Жуырда Астана қаласында өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жас ғалымдар мәселесіне ерекше тоқталды. Президент ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру жас ғалымдарға барынша жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын және «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті. Шынымен де, жас ғалымдар ғылымның дамуына зор үлес қосып келеді.Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, жас ғалымдарды ғылымға тарту және оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмыстарының жүргізілуі – талай жастардың ғылым жолына түсуіне себеп болуда. Мысалы, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеулерін қаржыландыру мақсатында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» 2020 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.
Жыл сайын өтетін конкурстың жалпы қаржыландыру көлемі – 9 млрд теңге. «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы тағы бар. 2021 жылдан бері өткізіліп келетін бұл конкурстың да жалпы қаржыландыру көлемі қомақты. Сонымен қатар жас ғалымдар үлкен ғалымдар арасында өткізілетін ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатыса алады. Мықты жас ғалымдарымыз үлкен ғалымдармен бәсекеге түсіп, тіпті ол конкурста да олжалы болып жатқан жағдайлар аз емес. «500 ғалым» бағдарламасы бойынша жылына жүздеген жас ғалым әлемдік үздік ЖОО мен ғылыми зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл бағдарлама олардың тәжірибе жинауына және кәсіби біліктілігін арттыруға зор септігін тигізіп отыр.
Ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады. Біз осы ретте отандық ғылымды өрістетуміз керек.Қазіргі таңда заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі. Сондықтан, ғылыми жетістіктерге жету қазіргі кездің басты талабы болып тұр»-, деді.
2024 жылдың ақпан айында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-да Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Консультативті-кеңесшіл ұйым ретінде бұл кеңес еліміздегі талантты жас ғалымдардың пікірталас алаңына айналып, ғылым саласындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылап, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындау және оларға өзгеріс енгізу кезінде өз ұсыныстарын береді.
Республикалық кеңестер мен қауымдастықтардан бөлек, жастарды ғылымға тарту, ғылыми әдістемелік шараларды ұйымдастыру арқылы жастарға қолдау көрсету, жас ғалымдардың мәселелерін жергілікті жерде шешу және жас ғалымдардың зерттеу нәтижелері арқылы ғылымды насихаттау жұмыстарында ғылыми мекемелердегі Жас ғалымдар кеңестері зор рөл атқарады. Бұның айқын мысалы ретінде Қожаахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Жас зерттеушілер кеңесін айтуға болады. Білім ордасындағы талантты жас ғалымдардың басын қосқан Жас зерттеушілер кеңесі университеттің ғылыми өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Жас ғалымдар кеңесі Ахмет Ясауи университетінің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатын жүзеге асыру және қалыптастыру аясындағы жас ғалымдар арасындағы ұйымдық кеңес болып табылады. Жас ғалымдар кеңесіне факультет деңгейінде 40 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер, мамандар, магистранттар, PhD докторанттар, ғылым докторлары мен кандидаттары, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын университет оқытушылары кіреді. Университет жас ғалымдарының кеңесіне әр факультеттің жас ғалымдар кеңесінің төраға немесе төрайымдары жатқызылады.Кеңес университеттегі жас ғалымдар мен жас ғалым мамандардың көзқарастары және қызығушылықтарын қолдайтын ғылыми іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырушы ұжым болып табылады.
Кеңесте 4 комитет жұмыс істейді және әрқайсысының атқаратын өз функциясы бар. Ғылыми-әдістемелік комитет ғылыми-әдістемелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу және жас зерттеушілерге ғылыми-әдістемелік бағыттарда кеңес беру мәселесімен айналысса, Ақпараттық комитет ғылыми ақпараттармен жұмыс істеу бойынша іс-шаралар өткізу, кеңестің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізу арқылы ғылымды насихаттайды. Ал ғылыми этика комитеті ғылым этикасы және зерттеу мәдениеті бойынша іс-шаралар өткізу және жас зерттеушілердің арасында «ғылымдағы әдеп», «академиялық адалдық» принциптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Біз бұл мақаламызда бүгінгі таңда ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір ХҚТУ жас ғалымдарымен оқырмандарымызды таныстыруды мұрат тұттық.
Нұрсұлтан Нурдинов –жас ғалым-генетик, молекулалық биология бойынша PHD. Қжа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Стоматология факультетінің оқытушысы.
Молекулалық биология және генетика жөніндегі зерттеумен айналысады.
Түркияда, Польшада білімін жетілдірген, бірнеше тіл біледі.
Мақсаты – генетика саласында жаңалық ашу және Нобель сыйлығын алу.
«Қазіргі неше түрлі фаст-фуд, ГМО азық-түлік, осының барлығы адамның денсаулығына ғана емес, гендік тұрғыдан да әсер етеді. Ұлттың тамақтануындағы өзгешелік ұрпағының генін өзгертеді“, — дейді Нұрсұлтан.
„Жасушалар да адам сияқты өмір сүреді, көбейеді, қоректенеді, ақпарат алмасады. Жасушалар ашыққан кезде бірін-бірі жеп қояды, оны ғылымда аутофагия дейді. Осы жаңалығы үшін жапон ғалымы Нобель сыйлығын алды. Бұны біздің ата-бабаларымыз ерте кезден білген“.
Нұрғиса Есіркешенов — математика бойынша PHD.„Scopus Awards» 2023 Халықаралық сыйлығының иегері.
Математика және математикалық модельдеу институтының ғылыми қызметкері. ХҚТУ қауымдастырылған профессоры.Зерттеу материалдары 2020-2022 жылдары Web of Science импакт-факторы бар журналдарда 54 мақала болып шыққан. Сондай-ақ Q1-Q2 квартильді журналдарда 28 мақала жариялаған.
Жас математиктің еңбегі әлемдік математика қауымдастығында күрделі ғылыми проблеманың шешімі ретінде мойындалған.
Жалғасы бар.