Түркі әлемінің орталығы, жәдігер шаһар Түркістан түрлене түсуде. Түркістанда «Ұлы Дала елі» орталығы бой көтергенін хабардармыз. Жаңа нысан – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегін екшеп, оның мән-маңызын, мазмұнын құнды жәдігерлер мен сәулеттік сән-салтанаты арқылы паш етеді.Түркістан қаласын түлету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір-бір нысаннан салып бергені баршаға белгілі. Сол тұста Атырау облысының әкімдігі түркістандықтарға «Ұлы Дала елі» орталығын сыйлады. Нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың қазан айында аяқталды. Орталық келушілерді 2021 жылдың наурыз айынан бастап қабылдай бастады.
Бұл орталықтың экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болып, «Түркі әлемінің генезисі» туристер мен отандастарымызға кеңінен насихатталуда.
«Ұлы Дала елі» орталығы – 0,8 га жерде бой көтерген. Аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Ғимарат қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи – заманауи залдан тұрады.Орталық жертөлені қоса санағанда 3 қабатты.
Бірінші қабатқа Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылған. Бұған дейін алғаш Күлтегін ескерткіші қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне, екіншісі Ұлттық музейге қойылғанын білесіздер. Мұндағы экспозиция Күлтегін ескерткішінен басталады. Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан онда Күлтегін ескерткіші арнайы қойылған. Ескерткіш 1889 жылы Моңғолиядағы Кокшин-Орхон өзені бойындағы Кошо-Цайдам ойпатынан табылған. Күлтегін Орталық Азиядағы үстемдікті қамтамасыз еткен батыр жауынгер, әскери қолбасшы ретінде танылған. Қалқанның бір жақ бетінде қаған таңбасы бейнеленген, екінші жағында қытай жазбалары мен ескерткіштің орнатылған күні «1 тамыз, 732 жыл» деп жазылған. Ескерткіштің алғашқы көшірмесі 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына, тағы бір нұсқасы Ұлттық музейге, үшінші нұсқасы арнайы осы орталыққа қойылып отыр. Мұнан кейін орталыққа келушілер Бәйтерекпен танысады. Бәйтерек – ежелгі нанымдар бойынша «Өмір ағашы». Ата-бабаларымыз бұл ағашты «Киелі ағаш» немесе «Әулие ағаш» деген. Оны кесуге, сол секілді қандай да бір зиян келтіруге тыйым салынған. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі, яғни діңі жерде, ал, тәжі көкте деп саналады.
Ал, «Ұлы дала металлургиясында» қола дәуірден орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісі туралы ақпарат берілген. Ең алғаш рет Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Экспозиция залындағы үлкен экранда Қазақстанда металды өңдеу, игеру кезеңдері баяндалады. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қарағанды облысындағы Алап қонысынан б.з.д. XIII ғасырға жататын темір балқытуға арналған пеш табылған болатын. Біздің орталыққа арнап сол пештің реконструкциясы жасалды.
Қола дәуірі адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең болып есептеледі. Залда IV-VI ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйымдар, ұста құралдары орын алған. Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың да 34 түрі келушілердің назарына ұсынылған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қанжар, ақинақ және жебе ұштарын да осы жерден көруге болады. Күмістен жасалған зергерлік бұйымдардан өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік қойылған.
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны туралы мағлұмат келесі залда баяндалады. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының алғаш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдейді. Орталыққа келушілер бұл залда Ботай жылқысының сүйек қаңқасымен таныса алады. Оны археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт реконструкциялаған. «Атқа міну мәдениеті» залының 1-ші экспозициясына орталықтағы аса құнды жәдігердің бірі еліміздің Солтүстік Қазақстан аумағынан табылған ХХ ғасырдың таңғажайып жаңалығы (1980 жыл) б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтардың тарихи құндылығы Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясы қойылды. Ал, 2-ші экспозициядан Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған б.з.д. VІ-ІІІ ғасырлармен мерзімделетін Берел жылқысының сән-салтанатымен жасалған реконструкциясын, 3-ші экспозициядан Қазақ халқы даналығындағы «Ер қаруы – бес қару» түрлерін және де ат әбзелдерінің түрлерін тамашалауға болады. Міне, күмістелген, таза тері өнімдерімен қапталған ер-тоқымдар, ат әбзелдері, қамшының түрлері. Бұл экспонаттарды көріп көзіміз тойып қана қоймайды. Мынадай сән-салтанат, осындай аксессуарлар пайдаланған ата-бабалармыздың биік мәдениеті мен өнеріне бас иіп, кеудемізді мақтаныш кернейді. Ұлы Даланы алшаң басқан бабалар ізімен келе жатқан, солардың ұрпағы екенін сезініп кеудесін мақтаныш сезімі оянады. Рухтанады.
Айрықша тоқталатын залдарымыздың бірі –Алтын адам» залы. «Алтын адам» залына біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен 1999 жылы Аралтөбе қорғанынан және б.д.д VIII-VII ғасырларға тиесілі Елеке сазы қорымынан табылған алтын адамдардың реконструкциялары қойылды. Жалпы, елімізде бүгінге дейін 9 «Алтын адам» табылған. Соның бүгінде 4-і орталықта тұр. Қалған бесеуі болашақта келеді, олардың да көшірмелері жасалуда. Қазақстан археологиясының соңғы ірі табыстарының бірі Батыс Қазақстаннан табылған – Алтын адамның бірі «Тақсай аруы» деп аталатын ескерткіш.Былтыр Орталықтың ашылу салтанатында «Тақсай аруы» әкеліп қойылған болатын. Кейін олар өздеріне қайта алып кетті. Өте құнды жәдігер. Батыс Қазақстан облыстық музейі бізге арнайы мұның көшірмесін жасатып жатыр. Мұндай жәдігерліктер ұзақ уақыт дайындалады. Қымбатқа түседі. Қазақстан бойынша Алтын адамдардың көшірмесін жасайтын реставратор-шебер Қырым Алтынбеков деген азамат. Ол кісі өте мұқият, баппен, ұзақ жасайды. Бірақ көшірмелеріі түпнұсқадан кем емес шедевр болып шығады.