– Қайрат Рахымұлы, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин бір ғасыр бұрын «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп ырыс-құттың қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдарында сақталғандығын жырлап өткен еді. Енді міне, Мемлекет басшысы өткен жылдың 26 қарашасында «Ауылдарды 2027 жылға дейін дамыту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық өңірлерге не береді?
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрып, ауылдарды дамыту жолдарын көрсетті. «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз» деді Президент.
Бағдарламаға сәйкес бір миллионнан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн. теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
– Ауылда береке барын Үкімет те, депутаттар да айтады. Сөйте тұра әлі күнге дейін неліктен ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге қол жеткізе алмай келеміз?
– Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда 7 млн. адам ауылда тұрады. Олардың шаруашылықпен айналысатындары аз болса да, малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда қалай болғанда да береке бар. Мысалы, Түркияда бұл салада он миллионнан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенелтіп келеді. Түркияның балы, інжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұсылман мемлекеттерінің сөрелерінде түрік тауарлары самсап тұрады. Түркия басымдықты егін және мал шаруашылығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары деңгейде жолға қойылған. Израильдің жері егінге қолайсыз болғандығына қарамастан, олар ішкі сұранысты өздері өтеп жатыр. Ал, бізге жаңғақтың өзі Қытайдан, кептірілген жемістердің түр-түрі Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді. Негізі егін мен мал шаруашылығы арқылы тоқыма-тігін және тамақ өнеркәсібін дамытуға болады. Бірақ, бізде мал әрі кетсе сүт пен етке ғана жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон тігетін фабрикалар, өзге де өңдеуші кәсіпорындар қалада емес, ауылдарда салынса, ауыл адамдарын жұмыс орындарымен қамтуға болар еді. Сүт өнімдерін, томат пастасын, алма, өрік сусындары мен балмұздақ шығаратын зауыттар Алматы мен Түркістан облыстарының тек кейбір аудандарында ғана жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етеді. Жалпы, кез келген саланың өсіп-өркендеуі кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе несие бөліп, ауыл шаруашылығының даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті, аудан, ауылдардың жағдайына қарай үйлестірумен айналысуы тиіс. Жоспарлы жүйе болмай, дұрыс даму да болмайды. Ауыл шаруашылығындағы біресе жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразылықтары осы жүйесіздіктің кесірінен орын алуда. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі жан-жақты талқыланған ұзақ мерзімді даму жүйесін құруы керек. Бұл істе Америка, Қытай, Түркия, Еуропаның тәжірибелеріне сүйенген артықтық етпейді.
– Бүгінде елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның алғашқы нәтижелері қандай?
– Өткен жылы шағын несие беруге 2,059 млрд. теңге бөлінді. Оның 1 млрд. 548 млн. 331 мың теңгесі – мал шаруашылығына, 511 млн. 250 мың теңгесі – егін шаруашылығына бағытталды. Ауылдарды аралағанда жергілікті жұртшылықтың кәсіппен айналысуға деген ынтасын байқадық. Алайда, көбінесе кепілге қоятын мүліктің талапқа сай келмей жатқаны айтылды. Партия бұл мәселені де оңтайлы шешіп, ережені жеңілдету жағын қарастырып жатыр. Ал, жалпы мемлекеттік қолдау аясында бөлінетін субсидия, несие ұсақ шаруашылықтарға да қолжетімсіз. Мысалы, қой саны –
5 мың, сиыр саны – 2 мыңға жетпейінше мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың кооперативтерге біріккісі келмейді. Өйткені, кооперативтер арасында дау көп. Сондықтан жекелеген шаруашылықтар да Президент бастамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қарастыру керек. Өйткені, үлкен бизнес шағын кәсіптен басталады.
– Өзіңіз сайланған Түркістан облысының әлеуетін басқа өңірлермен салыстырып көрдіңіз бе?
– Түркістан облысының мәртебесі белгіленген бес жылда ұланғайыр жұмыстар атқарылды. Онда халық саны көп болғандықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд. теңге бөлініп, оның 17,7 млрд. теңгесі игерілген. Жыл соңына дейін бөлінген қаражат түгел берілді. Жоба 64 ауылдық округте 6 бағытта іске асырылды. Қаржы егін, мал, балық, құс шаруашылығы, кооперация мен бағдарлама талабына сай келетін кәсіптерге жұмсалды. Алдағы жылға 30 млрд. теңге қажеттілігі туындап тұр. Төмен пайызды несиеге қолы жеткен жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Президент айтқандай, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру де өзекті мәселе. Мәселен, солтүстік өңірлерде ауа райы қолайсыз демесеңіз, топырағы құнарлы, не ексеңіз де өседі. Сондықтан онда тек картоп пен бидай емес, суық климатта өсе беретін дақылдарды өсіру керек. Айталық, мүкжидек, итмұрын, барбарис өсіруге болады. Сусамырға өте пайдалы мүкжидектің кептірілген түрін қымбат бағада көршілес елдерден аламыз. Қазір ғылым дамыды, қысқа уақытта пісіп жетілетін бақша өнімдерінің жаңа сорттарын өсіруге көшу керек. Алайда, отандық сапалы тұқымның өзі жоқтың қасы.
Ал, Түркістан облысында қар жауады да еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі аудандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сексеуіл, фармацевтикада бағалы саналатын кеурек, дермене сияқты шөптер өседі. Ендеше, шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге көбейтпеске?! Түркістанда есігінің алдында бадам мен фисташки, банан, лимон, апельсин, жаңғақ өсіріп, жемісін жеп жүргендер бар. Ертегі сияқты естілсе де, талаптанып еңбек еткенге көрінген таудың алыстығы жоқ. Лимон, банан, саңырауқұлақ өсіріп жатқандар – қосымша кәсіптің көзін тапқандар. Оның үстіне, Оңтүстіктің климаты жылына 2-3 рет өнім алуға қолайлы. Осылайша оңтүстікте қызанақ, қияр, құлпынай, орамжапырақ сияқты бақша өнімдерін жыл он екі ай бойы өсіретіндер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы нұсқаған мелиорация жұмыстары жанданса игерілмеген жер қалмас еді. Білесіздер, кешегі Кеңес өкіметінің кезінде мына сайын дала игеріліп, көшпелі жұрт отырықшы елге айналған. Демек, қазір де сондай қадамға баруымыз керек болып тұр.
– Еліміз биыл тасқын судан зардап шекті. Бұл су қоймаларының, гидротехникалық құралдардың әбден тозығы жетуінен, иесіздіктен болып отырған апат емес пе?
– Өздеріңізге белгілі, кезінде Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жер суландырылатын. Нәтижесінде, суармалы егістік көлемі 2172 гектарға ұлғайған еді. Тоқсаныншы жылдарға дейін елімізде 54 мың гидротехникалық нысан салынған. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары Кеңес өкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабан талан-таражға түсіп кетті. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру керек, ал, ол оңай шаруа емес. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Арабтар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, «қалауын тапса қар жанады». Ал, бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр. Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024–2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі. Жылдың жағымды жаңалығы осы. Жауапты іспен тиянақты айналысу үшін ел Президентінің Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су Кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр. Заңда су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізумен қатар халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау да қарастырылған.
Президент тапсырмасы бойынша жер асты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылмақшы. Олар жер асты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады. Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жер асты суларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауыз сумен қамтылады. Сол сияқты Ұлттық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы атқарса, тұзды және шамадан тыс минералды судан бөлек, жер астынан таза су табады деген сенімдеміз. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады. Бұл да үлкен жаңалық. Ал, су саласындағы кадр тапшылығын жою үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандарын даярлайтын ЖОО қажет-ақ. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары білімді мамандар қажет.
Жалғасы бар.