ТҮРКІСТАН:  БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуда басымдық танытылуда.Қазіргі таңда аймақта дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 640 мыңға жуық азаматты құрап, жалпы халықтың спортпен қамтылуы 31,4 пайызды құрап отыр.

Облыс аумағындағы аудан, қалаларда 68 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері жұмыс істеуде. Оңтүстік өңірінің спорт майталмандары биыл спорттың 56 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 66 алтын, 59 күміс және 67 қола медальдарын жеңіп алды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында:

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық спортты дамыту — пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз.Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», деген болатын.

Бұқаралық спортты дамытуға жарқын мысал ретінде Түркістан қаласында  — Наурыз мерекесіне орай, «Спорт — денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өткенін атап өту парыз.  Бұл іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Биыл алғаш рет Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Наурыз мерекесін өңірімізде он күн бойы ұлттық нақышта тойлау тапсырылған болатын. Сол  іс-шараның жалғасы бұқаралық жүгіруден марафон өтіп, оған облысымыздан 500-ге жуық қатысушы жарыс жолына шығып, бұқаралық спортты қолдайтындықтарын көрсетті.

Мерекелік жиынның екінші күнінде өткен бұл марафонға спорт саласының мамандары мен жастар, қала тұрғындары мен кішкентай балалар да қатысты. Көктем мерекесінде тамаша көңіл күйге бөленген жерлестеріміз спортта да жүйрік екендіктерін көрсетіп, достастық пен бірліктерін арттырды. 66 жастағы түркістандық ардагер спортшы Марат Божбанбаев  мұндай спорттық шаралар адам ағзасына өте пайдалы екенін тілге тиек етті.

Бұқаралық спортты дамыту бағытында Түркістан қаласындағы «Нұр» спорт кешенінде бокстан Сидней олимпиадасының жеңімпазы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Облыстық доп додасына Шымкент, Шардара, Арыс, Кентау,Түркістан қалалары мен Созақ, Сайрам аудандарының командалары қатысты. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа «Бекзат» мөлтек ауданының 1993 жылы туған азаматтары ұйытқы болды.

Аяқдопшылар бақ сынаған бәсекенің ашылу салтанатында аталмыш мөлтек ауданның ел ағалары мен Бекзаттың анасы Сырлыгүл Саттарханова сөз алып, еліміздің мақтанышы Бекзатпен, шағын ауданның дамуына үлес қосқан батырдың әкесі Сейілхан мырза жайлы тілге тиек етті. Естеліктер айтылып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, Республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаев сөз сөйлеп, қазіргі таңда ауылдың ауызбіршілігін арттыру мақсатында еселі еңбек етіп жүрген «Бекзат» мөлтек ауданының «Әділби» қоғамдық ұйымының төрағасы Түкібаев Шәріпжан Нұржанұлына төсбелгі табыстады.

Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған жарысқа 24 команда қатысты. Топтан шығып бабы мен бағы қатар шапқан үздіктер финалға дейінгі ойындардың көркін қыздырды. Тартысты ойындар жанкүйерлерге тамаша көңіл күй сыйлады. Шеберлігімен көзге түскен Эршат Бабаханов «Үздік қақпашы» атанса, Ахмет Оқапов «Үздік голдың» авторы. Ал, қорғаныста тасқамал бола білген Орынбасар Жайсаңбай «Үздік қорғаушы», шабуыл шебінде қарсылас қақпасынан көп саңылау тапқан Жансерік Қалдыбай «Үздік шабуылшы» екендігін дәлелдеді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші қара үзіп, өзге командалардан оза шапқан жетекшісі Біржан Рүстембековтің бастамасымен құрылған «RMZ-Zhastar» футболистері үшінші орынды иеленді. Финалдық сайыста Дінмухаммед Айдарбеков жетекшілік ететін «Zholdyn asty» командасы мен Еркебулан Мамуов бастаған «Aidyn energy» командалары кездесіп «Zholdyn asty» жігіттері бірінші орынға қол жеткізсе, «Aidyn energy» командасы екінші орынды місе тұтты. Айта кетейік, ел мақтанышы Бекзат Саттархановтың туған күніне орай спорттық және салтанатты шара өткізу батырдың атымен аталған мөлтек ауданда дәстүрге айналған. 1993 жылы туған азаматтардың айтуынша бұл спорттық сайыс іс-шараның басы болмақ. Бұдан кейін қасиетті Рамазан айының қарсаңында бір отбасыға баспана сыйлап қуантпақ ниетте. Бүгінде баспана құрылысының 90 пайызы аяқталған. Сонымен қатар, сәуірдің 14 жұлдызында Наурыз тойын тойлап, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізуді жоспарлап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *