Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген болатын.
Осы аптада еліміздің барлық аймағында «Қарызсыз қоғам» жобасының биылғы оқуы басталуына орай, «AMANAT» партиясының орталық аппаратында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Мәжіліске аймақтық партия филиалдары бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы қосылды. Партияның Түркістан облыстық филиалында өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары мен жауапты қызметкерлер, салалық басқармалар мен екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба аясында 2023 жылы республикамыздың 8 өңірінде 65 мың тұрғын қаржылық сауаттылық курстарында оқып шыққанын партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мәлімдеді.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын үйлестірушісі баяндама жасады. Жоба бойынша министрліктер мен ведомство өкілдерінің салалық жұмыстарының барысы, Парламент Мәжілісінің тұрғындарды шектен тыс несие қамытынан қорғаудың заң шығарушылық қызметі жөнінде хабарламалары тыңдалды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде жобаны іске асыруда арнайы топ құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары жауапты болып бекітілгенін, аймақтық деңгейде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары жауапты болып белгіленгенін атап өтті. Жобаны іске асыруда және ауқымын кеңейтуде Түркістан қаласында 3 ғимарат қарастырылғанын мәлімдеді. Аудан, қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету ғимараттары белгіленіп, олар толықтай кеңсе техникаларымен және қажетті жиһаздармен жабдықталғанын жеткізді.
Биыл облыста жоспар бойынша 10500 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтетінін мәлімдеді. Өңірге бекітілген алты менеджер мен қаржы сарапшылары Сауран, Келес, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарының тұрғындарын оқытуды іске асырады.
Атап өту керек, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 2023 жылы 12650 адамды қаржылық сауаттылықты арттыру курстарында оқытуы керек болса, жоспар 115,4 пайызға артығымен орындалып, нақты 14600 адам аталған курстарға қамтылып, қаржылық білімін жетілдірді.