Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты мәселеге тоқталып, cолтүстікке көшіп келушілерді ынталандыру үшін оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық көрсеткішке дейін көбейту керек деп тапсырма берді.Сондай-ақ бағдарламаларда жұмыс күшінің тапшылығын сезінетін экономиканың басым секторлары айқындалатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жаңа тұжырымдама аясында тарихи отанында қандастарды қабылдау және жайғастыру саясаты да қайта қаралмақ.
Қостанай облысындағы екінші күн. Ал біз Ыбырай Алтынсарин ауданы Жаңа су ауылына бет алдық. Аталмыш ауылда ағайынды Қаныбековтермен танысып, әңгіме-дүкен құрдық. Сөз барысында ағайындыларға бұл мекеннің ұнағанын естіп бір марқайып қалдық. Шымкенттен келген азаматтар осы ауылда отбасыларымен өмір сүріп жатыр. Нұржан мал шаруашылығымен айналысады. Он сиыры бар. Қолынан құрылыс жұмыстары келеді. Әйелі мектепте мұғалім. «Екі үй сатып алдым. 300 мың және 750 мың теңгеге. Өзім қымбатын алып қалып, екіншісін сатып жібердім. Ауа-райы керемет. Ауыл таза қазақы ауыл, — дейді үй иесі. Ал Нұрлан орман шаруашылығында өрт сөндіруші, әйелі медбике. Бес бала-шаға тәрбилеп отыр. «Бұрын Бадамда әкімді көрмек түгіл, аты-жөнін білмейтін едік. Бұл ауылдың әкімі рахат. Аптасына бір келіп жағдай сұрап тұрады. Ауылда дәрігер жоқ. Ауданнан дәрігер келіп, денсаулығымызды біліп жүреді. Тоғай толған аң-құс. Көршілерім болса өте қарапайым адамдар. Ал ауыл айналасында мал жаюға жер жетіп жатыр» – дейді.
Ауыл тынысына келер болсақ. Жаңа су ауылында 45 отбасы тұрады. Ауылда клуб, аурухана жоқ. Ауыл әкімі Аслан деген жігітпен сөйлескенде «ауылда үй жете ме көшіп келетін халыққа?» дегенде. Жүз отбасыға дейін үй табылады деп сендірді. Орман 1,5-2 шақырымда тұр. Түбінде көл бар. Қысқасы, қоныс аударамын деушілерге, әсіресе мал, егін шаруашылығымен айналысамын дегендерге таптырмас ауыл.
Ауылдағы көз тоймас көрініске тәнті болып бағытымызды Солтүстік Қазақстан облысына бұрдық. Кешпен таласып әне-міне дегенше Ғабит Мүсірепов ауданы Привольное ауылына табан тіредік. Қостанай бағытымен келе жатқанда ауылдың кіре берісінде қазқатар он жаңа үй салыныпты. 2020 жылы қоныс аударушылар үшін салынған үйлерде Шымкент, Алматы, тағы басқа облыстардан келген отбасылар тұрып жатыр. Соның бірі Жетісайлық Разия Ескендірқызы.
— Жолдасым дәнекерлеуші. 2021 жылы көшіп келгенде 5 бала-шағам бар еді. Қазір жетеу. Өзім аспаз боп жұмыс істегем. Қазір демалыстамын. Ерімнің табысы жақсы. Мұнда жұмыс көп. Тек жалқау болмау керек. Сіздерді көріп төркінімді көргендей қуанып отырмын, — деп ағынан жарылды көп балалы ана. Ауылдың кіреберісінде осындай кереметке куә болғанымыз сол еді қызыл көлік мінген, алпысты алқымдаған ақсақал жанымызға жүйткіп келіп, ә дегеннен бәрімізді ауызына қаратты. Осы ауылдың әкімі болар деп ойлап тұрғанбыз. Сөйтсек, ақсақал Түлкібастан көшіп келген тұрғын екен. Нұрлыбек Қисықов — 2018 жылы отбасымен Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы Привольное ауылына көшіп келген. Бұрынғы түлкібастық ағамыз бүгінгі күні осы ауылдағы мектепте әйелі екеуі мұғалім болып жұмыс істейді. Ел ағасы: «Дәу баба ауылында тұрдым. Көшіп келген соң қазіргі жағдайымыз жаман емес. Жұрттан артық жеріміз болмаса кем жеріміз жоқ. Көршілерімізбен татумыз» дейді.
Петропавл қаласындағы екінші күн. Бағытымызды Есіл ауданына бұрдық. Аудан, қаладағы емес ауылдағы жерлестердің жағдайын білейік деген оймен Явленка ауылына келдік. Орталықта орналасқан автостанция жанындағы Карина кафесінің саудасы соңғы үш айда қыза бастапты. Балға үймелеген арадай явленкалықтар осы жерге үйреніп алыпты. Түркістан облысы Ордабасы ауданынан үш жыл бұрын қоныс аударып келген Айнұр Мырзабекова өз кәсібін осы кафе арқылы дамытып отыр екен.
— Күнделікті тағамдарды дайындап аудан орталығында атым әйгілі болды. Күйеуім батыста вахтада жұмыс істейді. Ерімнің көмегімен осы бизнесті бастадым. Белгіленген орынды жалға алу үшін айына 200 мыңға жуық төлеймін. Өзіме тиесілі несібем де аз емес, құдайға шүкір! Бес бала-шағам бар. Солардың болашағы үшін көшіп келдік қой. Екеуі студент, қалғандары мектепте. Айтпақшы, көшіп келер кезде қысы суық деп үрейленген едім. Ауа-райы керемет екен. Далада қар жатса да аязы шымшымайды. Жалпы жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік өте көп екеніне көзім жетті, — деп қорытындылады өз сөзін Шардара ауданының тумасы.
Аталмыш ауданның тағы бір ауылында жерлестеріміз тұрады дегенді естіп бірден сол жаққа қарай бағыт алдық. Осы уақытқа дейін Алматыда екі жыл пәтер жалдап, құрылыста қара жұмыс істеп жүрген жерінен кетіп, қазір өз үйіне қол жеткізген жетісайлық – Ғани Құдабаевпен танысып, қазіргі жағдайы қалай екенін сұрадық.
— Аллаға шүкір, келгеніме қуанамын. Өзіңіз білесіз, құрылыстың оңай жұмысы жоқ. Шаршайтын едім. Қазір мектепте айлығымды алып, белімді ауыртпай жүрмін. Әйелімді де мұғалімдікке жұмысқа еш кедергісіз орналастырдым. Оңтүстікте мектепке тұру қандай екенін білесіз. Қыс келе жатыр. Екі арба отын, төрт тонна көмірімді аудан әкімінің айтуымен жарты бағасына түсіріп алдым. Шөпті тегін берді ауыл әкімі. Енді қорамдағы малымды уайымдамаймын. Келгеніме өкінбеймін. Ауылда үйді қалай саламын деп жүр едім, мына жаққа келіп кең ауласы, мал қорасы бар үйдің иесі болып шыға келдім. Онда да жартысын бағдарлама бойынша өкімет төлеп берді, — дейді Ғани. Ал енді солтүстікке көштің 80-90 пайызына елеулі үлес қосып жүрген «Тáuekel» қоғамдық ұйымының жарқын жобасына назар аударсақ.
— Көш мәселесі ендігі жаңа қарқынмен жүреді деп ойлаймын. Осыған орай, Президенттің көшті реттеуге байланысты тапсырмасын іске асыру, нәтижелілігін арттыру мақсатында құрылып жатқан көші-қонмен басы-байлы айналысатын «TÁUEKEL» қоғамдық бірлестігі жайлы бірауыз айта кетсек. Бірінші, бұл ұйым Теріскей аймақтарына өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан немесе енді көшуге ниеті бар адамдарды бір арнаға жинап, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, дамуына мүмкіндік береді. Екінші, бұл ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Қор керек, себебі Күнгейден Теріскейге көшкісі кеп, бірақ баратын қаражаты болмай, тегін үйге жете алмай отырған қазақ өте көп. Қор арқылы оларға көмектесу тетіктерін қарастырамыз. Бұл бір жағы, басқа тұстары да жетерлік, — дейді ұйым жетекшісі Бурахан Дақанов.Сонымен, бүгінге дейін өңірімізден 5540 адам теріскейге көшірілген болатын. Бұл көштің әлі де жалғасатыны жалған емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ, еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі дейді мамандар. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың барлығы үкімет тарапынан қарастырылған көмектерге ие. Сөзімізге дәлел күнгейдегі ағайынның теріскейге ағыла көшіп жатқаны.
Егер алдағы уақытта жұмыс іздеп солтүстікке көшкіңіз келсе, тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес ала аласыз. Мекеме мамандары сізге көшіп барғыңыз келетін солтүстік өңірден жұмыс қарастырады. Өңірмен танысу сапары, көшіп-қону шығыны, жұмыс беру және баспанамен қамту мәселесін түгелдей көшіп баратын өңір өз мойнына алады. Сізден тек өміріңізді өзгертуге деген батылдық қана талап етіледі.