Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 16 наурызда Әлеуметтік кодекске қол қойды. Кодексте қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі негізгі жеті бағыт көрсетілген:
Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау;
- Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары;
- Кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек;
- Арнайы әлеуметтік қызметтер;
- Мүгедектігі барларды әлеуметтік қорғау;
- Зейнетақымен қамсыздандыру;
- Азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде асыраушысынан айырылғандарды әлеуметтік қолдау.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.
1998 жылға дейін еңбек өтіліңіз бар ма?
Жоқ болса, және 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін дүниеге келген болсаңыз, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс орнынан қосымша 1,5% зейнетақы жарнасы аударылады. Бұл не үшін керек? Өздеріңізге мәлім 1999 жылдан бастап елімізде міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Соған дейін кем дегенде 6 ай жұмыс істеп, еңбек өтілі бар азаматтарға ортақ мемлекеттік зейнетақы тағайындалады. Ал, өзгелер, тек қана дербес зейнетақы шотындағы қаражаттан зейнетақы алады. Салымшының өзі жинап жатқан ақшасына енді жұмыс беруші көмекке келеді. Биыл 1,5% болса, жыл сайын 1% қосыла отырып, 2028 жылы 5%-ға жетеді. Сонымен азаматтың өз жалақысынан 10%, жұмыс орнынан болашақта 5% жарна аударылып отырады. Бұл мардымды (жеткілікті) зейнетақы шығу үшін ойластырылған. Ал, 1974 жылы туғандардан бастап, одан жоғары жастағылар яғни, 1999 жылға дейінгі жұмыс өтілі үшін мемлекеттік ортақ жүйеден: ынтымақты зейнетақыдан бір алады, одан бөлек қазір қорда өзі жинап жатқан ақшасынан тағы бір зейнетақы алатын болады. 1999 жылы Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғанға дейін жұмыс өтілі барлар еңбек өтілін еңбек кітапшасы бойынша реттеп, енбей қалғандары болса архив құжаттары негізінде реттеуіне болады.Ең төменгі зейнетақы мөлшері қандай? Ең төменгі зейнетақы мөлшері мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері бекітілді. Заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап: ең төменгі жалақы – 85000 теңге, ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28215 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57853 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн күнкөрiс минимумы – 43407 теңге болып бекітілді.
Зейнетақы өсті ме?
Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы – 7 пайыз өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады. Орташа жиынтық зейнетақы 2023 жылғы 1 желтоқсанда 120838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82950 теңге, базалық зейнетақы – 37888 теңге.
БАЛАЛАРҒА ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АЛҒАШҚЫ ТӨЛЕМ ТҮСТІ
Ұлттық қордан балаларға алғашқы төлем түсті. Енді әр балаға 100,52 доллар төленеді. БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркеліп, олардың нысаналы жинақтау шоттарына тиісті төлемдер түсті. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысып жатыр. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Сондай-ақ, қор балалардың жас ерекшелігіне қарай жасалған статистикасын жариялады. Аталған төлем алушылардың қатарында 2006 жылы туылған балалар бар, биыл олар 18 жасқа толады. Бағдарлама бойынша тиісті төлемін 3 558 100 ұл мен 3 361 031 қыз бала алған. Алайда биыл балалардың нысаналы жинақтау шоттарына 100 доллардан аса қаражат түскенімен, бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп тұратынын тағы ескерген жөн. БЖЗҚ баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. 2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі мақсатқа — тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға пайдалана алады
Баланы тіркеп үлгермей қалған жағдайда не істеу керек?
БЖЗҚ бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болып саналады әрі оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдарда ақша аударылады. Алайда, бала белгілі бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса, бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, онда келесі жылы баланы тіркеп, қатыстыра алады. Осылайша, өткізіп алған кезеңдер үшін баланың нысаналы жинақтау шотына толық көлемде тиісті төлемдері түседі. Бұл ретте БЖЗҚ өкілдері балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне мына деректерді тексеруге кеңес береді:
-балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап — Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
-жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы әрі олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;
-egov.kz порталындағы «Жеке кабинет» бөлімінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы (осы ресурста баланың ата-анасына бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады).
Егер баланың:-жеке басын куәландыратын құжаты, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;
-азаматтығы жоқ болса, анықталмаса немесе ол дұрыс көрсетілмесе, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.
«2023 жылы сіз балаңызды тіркей алмай қалсаңыз, биыл «жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізіп, қайта жүктей аласыз. Тиісінше, Ұлттық қор өткізіп алған кезеңді ескере отырып, ақшаны аударады. Яғни бұл балаңыз биыл бағдарлама қатысушысы бола алмағанымен, келесі жылы қайта тіркеуге мүмкіндік бар дегенді білдіреді. Оған қоса бағдарламаға қатыса алмаған жылдары үшін барлық өткізіп алған тиісті төлемі баланың нысаналы жинақтау шотына түседі.Айта кетейік, 2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі мақсатқа — тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға пайдалана алады. Қанша қаражат түскенін kids.enpf.kz-ке кіріп тексеруге болады», деп мәлімдеді , «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ң Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Асылбек Ошанов БАҚ өкілдерімен кездесуде.