Бұл орталықтың экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болып, «Түркі әлемінің генезисі» туристер мен отандастарымызға кеңінен насихатталуда.
«Ұлы Дала елі» орталығы – 0,8 га жерде бой көтерген. Аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Ғимарат қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи – заманауи залдан тұрады.Орталық жертөлені қоса санағанда 3 қабатты.
Екінші қабатта орталыққа келушілердің көбінің қызыға тамашалайтыны «Қазақстан – түркі әлемінің қарашаңырағы» залы. Ауданы жағынан ең үлкен залдың 38 метрлік қабырғасында Түркі халықтарының бай философиясы мен мифологиясы көрініс тапқан. Зал экспозициясында түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, Түркілердің пайда болу тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орын алады. «Түркі әлеміне қош келдіңіз» деген 9 минуттық шоу бар. Залдағы проекциялық шоудың аумағы – 2000 ш.м. құрайтын көпфункционалды экран озық технологиямен жасалған. Залдың ортасына ЭКСПО-дағы «Нұр әлем» павильонын еске салатын сфера қойылған. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, сценарий желісі бойынша қозғалып, көрермендерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетіледі. Автоматтандырылған 7D форматында жұмыс істейтін керемет шоуымыз сағат 13.00-ден бастап, әр 20 минут сайын көрсетіліп отырады. Бұл шоудың бағасы билет құнына кірмейді. Бұған бөлек 1000 теңге төлеп, тамашалайды.
Келесі жәдігерлер – сақ, ғұн, түркі және қазақ ер-тұрмандары. Бабаларымыз ат үстінде жүруге ыңғайлы болу үшін ойлап тапқан шалбар мен жұмсақ өкшелі саптама етіктің алғашқы түрі де біздің орталықта сақталған. Сонымен қатар, мұнда жылқыға жегілген ат арбалар мен күймелердің бірнеше түрі қойылған. Ер-тоқымдардың өмілдірік, құйысқан, тартпа, қанжыға сынды бөліктері сақ дәуірінде пайдаланылған. Ер-тоқымды қазіргідей ағаштан шауып жасауды алғаш рет ғұндар бастаған. Экспозиция залына ат жабуының, торсықтың, қалқан мен қылыштың, шоқпардың, алтын және күміс металдармен безендірілген тобылғы сапты қамшылардың да түр-түрі қойылған. Ал, «Ұлы Дала жауһарлары» залы 1969–2020 жылдар аралығында еліміздің территориясынан табылған 9 «Алтын адам» мен «Аң стиліне» арналған. Бұл залдан Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», «Сармат көсемі», «Алтын ханшайым», «Ұлы Дала жауһары», «Елеке сазы» экспонаттары мен аң стиліндегі әшекей бұйымдарды тамашалауға болады.
Орталықта Қазақстан территориясында баламасы жоқ зал салынған. «Түркі әлемі» деп аталған залдың ортасына түркілердің тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» қойылған. Келушілер бұл жерден сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі кезеңнің соғыс өнерін көрсететін экспонаттарды да көре алады.
Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа. Байырғы заманда жердің түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында бұл зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы, адамдар бір-бірімен асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер, мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен сауда-саттық ақша төлеу тәртібіне көшіп, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылады. Ол жолдар шығыс пен батысқа, оңтүстік пен солтүстікке бағыт түзеп, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Осылай б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды.
«Ұлы Жібек жолы» атауы 1877 жылы өмірге келген. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды. Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір-бірімен сауда жасауына, ғылымның дамуына, діни және мәдени салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етті.
Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан. Жолдың ендігі бір бөлігі Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай өрлеп, Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты. Жібек жолының Қазақстандағы бағыты еліміз үшін географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Музейге келушілер Талхиз (Талғар), Тараз, Яссы, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты қалалардың да ертеде қандай болғанын көре алады.
Ұлы Дала тарихын толыққанды қамту мақсатында келушілерге Қазақ хандығының қалыптасу тарихы мен қазақ халқының ұлт болып бірігуіне үлес қосқан хандар жайлы сыр шертетін құнды дүниелерді де жәдігер ретінде ұсынғанбыз. Еліміздің өткені мен болашағына арналған «Уақыт пен кеңістік» деп аталатын зал да келушілерге қызмет көрсетеді. Айта кету керек, орталыққа келгендер Ұлы Даланың өткені мен бүгінін ғана біліп қоймай, болашағына да көз тастай алады. «Болашақ Қазақстан» залында ақылды қала, жасыл экономика, жасанды интеллект, қолжетімді медицина секілді бүгінгі күннің тақырыптары қамтылған.
Орталықтың ең соңғы нүктесі қызғалдақ пен алмаға арналады. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген. Алма атаулының арғы атасы – Сиверс сорты Қазақстаннан бүкіл әлемге Жібек жолы арқылы тараған.
Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі, оның 18-і «Қызыл кітапқа» енген, 12 сорты шетелге экспортталады. Орталыққа келушілер осындай тың ақпараттарға да қанығады.
–Түрленген Түркістан бүгінде төрткүл дүниеден ағылған саяхаттаушылардың өзіне тартатын туристік шаһарға айналуда. Осы ретте, орталыққа келушілер легі көңілден шыға ма?
– Әлбетте, келушілер көп, көңіліміз толады. Шүкір деп айтайық, облыс музейлерінің арасында жоспарды асыра орындап, алғашқы орындарға шықтық деп ауыз толтыра айта аламыз. Соңғы уақытта келушілер легі қарқынды өсуде. Біз бұған дейін Этнографиялық орталық болғанбыз. Бірақ ол музейдің құрылымы да, тақырыбы басқа болатын. Орталық ғимаратына қалалық әкімдігі орналасты да. Біз осы жаңа ғимарат біткен соң ұжымымызбен осында көштік. Мамандар жеткілікті. Экспонатар талапқа сай. Мұнда экспонаттар 3D-форматта, бәрі автоматтандырылған, 3 тілде ақпарат енгізілген. Ғимарат жабдықталып жатқан кезден жұмыс процесіне қатыстым ғой. Мына құрылғыларды Украинаның IT-шылары құрып, орнатты. Мұның бәрін ұстап тұру да оңай емес. Жалақымыз өте төмен. (Жалпы, мәдениет саласы мамандары елімізде ең төмен жалақы алатыны белгілі). IT-шы маманды мынадай жалақымен ұстау қиындау болып тұр, дейді бізбен әңгіме барысында музей дирекиоры Гүлжанат Дүйсебаева ханым.
Иә, түлеген Түркістан күн санап көркейіп, төрткүл дүниеден ағылған туристердің көз қуанышына айналуда. Осынау жәдігер қалада туристер мен қала тұрғындарына ел тарихының шежіресі іспетті қызмет көрсетіп келе жатқан Ұлы Дала орталығы музейінің ұжымына сәттілік тілейміз.