«Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономиканың басты салаларындағы еліміздің негізгі орнын анықтау, оны басқа елмен салыстыру қашанда маңызды. Әлемдік нарықта баға беретін ғылыми-техникалық және инновациялық дамудың белгілі әрі беделді халықаралық рейтингтері: Адам дамуының индексі, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі және Жаһандық инновациялар индексі секілді рейтингтер бар.
Адам дамуының индексі әлемдік елдер мен аймақтардағы адам дамуын сипаттайды. Дәл осы рейтинг көрсеткіші бойынша Қазақстан біршама төмендегеніне қарамастан, адами даму деңгейі өте жоғары елдер тобында қалып, 191 елдің ішінде 56-орынды иеленіп отыр.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде бәсекеге қабілетті бизнес жасалатын ортаны құру және оны қолдаудағы ұлттық экономиканың қабілеті бағаланады. Бұл индекс елдердің бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсіптерінде тауарларды өндіру және экспорттау мүмкіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, бұл жердегі біздің позициямыз көңіл көншітпейді. Оның үстіне көрсеткіштердің де тұрақты төмендеуі байқалады. 2022 жылы Қазақстан 63 ел ішінде 43-орынға тұрақтаса, 2019 жылы 34-орыннан 9-ға түсіп қалған.
Жаһандық инновациялар индексі әлемдік экономиканы инновациялық көрсеткіштеріне қарай бағалайды. Бұл – дүние жүзіндегі елдердің ғылыми-техникалық және инновациялық даму деңгейін бағалауға арналған ең үлкен көрсеткіш. 2022 жылы әлемдік рейтингте Қазақстан 132 елдің ішінде 82-ші, Орталық және Оңтүстік Азия аймағы бойынша 3-орынды иеленген Өзбекстаннан кейін, тиісінше 83 және 4-орында тұр.Әрине, бүгінгі таңда қабылданған шаралар қайта қарауды және түбегейлі өзгертуді қажет ететіні анық. Бұл жерде мәселе қаржының жетіспеушілігіне емес, бәсекеге қабілетті бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасай алмай отырғанымызға келіп тіреледі. Сапалы адами капиталымыз бола тұра біз бизнес және инновациялар саласында тиімді стратегияларды, саясатты әзірлеуде кенже қалып отырмыз.
Келешекте оң нәтижеге қол жеткізу үшін БҰҰ тұрақты даму мақсаттарын анықтап отыр. Атап айтқанда, ондағы алға қойылған 9-мақсат Үкіметті ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарын ұлғайтып, зерттеушілер санын арттыру арқылы индустрияландыру мен инновацияларды ілгерілету үшін тұрақты инфрақұрылым құруға шақырады. Қазақстан осы ұсыныстарды назарға алып отыр. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға мемлекеттік қолдаудың артып келе жатқаны баршаға аян. Бұл бағытқа жұмсалған шығын 2022 жылы 12 млрд теңгеге артқан. Яғни 109,3 млрд теңгеден 121,6 млрд теңгеге дейін өсті.
Отандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін және оның ұлттық деңгейде қолданбалы мәселелерді шешуге қосқан үлесін арттыру үшін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығынды барлық көзден ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ғылыми зерттеумен айналысатын субъектілердің барлығынан тиімділікті талап ететін үлкен қадам болмақ. Бұл көрсеткіш елімізде бизнеске, оның ішінде инновациялық және ғылыми зерттеу қызметімен айналысатын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалмаған деген тұжырымды растайды.
Иә, осыдан 3-4 жыл бұрын елімізде инновациялық және ғылыми зерттеу қызметі, ғылымның коммерцияландырылуы төмен көрсеткішті көрсетті. Елде ғылымға көңіл бөлінбегендіктен, ғалымдарымыз шетел асып кеткен болатын. «Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Деген-ді мемлекет басшысы.
«Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», деген сөздерінен Мемлекет басшысының ғалымға қаншалықты мән беріп, оны дамытуды жолға қойып лотытрғанын аңғару қиын емес.
Соңғы жылдары ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелеріне деген сұраныс аймақтардағы ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықпен де артып отыр. Өңірлер бойынша ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінген ішкі шығындардың көрсеткіштеріне келсек, 2022 жылы тоғыз облыста ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындар: Ақтөбеде – 7,3 млн теңге, Алматыда – 399,0 теңге, Атырауда – 5 944,2 млн теңге, Батыс Қазақстанда – 304,0 млн теңге, Жамбылда – 2 307,5 млн теңге, Қостанайда – 54,5 млн теңге, Түркістанда – 60,0 млн теңге, Шығыс Қазақстанда — 1 140,0 теңге және Шымкентте 5,0 млн теңгеге азайған. Бұл жерде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында осы аймақтардан ғылыми әлеуеті едәуір басым жаңа аймақтардың құрылуымен байланысты шығындардың азайғанын ескеру қажет.
Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер аймақтар бойынша ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыру дайындығының, мамандану және құзыреттілік деңгейін көрсететін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарының әркелкі екенін айқындап отыр.
Алматы қаласындағы ұйымдар 2022 жылы ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыруға барынша дайын болды. Олардың жалпы көлемдегі шығындарының үлесі 38,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсті.
Жалғасы бар.