ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ – 2

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығының жалпы аумағы 290 гектар алқапты құрайды.Аумақта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88,7га), Керуен Сарай (22,1га), Тұңғыш Президент саябағы (38,0га), Назарбаев аллеясы (Арбат) және жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақ үй сынды ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде.Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда мәдени-рухани орталықтағы бас жоспарда жобаланған 10 нысанның алтауы толық аяқталды.

Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру жоспарланған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 12 973,8 гектарды құрайды.

Облыс орталығы мәртебесі берілген соң қалада 20 тұрғын үйдің (1 200 пәтер) құрылысы басталды. Ол көпқабатты 20 үйдің құрылысы 2019 жылы қабылдаудан өтіп, түрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК АҚ жеке инвесторлар есебінен салынатын үйлерге тапсырысшы болып, нәтижесінде қалада «Арман», «Сырдария», «Яссы» деп аталатын 5 қабатты 50 үйдің құрылысы басталды. Осылайша, өз қаржысына пәтер алуға ниетті азаматтарға да мүмкіндік жасалды. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 400-ден аса пәтер берілді. Қалалық құрылыс бөлімі 5 қабатты үйлермен шектелмей жаңа кезеңге бет бұрды. Бас жоспарға сәйкес облыс әкімдігі ғимаратын қоршай салынатын үйлерге де қойылатын талап жоғары болды. Сәулетшілердің жобаларын талқылау нәтижесінде, мақұлданған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің (1 452 пәтер) құрылысы 2019 жылы басталды. Астана, Алматы қалаларының сәулетшілері өз жобаларын Түркістанда іске асырып, ерекше үлгідегі үйлер бой көтерді. Төменгі қабаты коммерциялық жайлардан тұратын үйлер күйдірілген кірпіштен немесе құйылмалы темірбетон монолиттен салынды.Әрине, қарқынды құрылыс қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң септігін тигізді. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, қала бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып жатыр. Басты мәселеге айналған инфрақұрылым алдыңғы қатарға қойылды. Ауызсу, кәріз жүйелері, электр, газ, жылу және тағы басқа да коммуналдық мәселелердің бірден шешімін таппағаны мәлім. Осы кезде 7 қабатты үйлерді жылыту мақсатында елімізде бұрын-соңды болмаған газ тұтынатын пәтерішілік жылыту қазандықтарын орнатуға сынама жүргізілді.

«Елімізде пәтерішілік газ қазандықтарын орнату тек 5 қабатқа дейін рұқсат етілген. Ал бес қабаттан асатын үйлердің құрылыс нормасында немесе заңнамада бұл көрсетілмеген. Бірақ үйлер салынып қойған, шешімін қалайда табуды қажет етеді. Облыстық құрылыс басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде, тиісті мекемелердің құрылыс саласы бойынша шығарған бұйрығына өзгеріс енгізіліп, алғаш рет Түркістан қаласында рұқсат етілді. Қойылған талап бойынша жүргізілген жылу жүйесі бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жетіқабатты үйлер солай қабылдаудан өтіп, пәтерлері тұрғын үй кезегіндегі азаматтар мен «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа ипотекалық жүйемен берілді», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Аталған бағдарлама кезек күткен немесе тұрғын үйге мұқтаж жас отбасыларға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі үйлер аяқталған жаңа күйінде 1 шаршы метріне 180 000 теңге болып белгіленген. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Тұмар қала Түркістан  шаһарындағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың  мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтеріп, қала сәулетінінңі көркіне көрік қосып, қаланы абаттандыруда. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *