Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ел Президентінің саяси бағыт-бағдарының басты негіздерін Егемен Қазақстан газетінде нақтылап айтып берді.
III. ӨТКЕНГЕ ОРАЛМАЙТЫН ӨЗГЕРІСТЕР
Кейде «Реформалар нәтижесі қайда, уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады.
Біріншіден, өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.
Екіншіден, біздің елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше, көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бетбұрыс жасалды. Егер тереңірек ойланып көрсеңіз, небәрі үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын аңғарасыз. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып, соның нәтижесінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мәртебесі мен рөлі едәуір артты. Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Президенттің құзырына кіретін мәселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021–2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады.
Бұл аз десеңіз, реформалар Қазақстанға ғана емес, айналамыздағы ауқымды геосаяси кеңістікке де жаңашылдық әкеліп, осы аймақтағы елдер үшін жаңа үрдісті бастап берді.
Үшіншіден, саяси реформалармен қатар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатыр. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Жүйелі әрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер етті. Ұстаздар мен дәрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады. Саяси мәдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес.
Осылайша, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды, жаңарулар әлі де жалғасып келеді. Жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформалар енді тоқтамайды.
ҚОҒАМДЫҚ ЭТИКА
Қоғам санасындағы және жұрттың мінез-құлқындағы әбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нәтиже бермейді. Ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды.
Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады.
Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық. Сондықтан Президент Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап берді. Бұл:
– Тәуелсіздік және отаншылдық;
– Бірлік пен ынтымақ;
– Әділдік және жауапкершілік;
– Заң мен тәртіп;
– Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
– Жасампаздық пен жаңашылдық.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек.
Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды. Жақында «Заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар» бекітіледі. Сондай-ақ басқа да тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп, нақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған.
Жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дәріптеудің әдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тәсіл бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді. Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек. Сол себепті, билік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына баса мән беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады.
Сонда жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қазір жүргізіліп жатқан реформалардың дәйекті түрде жүзеге асырылуына, сол арқылы Қазақстанның өркендеуіне қажетті негізгі алғышартқа айналады.
- ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРТАЛАСТЫҢ REDLINE-Ы
Қоғамның ашықтығы, экономикалық реформалардың іске асуы, коммуникацияның жаңа түрлерінің қарқынды дамуы сияқты нақты себептерге байланысты сол қоғамның құрылымы үнемі өзгеріп отырады. Қоғамдық-саяси кеңістік кеңейіп, күрделене түседі, яғни жаңа страталар, әлеуметтік топтар мен субмәдениеттер, сан алуан саяси және идеологиялық көзқарастар пайда болады.
Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы әртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалистер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар және центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға және құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет.
Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді.
Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни «Redline» нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:
– этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне;
– дін саласына;
– сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет.
Біздің қоғам бұл мәселелерге қатысты жанжал туғызатын сөз таратуға, ашу-ызаға толы мәлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсінеді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кәсіби тұрғыдан пікір таластыра алады.
Мемлекет елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. «Шектен шығуға жол жоқ» деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз.
Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс.