Қазіргі таңда Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту шаралары жүйелі қолға алынған. 2023 жылдың қорытындысымен облыстың даму жоспарындағы индикаторлық көрсеткіштер орындалды. Оның ішінде 130 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды. Бұдан бөлек жұмыссыздық және кедейлік деңгейін төмендету мәселелері талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
«Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауында.
– Әр әкім ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын меңгеріп, сол саласының нағыз маманы болу керек. Қаржыны талан-таражға салуға болмайды. Халықпен жұмыс істеп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – басты міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Нарықтық экономиканың негізгі талаптарының бірі халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттен тәуелсіз болу мүмкіндігін молайту. Кәсіп ашып, табыс табу – өркениеттегі елдерде қалыптасқан экономикалық тұжырым, – деген облыс басшысы тиісті сала басшыларына міндеттер жүктеді.
Мәжіліс барысында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өткен жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша 2022 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 5,0%-ға төмен-деді. Ал жастар санындағы жұмыссыздық 4,2%-дан 1,7%-ға, әйелдердің жұмыссыздық деңгейінде 5,9%-дан 5,2%-ға дейін азайды. Жалпы жұмысқа орналасқандардың зейнетақы жарнасы 99% аударылған. Субсидияланған жұмыс орындарын аяқтағандардың 65% және кәсіптік оқуды аяқтағандардың 95% тұрақты жұмысқа орналасса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығандар арасында өз ісін ашқандары 45%-ды құрап отыр.
Биыл жалпы 140,2 мың жұмыспен қамту шараларын іске асыру көзделуде. Оның ішінде 21,3 мың адам оқыту бағыттарымен, 118,9 мың жұмыс орындарын «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ашу көзделуде. Ал оның бағыттары тұрақты жұмыс орындарына, уақытша жұмыс орындарына жолдау, кәсіпкерлік бастамалары үшін грант және шағын несие беруден тұрады. Жұмыспен қамту шараларына бюджет көздерінен қаржы қаралды. Сонымен қатар биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында және жеке инвестиция тартумен жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оған қоса облыс бойынша жеке инвесторлар есебінен агроөнер-кәсіп пен кәсіпкерлік саласында 77 жоба қолға алынып, жаңа жұмыс орындары пайда болмақ.
Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан инвесторлар, жұмыс берушілермен меморандумдар түзу арқылы қажетті мамандарды кәсіби даярлау, бағдарлау курстарынан өткізіп, жұмыспен қамтуға бағытталған нақты шаралар қабылданады. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылған Түркістан облысы бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» және «Мансап орталықтарының» трансформациялануы күтілуде. «Мансап орталықтарының» жұмыспен қамту саласындағы қызметтері толығымен цифрландырылған бағытқа ауысады. Биыл 1 мамырдан бастап пилоттық жоба ретінде Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының «Мансап орталықтарын» трансформациялау жұмыстарын жүргізу күтілуде.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде, аудан, қала әкімдерімен халықты жұмыспен қамту, кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік қорғау жөніндегі түйінді нысаналы индикаторлардың орындалуы бойынша Меморандум жобасы түзіліп, келісуге жолданды.
СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН
Таяуда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке «Түркістан» газетінің редакциясы атынан хат жолдаған болатынбыз. Мақсатымыз – шаһардағы шағын және орта бизнестің даму деңгейін білгіміз келген. Әкімнен жауап келді. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқып, ой түйіңіздер. Алдағы уақытта тиісті салалар бойынша жергілікті атқарушы биліктің атқарған жұмыстарына сұрау салып, газет бетіне жүйелі түрде жария етіп отыратын боламыз.
— Құрметті Нұрбол Әбдісаттарұлы, әр өңірдегі жұмыстың көрсеткіші инвестиция тарту арқылы, халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі Мемлекет басшысының жүктеген міндеті Түркістан қаласында қалай іске асырылып жатыр?
— Түркістан қаласына 2023 жылы 355,8 млрд. теңге инвестиция салынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға артып отыр. Осы көрсеткішті ағымдағы жылы 390,0 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жалпы құны 396,8 млрд. теңге болатын және
4481 жаңа жұмыс орнын құратын 325 шағын, орта және ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
— Соңғы үш жылда жұмысшылар саны 50 адамнан асатын өндіріс орны ашылды ма? Ашылса нақты атаулары мен мекен жайын атап көрсетсеңіз?
— Қала аумағында соңғы үш жылда көптеген өндіріс орындары ашылып, жұмыс жасауда. Нақтырақ айтқанда, жұмыс орындары 50 адамнан асатын, Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан өндіріс орындары бар. Жалпы құны 5,3 млрд. теңге болатын және 546 жаңа жұмыс орнын құрайтын, «KazTor LTD» ЖШС, «Talap Stroy Servis» ЖШС, «Turkistan Textile» БК ЖШС, «СпецСтрой» ЖШС, «Grand MIKS» ЖШС, «Тұран Мебель» БК ЖШС атты 6 жоба іске асырылып, жұмыс жасауда.
— Осы секілді кейінгі үш жылда Түркістанда шығарыла бастаған қандай өнім түрлерін атап бере аласыз?
— Қала аумағында және индустриалды аймақ аумағында орналасқан жобалар асфальт және бетон жабындылары, жұмсақ және кеңселік жиһаздары, 3D темір торлар, құрылыс материалдар, күйдірілген кірпіштер, POS-терминалдар, пластмасса бұйымдар, кәдесый бұйымдары және тауарлы бетон бұйымдары өндірілуде.
— Кейінгі үш жылда Түркістан қаласында шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласында қанша адам тұрақты жұмыспен қамтылды?
— Түркістан қаласы облыс орталығы атанғаннан кейін, инвестиция көлемі де артты. Сәйкесінше көптеген инвестициялық жобалар тартылып, іске асырыла бастады. Соның арқасында, қала аумағындағы іске асырылып жатқан барлық өнеркәсіп орындарында соңғы үш жылда 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
— Және де тұрғындарды жұмыспен қамтыған кәсіпкерлік нысандар, өнеркәсіпорындарының тізбесін берсеңіз?
— Қала аумағында қөптеген өнеркәсіп орындары жұмыс жасауда. Соның ішінде ірі кәсіпорындарды атап айтар болсақ – «Түркістан Трасса» ЖШС, «Азрет-Жол Құрылыс» ЖШС, «Kadiris» ЖШС, ЖК «Grand Miks»-1, ЖК «Grand Miks»-2, «Стройсервис-ХХІ» ЖШС, «Cordial Turkestan» ЖШС, «Айбек ЛТД» ЖШС, «АЗИЯ АГРО» ЖШС, «Kaztor LTD» ЖШС, «Нурлы НазАй» ЖШС, «MAKS BETON» ЖШС, «Алем Бетон — 1» ЖШС, «SouthAluplast» ЖШС, «Turkistan textile» БК» ЖШС, «EKP-GROUP 878» ЖШС, «СпецСтрой» ЖШС, «Баянды Курылыс» ЖШС, ЖК «Оспан», «Techtronic-Stroy» ЖШС, «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС, «Тұран Мебель» ЖШС, «Asia Brand» ЖК, «Ақ Жол» ЖШС, «Нұр Строй ЛТД» ЖШС жобалары.
— Өнеркәсіп саласында қаламыздың бренді деп айтатындай ірілі – ұсақты қанша өнім түрлерін айта аласыз?
— Жоғарыда атап өткенімдей, қала аумағында әр түрлі бағытта өнім өндіретін кәсіпорындар өте көп. Олар – асфальт және бетон жабындылары, жұмсақ және кеңселік жиһаздары, 3D темір торлары, құрылыс материалдары, күдірілген кірпіштер, POS-терминалдары, пластмасса бұйымдары, кәдесый бұйымдары және тауарлы бетон бұйымдарын өндіруде. Оның ішінде, жұмсақ жиһаздар мен кеңселік жиһаздарын сонымен қатар, кәдесый бұйымдарын қаламыздың дамыған өнімдері деп айтуға болады.
— Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтың бүгінгі жағдайы жөнінде және кейінгі уақытта осында ашылған өндіріс орындары туралы атап өтсеңіз?
— 2023 жылы Түркістан қаласында барлық инфрақұрылымымен алғашқы 40 га индустриалды аймағы құрылған болатын. Бүгінгі таңда, сол индустриалды аймақ қосымша 310 гектарға ұлғайтылып, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, құны 16,2 млрд. теңге болатын және 1496 жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 32 инвестициялық жоба орналасқан. Оның ішінде, құны 11,5 млрд. теңге болатын және 1237 жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 23 жоба іске қосылған. Қалған 9 жоба құрылыс жұмыстарын жүргізуде.