Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ел Президентінің саяси бағыт-бағдарының басты негіздерін Егемен Қазақстан газетінде нақтылап айтып берді.
- БИЛІК ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДИАЛОГІ
Ел бірлігін, татулық пен бейбітшілікті, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі басымдық болып қала береді. Осы саладағы жұмыс халықты ортақ мақсатқа ұйыстыру және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үнемі тың әдіс-тәсілдер, тетіктер мен формалар ойластыруды талап етеді.
«Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы әрі жалаң үгіт-насихат» деген түсінік ел ішінде кең таралған. Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. Мұның бәрі – саясаттың қосалқы құралы ғана. Ешқандай саяси технология халыққа етене жақындық пен ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыстың орнын толтыра алмайды. Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет. Сонымен бірге, ысқырығы жер жаратын бәзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну әбестік. Мұндай қателікке ұрынуға жол жоқ. Сондықтан диалогтің сындарлы, мазмұнды әрі мағыналы болғаны жөн.
Ендеше, қазіргі таңда мемлекеттік аппарат үшін барлық әлеуметтік топтармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу – ең маңызды мәселенің бірі.
VII. МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫҢ ЖАҢАША ШЫҢДАЛУЫ
Қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды.
Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы әрі тиімді бола түсті. Бұл, әсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті әкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді. Мемлекет басшысы және Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы, Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн.
Мемлекеттің ең басты міндеті – адам өмірін сақтау және қиын жағдайға ұшыраған азаматтарды құтқару. Сондықтан ең алдымен, барлық күш халықты қауіпсіз жерге көшіруге жұмылдырылды. Нәтижесінде, алапат тасқын кезінде құтқарушылар 119 мыңнан астам адамды, соның ішінде 44 мыңнан астам баланы эвакуациялады.
Төтенше жағдай болған кезде билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып, қиын сәтте жедел әрі нақты шешім қабылдай алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттің басқа да көптеген міндеті бар. Билік құрылымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап елді мекендерді абаттандыруға дейінгі сан түрлі мәселемен қатар айналысып, күнделікті міндеттерінің бәрін үздіксіз атқара береді.
Мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мәселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл тәжірибе Мемлекет басшысы айқындап берген, елімізді жан-жақты жаңғыртуға қатысты міндеттерді табысты орындауға септігін тигізері сөзсіз.
VIII. ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ
Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырысты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек.
Біз сырттан келетін арандатушыларға ілесіп, жат ақпарат пен идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. Ішкі саясатта тек өзіміздің күн тәртібімізді басшылыққа алуымыз қажет. Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы. Біздің ішкі күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды және реформалар жүргізу мақсатын көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын және ұлттық мүддесін бәрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мәселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дәріс оқып, біздің бүкіл әлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мәжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті.
Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді.
Осындай саясат жүргізу оңай емес екені анық. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі