Түркістанда спорт – қоғамның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бүгінде спортпен шұғылданамын деген адамға кез келген мүмкіндіктер қарастырылған. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақтың, ұлттың дамуында маңызды орын алатын саланы Мемлекет басшысы назардан тыс қалдырған емес.
– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расымен, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өтетін түрлі шаралар халықтың белсенді, салауатты өміріне ықпал етіп қана қоймай, ел мерейін өсіріп, жұртшылықтың рухын көтереді. Бір қуантарлығы, спортқа деген айрықша қолдаудың арқасында кейінгі жылдары Түркістан қаласы спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Мұның дәлелі жас спортшыларымыз облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда үздік нәтижелерді көрсетіп жүр. Бұл ретте үйірмелер мен спорт мектептерінің ықпалы мен беделі зор десек артық айтқанымыз емес. Атап айтсақ, талай додаларда топ жарған киелі шаһардағы чемпиондар мектебі саналып кеткен спорт мектебі соның айқын дәлелі. Осы бағыттағы жұмыстардың мән-жайы, спортшылардың алдағы додаларға дайындығы барысымен танысу мақсатында облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі барған едік.
Бүгінгі таңда халық қалаулысы ретінде қала спорты мен мәдениетіне үлес қосып жүрген Дәурен Тәңірбергенов басқаратын мектепте спорттың 18 түрімен жалпы 1142 оқушы тұрақты түрде айналысып келеді. Байқағанымыздай, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің негізгі функциясы — балалардың физикалық қана емес, рухани қалыптасуына ықпал етеді. Атап айтсақ, 89 жаттықтырушы, 30 әкімшілік қызметкерлер қызмет ететін мектепте Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылары жастардың жарқын болашағына қалтқысыз қызмет етіп жатыр. Жаттықтырушыларының айтуынша, жас спортшылардың адамгершілік қасиеттерін ұштауда, спортшыны тәрбиелеуде жоғары спорттық дайындықпен қатар тәртіптің де маңызы зор. Сонымен қатар, жауапкершілік пен жақсы қасиеттер үйлесімінің арқасында жас таланттар түрлі деңгейдегі жарыстарда түркістандықтарды жүлделі орындар қол жеткізіп, қуантып келеді. Мектеп мерейі қазіргі уақытта күллі Қазақстан үшін айтулы жеңістермен ерекшеленуде. Оған дәлел 2023 жылы спортшыларымыз әртүрлі спорт сындарынан олжалы оралды. Жалпы 262 медаль еншілеген спорт мектебінің оқушылары әлем чемпионаты мен әлем кубогында 14 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль жеңген. Бұдан бөлек Азия чемпионаты мен Азия кубогінде 16 алтын, 11 күміс, 15 қола медаль қанжығалап, ҚР чемпионаты мен ҚР кубогінде – 68 алтын, 52 күміс, 73 қола медаль алып, өңір спортының қоржынын қазынаға толтырған. Мектеп мақтанышына айналып, ел байрағын биік тұғырлардан көрсетіп жүрген жас спортшылар ішінде 2023 жылы Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында әмбебап жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Муслим Ассадиллаұлы мен Бекзат Бахтиёровті ерекше атап өтуге болады. Бапкерлердің үмітін әлемдік аренада ақтап жүрген жауынгер рухты жігіттерді аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Спортқа ең алғаш 9 жасымда қадам бастым. Ал осы спорт мектебіне қабылданғаныма 5 жылға жуық уақыт болды. Ережесіз жекпе-жекпен 2019 жылдан бері айналысамын. Бұған дейін дзюдо күресіне қызығушылығым болды. Бірақ ол спорттан айтарлықтай нәтиже көрсете алмағандықтан, жекпе-жек түрін таңдадым. Қазіргі күнтізбені айтар болсам, аптасына 6 күн үздіксіз болады. Сабақтан тыс уақытта кешкі 18:00 — 21:00 аралығында дайындық жүргіземіз. Сенбі – ұзақ қашықтыққа жүгіруге арналады. Ал жарыстарға жақын уақыттарда аптасына 2 мезгілді жаттығуға арнаймыз — дейді әлем чемпионы Муслим Ассадиллаұлы. Әрине, жаттығу процесі мен сабақтан тыс іс-әрекеттер спортшыларда тұрақты моральдық мотивацияны қалыптастырады. Мұнда әрбір жастың бойындағы мінез-құлық және еңбекқорлығына назар аудара білетін бапкерлердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Муслимнің айтуынша, спортқа бейімділігін байқаған алдымен әкесі мен ағасы екен. Каратэмен шұғылданатын ағасына қарап бой түзеген жас жауынгер бүгінгі таңда өзінің бапкерлерінің арқасында әлемдік аренада дара шыққанын атап өтті. Әрбір шәкірттің жағдайы мен қабілетін қапысыз танып, қамқорлық көрсететін шебер жаттықтырушылар, расымен де құрметке лайық.
«Ең бастысы жекпе-жекке шығатын жігітте жүрек болуы керек! Жүректеріңде жігер болмаса, сынға түспесеңдер болады. Ал алаңға шықсаңдар, аянып қалмаңдар! Мінез көрсетіңдер! Ешқашан ашуға салынбаңдар, себебі ойларың бөлініп, мақсатқа жете алмайсыңдар!» деген бапкеріміздің нұсқауы әрдайым ойымызда тұрады. Кез келген бәсеке алдында жаттықтырушымыз үлкен жігер сыйлайды. Сонымен қатар, өзіме үлгі санайтын әлемдік спорт жұлдыздарының да жақсы қасиеттерін, олардың ұтымды әдістерін үйренуге тырысамын — дейді дара дарын. Бұл ретте спорт мектебіндегі барлық шәкірт бойынан мақсатқа жетуге деген табандылық пен өз спорт мектебіне деген мақтаныш сезімін аңғару қиын емес. Қанша дегенмен ел намысын жықпауды серт еткен, туған жердің мерейін асқақтатуды арман тұтқан жастарға тәлім-тәрбие беруде олқылықтарға орын жоқ. Дода болған соң кездейсоқ қиндықтарға тап болатын жағдайлар спортта жиі болады. Мәселен, Муслим Түркияның Анталья қаласындағы әлем чемпионатында қолының екі жерден сынғанына қарамай, чемпион атанғаны үлкен ерлік. Ал Бекзат Бахтиёров Грузиядағы әлем чемпионатының ақтық кездесуінде қарсыласын 8 секундта жеңген. Қас-қағым сәтте қарсыласын сан соқтырған жас батыр спорт мектебіндегі бапкерлерге дән риза. Спортта қобалжыған сәттерде қолдау беретін ұстаздардың бір ауыз сөзі кейде бүкіл жекпе-жек тағдырын шешетіні рас. Осындай маңызды жарыстарда жан алысып, жан беріскен жерлестердің жарқын жеңісі мектеп абыройын асқақтатуда. Бұдан өзге бізге белгілі мектеп мақтаныштарының бір парасын атап өтсек. Дзюдо күресінен ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері атанған Дидар Хамза бүгінде елімізге елеулі жастардың бірі. Сондай-ақ, әлем чемпионатының жеңімпазы Нилуфар Раимова, Азия чемпионатының қола жүлдегері Нұрлан Мырзабаев, былтыр ғана жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атанған Бахтияр Анарбаев, дзюдодан ІІ Түркі универсиадасының жеңімпазы Айдар Арапов, әмбебап жекпе-жектен әлемнің үш дүркін жеңімпазы Аяжан Ергентай, дзюдо, самбо және қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Сардар Абдисамитұлы және жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Мадина Аман сынды болашақ олимпиада чемпиондарын дайындап отырған мерейлі мектептің өңір үшін маңызы ерекше.
Спорт мектебінің бүгінгі келбеті осындай. Келешекте аталған мектептің талай даңқты дарабоздарды баптайтынына күмән жоқ. Ұжымның өңір спортын дамыту бағытындағы жүйелі жоспарларына да сәттілік тілейміз. Ең бастысы, алдағы уақытта қолданысқа берілетін мектептің жаңа техникалық базасы спортшыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды деген сенімдеміз.