ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТУРИСТІК АСТАНАСЫ МӘРТЕБЕСІНЕ ЛАЙЫҚ ДАМУДА

Киелі шаһар соңғы 6 жылда облыс орталығы ретінде жаңа серпінмен дамып, өркендеудің алғашқы кезеңін өткерді. Бүгінде облыс орталығы қарқынды даму даңғылына түсіп, жаңарып келеді. Қалада құрылыс жұмыстары қарқын алып, іргелі нысандар бой көтеріп жатқан шаһар тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер көп. Қазіргі таңда облыс орталығында туризм саласында ғана емес, инфрақұрылым, өндіріс көлемі артып, ауыл шаруашылығында жаңа бастамалар бастау алып жатыр. Осы тұста шаһар мен өңір басшылары қала тұрғындарымен кездесуде облыс орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, қаланың даму жолындағы жаңа бастамалар мен тың өзгерістер жайлы баяндап берді.Соңғы 4 ай ішінде қала халқының саны былтырғы көрсеткішпен есептегенде 230 мың адамға жетті. Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, қала халқы 2024 жылдың 4 айында 230,2 мыңға адамға жетіп, халық саны артқан. Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айы бойынша халық саны – 228 мың адам болған.

Жыл басынан бері Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 326 мың адамнан асып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,6% өсті. Шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58,1% өсті.

Ер түріктің бесігі атанған Түркістан облыс орталығы мәртебесі берілген сәттен бастап, киелі шаһарға зиярат етушілер мен туристер саны артты. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған шаһарға жыл сайын туристер саны артып келеді.

2024 жылдың 4 айында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 326,3 мың адамға жетті. Атап айтсақ, 2023 жылмен салыстырғанда 37,6% өсті.Сонымен қатар, шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58,1% артқан.

«Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Өткен жылы  Түркістан қаласында түркі елдерінің өкілдері арасында туристік форумы өтті. Келелі жиынға Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері мен ҚР орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысқан болатын.

– Түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Әлемдік туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Бүгінгі іс-шара түркітілдес елдер арасындағы туризм бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосады. Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өркениетін нығайтуға айрықша серпін береді. 2021 жылы 31 наурызда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркі тілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін, –деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.Форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірқатар бастамалар мен кешенді шараларды ұсынды. Мұнда алты бағыт қарастырылған. Атап айтқанда, біріншіден, ТМҰ мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттердің ірі қалалары арасындағы авиарейстер санының артуы. Екіншіден, бірлескен туристік өнімдерді құру, серіктестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту. Үшіншіден, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Таббарук Зиерат» пилоттық жобасын одан әрі жалғастыру. Төртіншіден, салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылды. Бесіншіден, туризм және қонақжайлылық бойынша оқытуға мамандандырылған ТМҰ университеттер лигасын құру. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды болып табылатын студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алтыншыдан, елдердің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту.

-ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі «Түркі әлемінің туристік астанасы» ерекше атап өтуге болады. Бұл бастама Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді, – деді вице-министр өз сөзінде.

Форумның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру.  Жиын қорытындсында  ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының жақын арадағы саммитінде жоспарлануда.

Түркістан облысында туризм саласы бүгінде 4 бағыт бойынша дамып келеді. Атап айтар болсақ, тарихи-мәдени туризмі, экологиялық туризм және емдік-сауықтыру туризмі.Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан бар. Олар — ЮНЕСКО биосфералық нысандарының тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

Түркістан облысы таулы және тау бөктерінде орналасқан алуантүрлі табиғи нысандарымен ерекшеленеді. Мұнда қайталанбас табиғатымен туристерді қызықтыратын Қазығұрт тауы, Ақбура бұлағы, Қырық Шілтен жырасы, «Жылақата» әулие, Машат шатқалы, «Жылаған ата», «Қырық қыз» секілді аңызға негізделген әсем мекендер көп.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *