келіп жеткен жаңа жылға бағыт- бағдар түзу. Бірлесе отырып болашаққа бағдарлама жасау. Көп болып бірыңғай шешімге келу, әрі қарай әңгіме осы бағытта өрбіді.
– Жыл бойынша белгіленген жоспар бар. Қала алты секторға бөлінген. Солардың жұмысын қадағалау керек. Бүгінгі кездесу – ой-пікір бөлісу. Қалада он шақты қоғамдық ұйым жұмыс істейді. «Бәрің бірге отырыңдар»- деп қала әкімшілігі «Ынтымақ үйін» берді. Сондықтан да, бәріміз бірігіп, бірге жұмыс істейік,- деген ҚХА жанындағы «Түркістан қалалық ақсақалдар» кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадыровтың сөзін «Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы» ҚБ төрағасының орынбасары Бектас Шірікбаев жалғастыра келіп, өз ойын республикалық ардагерлер ұйымының 2023- жылы атап өтілген 35-жылдық мерейтой кезінде түркістандықтардың жеткен жетістігімен сабақтастыра келіп: «Әкелер мектебінің», «Әжелер алқасының» бала тәрбиесінен алар орнын атап айтты. Сондай-ақ, бұдан бұрын да ресми орындарға хат жолдап, қаламыздың көрнекті жерлерінен «Ардагерлер аллеясын» ашу жөніндегі жасаған ұсынысына қолдау жасауды өтінді.
Еркін өткен кездесуден байқағанымыз, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қоғамда болып жатқан қай жағдайға да бейтарап қарамайтындығының куәсі болдық. Айталық, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев тікелей өз саласына қатысты келелі мәселелерге қоса, кейбір тұрғындардың қалада, аялдамалардың маңында, тіпті өз үйлерінің жанында тазалық сақтамайтындығын, қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарамайтындығын ашына айтты. Соңғы кезде қоғамдық көлікте «қолдарына сары қобдиша» ұстап «ауру сәбилерге садақа» жинап жүрген жастардың қылығын тексеріп-зерттеуді, туристік қаламыздың келбетіне жараспайтын әрекетке тосқауыл қоюды ұсынды. Ал, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева: «Бүгінгі күні істеген жұмысымызды емес, істейтін жұмысымызды айтуымыз керек- дей келіп-
«Біз құқық қорғау орындарымен жасаған рейдтердің кезінде небір келеңсіз оқиғалардың куәсі болдық. Оған көз жұмып қарауға болмайды.Бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек.Идеологияны дамыту керек»-деп ой тастады.
Облыстық мәслихат депутаты, «Түркістан облыстық іскер әйелдер» бірлестігі, Түркістан облысы бойынша «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру, кәсіпкерлікке байланысты тәжірибе жинақтау, жастар бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру сияқты көкейтесті мәселелермен қатар, қоғамды жас аналар бойында сәбидің тағдырына байланысты жауапкершілікті арттыруға, кіп-кішкентай нәрестелердің қараусыз қалып, кездейсоқ оқиғаға ұшырамауының түрлі жолдарын қарастыруға шақырды.
«Ахыска-Тұран» түрік этномәдени орталығының төрағасы Усейн Медедов кез-келген тәрбиенің бастауы ұшқан ұядан басталатынын айтып: «Үйде тәрбие бермесе бәрі бекер. Ата- аналармен сөйлесу керек»- деген тұжырымға келсе,»Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы, ұстаз Райымжан Қошқаров білімді ұрпақтың қоғамға да берері мол екенін тілге тиек етіп, «100 кітап оқу» бағдарламасының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерді ары қарай да дамыту жолында жұмыс атқаратындықтарын айтты.
Кездесу кезінде сөз алған әрбір адамның айтары бар. «Дара ұрпақ» ҚҚ-ның төрайымы Рухабза Халдарбекова:
«Дара Ұрпақ» қоғамдық қоры. Қоғам болып ажырасуды болдырмау, суицид, ерте жүктілік, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуде. Біз қазір мәселенің салдарымен күресудеміз. Негізгі проблема бізде отбасы құруға, жар болуға, ана, әке болуға дайындайтын, баламен қарым-қатынасты үйрететін бірде бір мемлекеттік бағларлама, қаламызда орталық жоқ. Басты ұсыныс — аталған мәселелерді шешетін, ғылыми негізде кешенді оқу бағдарламасы мен арнайы орталық жасақтауымыз керек», — деген батыл ұсыныстар білдірсе. «Арман—Қанат» ҚҚ төрайымы Әсел Бимырзаева «Кедергісіз болашақ» жобасы жайында, мүмкіндігі шектеулі сәбиі бар көптеген аналардың өз құқықтарын білмейтін, сол жолда ізденбейтін сауатсыздықтан өздеріне — өздері проблема тауып жатқандығын, әлеуметтік мұқтаждардың тізімін жаңарту мерзімінің ұзақтығын, т.б. да өзекті мәселелерді әңгіме етті. Жиынға қатысқан ардагер-ұстаз Қыдырәлі Рысбеков, «Рухани мұра» халықаралық ҚҚ-ның төрағасы Сержан Оразбай, тағы басқа да зиялы қауым өкілдері көптің көкейіндегі маңызды тақырып туралы әңгіме қозғады. Рухани құндылықтарды қорғай білу, әлеуметтік желідегі «түймедейді түйедей» ететін асыра сілтеушіліктерді бақылауға алу, тәлімді тәрбие мәселелерін жолға қою сияқты бағалы мәселелердің алдағы уақытта жолға қойылатынына сенім білдірген үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен өткен жиынды қорытындылаған қала әкімі биылғы жылды «идеология жылы» деп жариялау туралы ұсыныс тастады.
Қорыта айтқанда, жиын барысында қоғамдағы орын алған мәселелерді бірлесіп шешу және оның салдарымен күресу тұрғысында келелі ойлар ортаға салынып, алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасау тұрғысында тұжырым жа-салды. Ынтымақ, бірлік, өзара келісім бар жерде алынбайтын асу, аспайтын қамал жоқ. Осы ретте бұл күнгі дуалы ауыз ел азаматтарының аузынан шыққан құнды ұсыныстардың заңды жалғасын табатынына сеніміміз мол.