«Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер», деген болатын Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған жолдауында. Осы ретте еліміздегі мемлекет басшысының тапсырмасынан туындайтын өңірлік ғылым мен білімді дамыту межесінен көріне білген Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ – Түркістан облысындағы білім саласындағы бірегей білім ордасы. Біз бүгін тағы бір оқу жылын табысты тәмамдаған аталған оқу ордасының тыныс тіршілігін сараптаған едік.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы халықаралық оқу орны. Көпсалалы оқу ордасында бүгінде 10 мыңға жуық шәкірт 162 білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. Оқу орны өзінің отыз белесін үшінші белесін білім беру жүйесінде жағымды жаңалықтармен қарсы алып, толағай табыстарға қол жеткізіп отыр.
Ахмет Ясауи университеті 22 наурызда жарияланған QS World University Rankings by Subject 2023 ‒ әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингіне енді.
Былтырғы пәндік рейтингте оқу орнымыз:
-«Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 215 орында;
-«Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 301-350 аралығындағы позицияда.
-«Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде әлемдік 394-ші орыннан көрінді.
Ахмет Ясауи университеті өз тарихында алғаш рет Times Higher Education (THE) рейтингіне енді. Times Higher Education Іmpact Rankings – бұл университеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша жұмысы бағаланатын жалғыз жаһандық тиімділік кестесі. Рейтинг төрт көрсеткіш бойынша түзіледі, олар: зерттеу, басқару, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және оқыту. Былтыр бесінші рет жарияланып отырған рейтингке 112 елден 1591 университет кірді.Сондай-ақ, білім ордасы әлемдегі ең ықпалды бағалау агенттігі – QS World University Rankings 2024 рейтингінде 787-ші орынға жайғасты. Былтыр рейтингке 104 мемлекеттен 1499 университет енді. Оқу орны QS World University Rankings 2024 естелік белгісі мен сертификатына ие болды. Марапатты QS Quacquarelli Symonds Президенті және негізін қалаушы Нунцио Квакварелли өз қолымен университет ректоры Жанар Темірбековаға табыс етті. Оқу ордасы 2023 жылы алғаш рет QS Sustainability Rankings 2024 рейтингісіне де енді. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу саласындағы әлемдегі үздік университеттер рейтингісінің жаңа шығарылымына 1403 университет кірген.
Университет жаһандық талдау агенттігінің рейтингісінде әлем бойынша 1151-1200 орынды иеленді. Ал Азия бойынша 362-ші, Қазақстандық ЖОО-ы ішінде 8-орыннан көрінді.
Биылғы оқу жылының жетістіктерінің ең бастысы деп қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша жұмысты айтуға болады. Ахмет Ясауи университеті мен Түркияның Муғла Сыткы Кочман университеті арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық жаңа кезеңге көшті. Өзара ынтымақтастықтың табысты нәтижесінде университеттің Экономика, басқару және құқық факультетінің Менеджмент және туризм кафедрасына қарасты «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» білім беру бағдарламалары Түркияның Жоғары білім беру кеңесінде (YÖK) қосдипломды білім беру бағдарламалары болып бекітілді.
Елімізге, әсіресе Түркістан секілді туризм индустриясы қарқынды дамып келе жатқан өңірге аса қажетті салаларда қосдипломды білім беру бағдарламаларын ашылуы болашақта шәкірттерді бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізеді. Енді студенттеріміз бірден халықаралық деңгейдегі екі бірдей: қазақстандық және түркиялық үлгідегі диплом ала алады.
Қосдипломды білім алу арқылы студенттер Ахмет Ясауи университетінде оқи жүріп, белгілі бір кезең ішінде серіктес Муғла Сыткы Кочман университетіне де оқуға бара алады. Алдағы уақытта университет өзінің халықаралық серіктесімен бірлесіп, «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлайтын болады.
Жыл жетістігі ретінде университетте түрлі бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары бағасына ие болуда. Былтыр жыл басы университет веб-сайтының жетістігімен басталды. Оқу орны Webometrics Ranking of World Universities-2023 рейтингінде отандық жоғары оқу орындары арасында 6-шы орынды иеленді.
Ең үлкен жетістік – университет ғалымдары 15 гранттық жобаны жеңіп алып, университеттің ғылыми әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша Ұлттық ғылыми кеңес шешімімен оқу ордамыздың 15 гранттық жобасы мақұлданды. Жалпы қаржыландыру 1 млрд. тенгеден астам соманы құрап, жаңа рекорд орнатты.
Оқу орнының халықаралық байланыстар көкжиегі де жыл сайын кеңейе түсуде. 2023 жылы Ахмет Ясауи университеті халықаралық және республикалық деңгейдегі 38 университет және мекемемен ынтымақтастық орнатты.
Ахмет Ясауи университеті – білім беретін мекеме ғана емес, бұл мәдени іс-шаралар орталығы. Университетте жыл көлемінде 30-дан астам мәдени-рухани іс-шаралар, концерттер мен қызықты кештер ұйымдастырылып, студенттерге естен кетпес естеліктер сыйлады. Оқу орнында студенттердің жастық шағын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін 23 студенттік клуб жұмыс істейді.
Тартысты спорт сайыстары, қайтпас ерік-жігер және жеңіске деген ұмтылыс – мұның бәрі университеттің ажырамас бөлігі. Бір жыл ішінде оқу орнының 300-ге жуық спортшы студенті әлемдік, халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, абыройын асқақтатты.Сонымен қатар, университет спортшылары Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студентері арасындағы XII жазғы Универсиада ойындарында жоғары жетістікке қол жеткізді. Бір айға жуық уақытқа созылған жарыста спортшылар 17 спорт түрінен 20 жарыс бойынша кіл мықтыны анықтады. Оған еліміздің 55 университетінен 3000-нан астам студент қатысты. Тартысты бәсекеде Ахмет Ясауи университетінің намысын 15 спорт түрінен 150-ден астам студент қорғап, 30 алтын, 14 күміс, 49 қола жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша, оқу орны сырт алаңда өткен жазғы Универсиадада алғаш рет ІІ орынға ие болды.
2023 жыл түркі әлемін дүбірлетіп, Түркістан төрінде өткен II Түркі универсиадасының дзюдо және еркін күрес спорт түрлерінен университет спортшы жастары жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 6 мемлекет спортшылары бақ сынаған спорттық додада, Қазақстан командасының құрамында өнер көрсеткен 6 студенттің бәрі жеңіс тұғырынан көрінді.
Университеттің Түркістан өңіріне қызмет етіп отырған Клиника-диагностикалық орталығы, Ботаникалық бағы, үлкен кітап қоры жинақталған ғылыми-әмбебап кітапханасы бар.
Университеттің Клиника-диагностикалық орталығының былтырғы жетістіктерін жеке атап өтуге тұрарлық. Ахмет Ясауи университеті – көпсалалы білім ордасы болуымен қатар, базасында Клиника-диагностикалық орталығы бар еліміздегі бірден-бір жоғарғы оқу орны.
2023 жылы клиника ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «2023 жылға арналған ұйымдастырушылық-әдістемелік көмекті, кеңес-тәжірибелік көмекті көрсету шеңберінде және медициналық көмекті көрсетуді ұйымдастырудың өзге де сұрақтары бойынша денсаулық сақтау субьектілерінің қызметін үйлестіретін денсаулық сақтау ұйымдарының» тізіміне енді.
Жалпы, 2023-2024 оқу жылы университеттің Клиника-диагностикалық орталығы үшін жемісті болды. Мұнда жыл бойына халықаралық мастер-кластар өткізіліп, мамандар шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасты, елімізде бұрын-соңды болмаған күрделі ота түрлері жасалды. Атап айтар болсақ, өткен айда ғана Клиника-диагностикалық орталығы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасының мамандары бірігіп, елімізде тұңғыш рет жаңа туған қыз баланың қуық экстрофиясына жалпы коррекциялық емдеу отасын жасады. Аталған ота түрі – балалар урологиясы саласындағы ең күрделі оталардың бірі болып саналады. Сондай-ақ, 2023 жыл университет клиникасында облыстағы алғашқы «Жамбас буынының ревизионды эндопротездеу», «Бас миы тамырларына ангиографиялық ота» және «Бас миының қан тамырларына стент қою» оталары жасалынды. Әсіресе, университет клиникасы ми қан тамырларын емдеудің жаңа жолына көшті.