АУЫЗ СУ ҮНЕМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері  бірнеше кезеңге бөлініп, инженерлік инфроқұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның  ішінде ауыз – ең өзекті мәселе болып іріктелді. Бұған облыс басшылығы, қала басшысы ерекше ден қойып  күн тәртібінде бірінші кезекке қойды. Бірінші кезекті тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, одан кейін қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында қаланы көгалдандыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бойыншабірнеше  жиындар өтіп шешімдер қабылданды. Сол шешімдердің негізінде қаланың Бас жоспары бекітілген болатын. Бас жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылды, әлі де жалғасып келеді. Жалпы, қалада су көзі Кентаудағы «Мырғалымсай» су қоймасынан тартылады, одан бөлек Шобанақта 4 ірі резервуарымыз бар, негізгі су қорымыз осы нысандар. Қалада 2 су қоймасы бар. Ол орталық су қоймасы (Б.Майлин көшесіндегі) және Әкімшілік-іскерлік орталықтағы (жаңа қала аумағы) жаңадан салынған су қоймасы. Қалаға  осы екі су қоймасынан су  тартылады. Бұл су қоймаларының сыйымдылығы – 72 000 м3  құрайды. Орталық су қоймасының сыйымдылығы 5000 м3-ты құрайды. Бұрыннан  бар Орталық су қоймасы   облысы орталығы болғаннан кейін күрделі жөндеуден өтіп, сыйымдылығы кеңейтілді. Себебі, қалаға көгілдір отынның келуіне байланысты тұрғындардың жайлы тұрмысқа көшу (жаппай үйлерде душ-ванна орнатуы) себепті суды тұтыну деңгейі де артты. Су тұтынуға сұраныс бұрынғыдан анағұрлым артты. Нақты айтсақ, қалада 41528  абонент болса, оның 41100-і, яғни 98,9 пайызы бүгінде сапалы ауызсумен қамтылып отыр. Одан бөлек қалада  бізде 21 су ұғымалары бар, бірақ біз негізгі су көзі ретінде Кентаудан келетін суды қарастырғанбыз, сондықтан ол су ұңғымалары біздің артық  су қорымыз ретінде резервте тұр.   Қысқасы, халықты толыққанды сумен қамту мүмкіндігіміз бар. Ауыз суды тұрғындарға құбыр арқылы жеткізілетін мәлім. Жаңа қала аумағында жаңа су жүйесі магстральдары құрылып жатыр. Бірақ, негізгі халықтың шоғыры ескі қалада. Ескі қала аумағында су магистралы сонау 60-70 жылдары жүргізілген темір-шойын құбырлар, олар бүгінде тозған. Тұрғындардың су тұтыну деңгейі көбейген сайын су жүйесінің  қысымын да көтеруге мәжбүрміз.  Алайда, әлгі ескі құбырлар жоғары қысымға  шыдас бермей, әр-әр жерден жарылып жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып бірнеше жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.  Ол жобалар бойынша  кезе-кезеңге бөлініп су жүйесі магистралін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

2023 жылы  4 ірі жоба іске асып жатыр. Бірінші – Яссы-Шавгар мөлтекауданында су құбыры желілерін қайта құру жобасы  2021 жылы басталып   жоспар бойынша 2023 жылы аяқталды. Жобаны «Азия-Сервис»  ЖШС жүргізді, одан бөлек 1-2 мөлтекауданы және Ремзауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жобасын «Құрылыс -Тед» ЖШС жүргізді, бұл да 2021 жылы басталып, жыл соңына дейін  толықтай пайдалануға берілді.Үшінші бағыт Мақтазауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын «Үш сай» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, төртінші жобамыз «Түркістан қаласындағы жаңа қоныстанған тұрғындарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» деп аталады. Бұл бірінші кезекте, әлбетте су жүйесі тартылмаған жаңа аумақтар, сосын ескі (бұрыннан бар) аумақтарда су тартылмаған көшелерді қамтиды. Бұған дейін қаланың көп бөлігінде ауыз жүйесі құрылмаған, тұрғындар құдық қаздырып, жерасты суларын пайдаланып келген.  Отырар тұрғын үй алабында, Оралман, Яссы-Шауғар, Бірлікте (Бірлік аумағы қатты өріс алып, ұлғайып кеткен) қаншама көшелерге ауызсу жүйесі тартылмаған. Жаз айларында ол аумақтарда   жерасты (құдық) су көздері тартылып кетіп, тұрғындар судан тапшылық көреді. Осы жағдайлардың барлығын ескеріп аталған жаңа аудандарды (оның ішінде ескі көшелер де бар) су құбырларын тартылды. Бұл жобаны «Бақ береке-2030» ЖШС жүргізуде. Қала  тұрғындарын  ауыз сумен қамту осылай 4 ірі жоба аясында  жүріп,  тұрғындарды   ауыз сумен қамтуды – 100 пайызға жетті.

Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Сөзімізге дәлел өзге елдерде болып жатқан су тапшылығы туралы ауқымды мәселелер. Ал өз елімізде қара судың қадірі ауыл аймақтардан бөлек қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе көпқабатты үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен, тұрғындардың да қара суға бейжай қарап, үнемді қолданбайтынын айта кеткен жөн. Осы тұста ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар-жоғын білу үшін «Түркістан-Су» МКК – нің директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай Иманбердіұлымен сұхбат құрған болатынбыз.

— Инфрақұрылымның тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні анық. Осы тұста, шаһарымызда қысқы маусымға дайындықтар жүргізілді ме?

— Қысқы мерзімге дайындық жұмыстарын толығымен дерлік жүргізіп қойдық. Тарқатып айтар болсам, бізде қала аумағы бойынша жиырма жеті КНС бар. Сол КНС-тің қайта өңдеуді талап етіп тұрған үшеуіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп қойдық. Одан бөлек біздің қаламызда 1738 шақырымды құрайтын су жүйеміз және 10600-ге жуық құдықтарымыз бар. Аталмыш құдықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су тамшылап тұрған құбырларды қайта өңдеуден өткізіп, жөндеу жұмыстарын жасап қойдық. Сондай-ақ, қаламыздың негізгі көшелерінің бірі Тәуке хан көшесіндегі 132 мен 144-ке дейінгі су жүйелері жарамсыз үйлердің құбырларын ауыстырып, қысқы маусымға сақадай сай қылып дайын еттік. Одан бөлек айта кетер тағы бір шешімін тапқан мәселе Бірлік елді мекеніне қарасты Нұр ата және Балабүргенов көшелеріне су құбырларын жүргізіп, үйлерге су кіргізген болатынбыз. Міне, өздеріңіз байқағандарыңыздай, қысқы маусымға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Оның тағы бір дәлелі алдағы аптадан бастап қала тұрғындарына, оның ішінде жер үйде тұратын тұрғындарға су құбырын қатырып алмау керектігі туралы хабарландыру беріліп, басынан аяғына дейін қысқы маусымға дайындықты жоғарлататын боламыз. Аталмыш хабарландырулардың барлығы жергілікті БАҚ өкілдерінің қолдауымен қала тұрғындарына жолданатын болады.

Жолдауда айтылған тариф саясаты, ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды енгізу бойынша айта кетсеңіз.

— Мемлекет басшысы осы тұста өте дұрыс әрі керек дүниені сөз қылды. Яғни, тарифті инвистицияға айырбастау. Мұндағы мақсат қолданыстағы отырған су жүйелерінің тозығын азайту, яғни, пайызын азайту. Мысалы, бізде 2019 жылдары 101 шақырымды тұрғындардың өздері жүргізген су құбырлары болған болатын. Міне осындай дүниелерді азайту мақсатында және халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында келер жылдан бастап тарифтерді көтеру ұсынылуда.

— Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан айтылған наразылықтардың қанша пайызы өз шешімін тапты және алдағы жылға жоспарланып отырған ауқымды мәселелер туралы бөліссеңіз.

— Қала тұрғындарының тарапынан кейде теріс пікірлер де айтылып жатады. Дегенмен, қолымыздан келгенінше тұрғындардың тілегін орындауға барымызды саламыз. Жоғарыда айтып өткендей бір емес, бірнеше көшелерде жөндеу талап етіп тұрған құбырларды қайта жөндеп халық игілігіне берілген болатын. Сондай-ақ, осы жылдың есебін тапсырып болғаннан кейін алдағы жылдың үлкен мәселелерін ауыздықтауға инвестиция тартып, шешетін боламыз. Солардың бірі де бірегейі, 4-5 көшенің су жүйелерін ауыстыруды басты жоспарға алып отырмыз. 1970-1980 жылдардан бері жөндеу көрмеген бұл көшелердің қазіргі мәселелеріне шамамен 60 миллион теңгедей қаражат керек етеді.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *