АУЫЗ СУ ҮНЕМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ – 2

Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Сөзімізге дәлел өзге елдерде болып жатқан су тапшылығы туралы ауқымды мәселелер. Ал өз елімізде қара судың қадірі ауыл аймақтардан бөлек қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе көпқабатты үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен, тұрғындардың да қара суға бейжай қарап, үнемді қолданбайтынын айта кеткен жөн. Осы тұста ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар-жоғын білу үшін «Түркістан-Су» МКК – нің директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай Иманбердіұлымен сұхбат құрған болатынбыз.

Бүгінде шаһарымызда көпқабатты тұрғынүйлер жарыса бой көтеруде. Бұл дегеніміз тұрғындарымыздың да саны артып жатқанының белгісі. Осы тұста қаламыздағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалай?

— Иә, қазіргі Түркістанды бұрынғымен мүлдем салыстыруға келмейді. Шүкір, қаламыз күн өте түрлі-түрлі жақсы жаңалықтарымен тек алға жылжып жатыр. Соның бір дәлелі, жарыса бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер. Қазір шаһарымыздың «Жаңа қала» аймағында 99 көпқабатты үйлер және 77 көпқабатты мекемелер бар болса, «Отырар» мөлтек ауданында 91 көп қабатты үйлер бар. Міне, осы үйлердің бәрі, тіпті аталмай қалған мөлтек аудандар да Кентау – Түркістан топтамалы су құбыры арқылы толық қамтамасыз етіліп отыр. 2015 жылы Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, Түркістан мен Кентау қалаларының жер қойнауындағы судың қай уақытқа дейін жететінін есептеген болатын. Сондағы есеп көрсеткіші бойынша 27 жылға жетеді деп топшыланған.

Іс-сапармен Кентау қаласына барғанымда бір қариямен әңгімесінен:  Халық арасында «Бір есек» аталып кеткен таудан келетін ағын су туралы біраз мәліметтерге қанықтым. Сол тау суының алдына бөгет қойып, бағытын Түркістанға қарай өзгертіп, енді Кентау қаласының өзінде су мәселесі тындай бастаған екен. Осы сауал бойынша өзіңіз тарқатып  айтсаңыз.

— Сұрағыңыз өте орынды. Бұл туралы айтар болсақ 2020 жылға дейін біздер сол «Бір есектен» су алып отырған болатынбыз. Яғни ол тауды жарып шығып тұрған бұлақтың таза суы. Ол су осы уақытқа дейінде Кентау қаласының көше бойларымен ағып немесе шахтадағы жұмысшыларға келіп отырған су болатын. Ал сол аталмыш бұлақ бойында 11 су ұңғымасы бар. Сол 11 су ұңғымасының төртеуінен қосылып Кентау – Түркістан топтамалы су құбырлары арқылы Шобанақтағы су қоймаға жинап, сол су қоймасынан біздің шаһарымызға беріліп отырған. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан халқының тұрғындарына ауызсу толықтай сол Кентау қаласынан келеді. Өткен 2021-2023 жылдары «Бір есек» бұлағынан қосымша су тартпақшы болған. Бірақ, «Хантағы» елді мекенінің тұрғындары өз наразырықтарын білдіріп, бүгінгі таңда «Мырғалымсай» мекемесіне су жүйелерін тартып, тазарту құрылғыларын орнатып, бүгінгі таңда Түркістан – Кентау тұрғындарына таза ауызсу беріліп отыр. Тағы бір айта кетер жағдай, Шобанақ елді мекеніндегі бұрынғы су қойманың сыйымдылығы 10 мыңнан 20 мыңға дейін ғана еді, ал қазір 40 мыңдық су қойма болып, өз пайдасын халық игілігіне тигізіп отыр. Егер алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрде қарасақ, 2021 жылдары сағатына 1300-1400 м³ су келіп отырған болатын. Ал қазір тіпті күз, қыс мезгілдерінде сағатына 1700 м³ су келіп отыр. Ал жаз айларында 2500 м³-қа дейін көтеріліп, тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп отырмыз.

«Су — тіршілік көзі» деп жатамыз. Осы тұста өңіріміздегі су қоймалары туралы, ондағы шешімін таппай отырған шаруалар туралы айта кетсеңіз.

— Бізде облыс орталығын құру туралы құрылыс жұмыстары басталғаннан бізге де үлкен жауапкершілік артылды. Облыс орталығы болғаннан кейін қала тұрғындарының саны да күрт өсері анық. Сондықтан қала ішінде су мәселесі белең алмас үшін ерте бастан қамданған болатынбыз. Тарқатып айтар болсам, қала тұрғындарына арналып қажетті су қоймалары мен су жүйелеріне ұсыныс берген болатынбыз. Облыс әкімшілігіне жақын аумақта орналасқан су қойма бар. Аталмыш нысанда 8 мыңнан екі дана су қоймасы бар. Яғни, 16 мыңдық су қоймасы салынған болатын. Одан бөлек, орталық су қоймасы да жұмыс жасап тұр. Ол жерде құрылыс жұмыстары өткеннен кейін 11 мың м³ су қойма салынып, қазіргі таңда халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, Тәуке хан мен Ерубаев көшелерінің ортасында орналасқан «Сельмак» су қоймасы бұрын бұзылған болатын. Дегенмен, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда ел игілігіне қайта берілуге сәл уақыт қалды. Қорыта айтқанда, 77 мың 600 м³ құрайтын су қоймасы бүгінгі таңда өз жұмысын бастаудың алдында тұр.

Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп және тиімді пайдалану керек. Осы тұста қала тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

— ТМД елдері бойынша су тапшылығы орын алу алдында тұрған мемлекеттер қатарында біздің ел де бар. Ал сол біздің кең байтақ еліміздің ішінде Қызылорда облысы мен өзіміздің Түркістан облысында қауіп алдында тұр десек те болады. Сондықтан, Түркістандықтарға бір сөз айтар болсам, ол әрине ең әуелі су тіршілігін үнемдеу туралы болар еді. Қандай жағдай болмасын үйге су өлшеу құрылғысын орнатып, суды үнемдеп, ұқыпты пайдалансақ екен деймін. Жер үйде тұратын тұрғындар болса олардың аулаларында міндетті түрде бау-бақша болары анық. Ал сол бақшаны суаруға арнайы құдық қаздырып, сол құдықтың суын пайдаланса деген ұсынысым бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *