Жуырда Астана қаласында өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жас ғалымдар мәселесіне ерекше тоқталды. Президент ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру жас ғалымдарға барынша жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын және «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті.
Біз бұл мақаламызда бүгінгі таңда ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір ХҚТУ жас ғалымдарымен оқырмандарымызды таныстыруды мұрат тұттық.
Нұрдана Салыбекова – PhD, қауымдастырылған профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ,биолгия кафедрасының оқытушысы.
2013 жылы Ұлыбританияда, Ньюкасл университетінде, «Learning and Teaching in Higher Education» бағыты бойынша біліктілігын арттырған.
2016-2017 жылдары Акдениз университетінде «Молекулалық биология» бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен (Түркия, Анталия).
ҚР «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы-2020» конкурсының жеңімпазы. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу бағыттарына сәйкес коммерцияландыру бойынша 0305-18ГК «Қ.А.Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағы базасында Қазақстанның оңтүстігінің субаридті жағдайлары үшін сәндік дақылдардың бейімделгіш және стресске төзімді отырғызу материалын жеделдетіп өсіру» гранттық коммерцияландыру жобасының жетекшісі; AP14870298 «Қазақстанда қызғалдақтың эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеу және енгізу, бастапқы материалдар топтамасын құру» гранттық жобасының жетекшісі; AP15573823 «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» атты коммерцияландыру бойынша жобаның бас ғылыми қызметкері. 70-тен астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде 5 оқу құралының, Web of Sciences, Scopus әлемдік дерекқорларында өсімдіктерді қорғау, молекулалық-генетикалық идентификациялық зерттеулер бойынша индекстелген мақалалар мен патенттердің авторы. Нұрдана Нұртайқызының жетекшілігімен 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру бойынша «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» атты гранттық жобасы орындалуда.
Мұхит ТӨЛЕГЕН — дін психологиясы бойынша PHD, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Теология факультетінің оқытушысы.Түркияның Ержиес университетінде докторантурада оқып, PHD қорғап келген..
“Ғылымға шектеу қойған сайын радикалдану күшейеді.
Бала кезінен ұлттық уызына қанып өспеген, ғибратты сөздерді жадына тоқымаған, жігері төмен, рухы жасық жастар жат ағымға тез ұрынады. Жастайынан өзінің тарихын, шежіресін, мәдениетін жақсы білсе, ол басқа бір мәдениеттің қолжаулығы болмайды”, — дейді Мұхит.
«Жүз ойланып, мың толғанып, болашақта білімімді дінтану саласында жалғастырып, көл-көсір алтын қазынаны, бағасы қымбат құндылықтарды зерттеуге шешім шығардым. Осы мақсатпен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. Өз бетімше түрік тілін үйреніп, Түркияға докторантураға берілген грантты жеңіп алдым.
Дінтану – Түркияда барынша тамыр жайып, жемісін беріп келе жатқан іргелі ғылым. Бізде методологиялық-практикалық ұстындар жолға қойылып, жеке сала ретінде енді қалыптаса бастады. Дербес бағыт ретінде діни білім беру аясына енген теология – келешекте кез келген діни танымды сау ақылдың тезімен елеп-екшеп тұратын діни сауатты жас толқынды дамып-жетілдіру үшін өте маңызды.Мен «дін психологиясы» бойынша білім алдым. Психология – адамның сезімі, мінез-құлқы, ойлары мен түрлі сезімін зерттесе, дін психологиясы – адамның бір дінге бет бұрып, оның қағида-шарттарын ұстана бастағаннан кейінгі, дінді өмір салтына айналдырған кездегі мінез-құлқын, ой-санасын, ұстанымдарынын зерделейді.
Дін психологиясы – өте қызықты сала. Адамдардың бойындағы психологиялық құбылыстарға діннің әсерінің үлкен үлесі бар. Дін психологиясында «конверсия» деген ұғым бар. Адам бір дінді қабылдап, оның ережелеріне мойынсұнған кезде көзқарасы мен дүниетанымы түгел өзгеріп кетеді»дейді Мұхит ,»Дін саласын таңдауыңызға не себеп болды?-деген сауалымызға орай..
– Менің зерттеу тақырыбым «Қазақстандағы мифологиялық діндарлықтың психологиялық платформасы мен функциялары» болғандықтан, мен діннің аксиологиялық қырына, яғни, адам мен қоғамға беретін құндылықтарына айрықша мән беремін.Діндегі құндылық қабаты, яки, рухани шығармалар арқылы адамның сана-сезіміне, мінез-құлқына әсер ету, оның ішінде, біздің дәстүрлі ислам дінінде қиссалар, жыр-дастандар, жыраулардың сөздері мен уағыз-насихаттары менің зерттеу объектіме кіреді.
Бізде «миф» деген сөз – өтірік, жалған деген сияқты қабылданады. Бірақ, әлемдік дәстүрлі ұғым – мифтің құрамына бүкіл діннің құндылықтарын кіргізеді. Аңыз болсын, әфсанасы болсын, қиссасы болсын – кез келген діннің өзінің мифологиялық қабаты бар. Оның барлығы адамды түзетуге, адамның қиялын қарыштатуға, оның санасының көкжиегін барынша кеңейтіп, оған бейсаналы түрде ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, махаббат сияқты қасиеттерді адамдардың бойына сіңіру үшін қолданылады.
Дәстүрлі дінде де адам құндылығын құрғақ қатаң шарттардан гөрі, діннің қисса түрінде, аңыз түрінде, әртүрлі насихат түрінде адамның бойына сіңіру кеңінен қолданылған.
Оны ең бірінші батыс ғалымдарының арасында байқаған, бүкіл елді аралап, әдеби мұраларын жазып алып, фольклорлық шығармаларды қағазға түсірген Радловтың таңқалып тұрып: «Қазақтардың арасындағы бір ғана қиссаның әсері – жүз молдадан артық тәрізді», – деп айтқан сөзі бар. Демек, қазақтардың қиссалар мен дастандарды дереу қабылдауының, ақын-жырауларды қатты құрметтеуінің түйіні – әр адамның жанында, психикасында бір кереметті аңсау, аңыздық формада қабылдау, қисса түрінде қабылдау, әр нәрсені қабылдаған кезде бір кереметке елтіп, қаһармандардың өмір жолын айтқан кезде де оны барынша әсірелеп, көркемдеп, бір өлең сөзбен жеткізіп, ерекше бір құлшыныспен, қызығушылықпен қабылдайтын қасиеті болған.
«Әдебиет танытқыш» еңбегінде Ахмет Байтұрсынов: «Біздің қазақтар өлең-сөзге өте бейім болғандықтан, қожа-молдалардың бәрі діннің насихаттарын өлең сөздерімен жолдап, қазақтарға терең сіңіріп, қазақтардың арасында осы діни қисса-дастандар тамырланып кеткен» – деп жазды.
Міне, біздің дәстүрлі діни түсінігіміздің тамырында қиссалар мен дастандардың аксеологиялық қабаты жатыр. Адам сол құндылықтарды жүрегіне сіңіріп, аңыз-қиссаның бәрін көкірегіне әбден толтырғаннан кейін барып, өз-өзінен діннің басқа шарттарын орындауға деген құлшыныс ояна бастайды.Қасиетті Құранның үштен бір бөлігі қиссалардан, пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер туралы әңгімелерден, ғибратты хикаялар мен қиссалардан тұрады. Адамзат баласының бойындағы туабітті табиғи қасиет – рухани мұқтаждық. Пайғамбарлар туралы өнегелі әңгімелерді естіген кезде адам оған бейсаналы түрде еліктейді, өзінің мінезін түзетуге тырысады. Өзі сондай адамгершілікке, ізгілікке құмарланып, сосын, жүрегі жұмсарып-жібіп, басқаға көмектесуге, жәрдемдесуге пейіл болады.Біздің ата-бабамыз таза діннің тәлімді жолын мықты меңгерген. Біз осы жолды қайтадан қалпына келтіріп, дәстүрімізді жаңғыртсақ, біздің болашағымыз да, даму динамикамыз да жақсы жүреді. Діни жамағатымыз дәстүрлі сол сенімді дүниетанымымызды негізге алса, өркениетті имамдарға ілесіп кете алады, деп сенемін дейді жас ғалым.