Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аяқталған жоқ, бұл бағытта бекітілген іс-шараға сәйкес жұмыстар өз жалғасын табуда. Облыс аумағында сенбіліктердің нәтижесінде 15 449 шақырым жол, 1093 м2 аяқжол тазаланды. 1270 аялдама ретке келтірілсе, 175 мыңға жуық ағаш әктелді, 346 саябақ және сквер ретке келтірілді. Оған қоса 60 мың шаршы метр немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге тағы да назар аударып, жауаптылардың есептерін тыңдады. Тиісті міндеттер жүктеді.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыстары бойынша әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сарапталып, рейтингі жасалсын. Әрбір басқарма өзі жетекшілік ететін мекемелердің тазалық акцияларына қатысуын қамтамасыз етсін. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, аймақта әр күн сайын аудан, қалада ретімен сенбіліктер ұйымдастырылады. Бұған қоса, әлі де болса ретсіз қоқыстар тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың, полиция департаментінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік бақылау тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңға, қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Барлық аудан, қалада жыл соңына дейін сенбіліктерді өткізу туралы жоспар бекітілген болатын. Басқармалар тарапынан да осындай іс-шаралар бекітілуде. Іс-шарада барлық салалар қамтылды. Атап айтсақ, спорт саласында іс-шараға сәйкес қанша спорт нысандары бар екені және оның нешеуі сенбіліктерге тартылғандығы жөнінде, жалпы спортшылар саны, олардың сенбіліктерге қатысқандары туралы ақпаратты қамтиды. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау және өзге салаларда да осы жұмыс жүреді.
Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Одан бөлек, космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бойынша жұмыстар жоспарлануда. «Жастар орталықтары», Түркістан облыстық ҚХА, ауыл ақсақалдары, билері және басқа да ықпалды азаматтар игі іске жұмылдырылады.
Облыстағы аудан орталықтарында қызмет көрсететін 18 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды (КГУ) күшейту мақсатында техникаларды алу бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілді. Талдау барысында аудан, қалаларға қосымша 380 техника қажет екені анықталды.
«Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе», деген болатын ел Президенті Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» экоакциясының ашылуында сөйлеген сөзінде.
Алдағы үш жылда қоқыс алаңдары талапқа сай болуы тиіс. Бұл салаға инвесторлар тартылып, сенімгерлік басқаруға беру арқылы ретке келтірілуі керек. Елді мекендердегі заңсыз күлтөкпелерді жоюға, бұл саланы оңтайландыруға байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларының басын қосып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Басты жауапты – әкімдер.
— Бұл мәселеге қатысты бірнеше түйткіл бар. Алайда мәселені 3 жылда түбегейлі шешу керек. Аудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізген кезде ретсіз қоқыс туралы шағымды жиі естиміз. Бұл жағдайды күрделендіріп отырған мына өздеріңіз. Қолмен істеуге болатын тірлікті ұйымдастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы тазалықты сақтауға болады. Білмесеңіздер, үйреніңіздер. Айналаларыңызға қарап, сұрастырыңыздар. Тазалыққа әр әкім жеке жауапты, — деді Дархан Сатыбалды.
ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, аудан, қала әкімдіктерінің сондай-ақ ауыл округтері әкімдерінің коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құзыреті берілген. Коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастыруға бекіту және орындалуын қамтамасыз ету аудан, қала әкімдерінің құзырына жүктелген.
Еліміздегі шешімін таппай келе жатқан басты экологиялық проблемалардың бірі — қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс мәселесі. Қазіргі уақытта мұндай қалдықтардың басым бөлігі алдын ала сұрыпталмай, санитарлық стандарттар талаптарына сай емес, бейімделмеген қоқыс алаңдарына шығарылады. Дамыған елдерде қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғандығын атап өту керек.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, халық саны 2 миллионнан асатын 800-ден астам елді мекеннің 43 % -ы ғана қоқыс шығарумен қамтылған. Аудандарда қоқыс шығарудың қамтылу үлесі төмен. Облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме, 247 дана техника қызмет көрсетеді. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, техникаға GPS жүйесін орнатып, қоқыс көліктерінің қозғалысы туралы ақпарат «Табиғи ресурстар және қоршаған ортаның жағдайы туралы ұлттық банк» қорына түсуін қамтамасыз ету тапсырылған. Облыс аумағында тек, Түркістан, Кентау қалаларындағы мекемелерде орнатылған. Ал басқа аудандарда жұмыстар әлі күнге дейін жүргізілмеген, – деді ол.
Аудан, қала аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген. Оның 32-і аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 76-ы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жалпы 151 қатты тұрмыстық қалдықтар полигон орындары белгіленсе, оның 107 санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейді.
Жалпы полигондар үшін талаптар қарастырылып, қажеттілігі бойынша талдау жасалды. Нәтижесінде, облыстың 151 полигонының 71 % талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.
2024-2026 жылдар аралығында 57 полигон орнына жобалық сметалық құжаттама әзірленсе, оның 71 құрылыс жұмыстары жүргізілуі қажет. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі артып келеді. Өткен жылы меже 23 % -ға жоспарланып, жоспар толығымен орындалды. Басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2024-2026 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу мекемелерін ашу жоспарын әзірлеп, ұсынатын болады.