Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов келді. Ол өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Мәжіліске облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық басқармалар басшылары мен аудан, қала әкімдері, жоба жүзеге асқан ауылдық округ әкімдері қатысты. Онда өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы жоғары екенін жеткізді.
– Өзіңізге белгілі, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Климаты жағынан да, жұмыс күші тұрғысынан да Түркістан облысы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 1 миллионнан астам тұрғынның тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы облыс халқының табысын арттыруда оң нәтиже берді. Бүгінгі таңда бағдарлама есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, 3413 жаңа жұмыс орны құрылды, 75 кооператив ашылды, – деді облыс әкімі.
ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысындағы оң тәжірибелер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды. Тек мал шаруашылығы ғана емес, өзге де салаларға басымдық беру керектігін еске салды.
– Мемлекет басшысы ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. 80 пайыздан астам тұрғыны ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын молайту. Екіншіден, ауылдан жастар ірі мегаполистерге кетіп жатыр. Соларға жағдай жасап, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу көзделген. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Ауыл тұрғындары өнімдерді өздері өндіру арқылы табыстарын молайтып, елімізді отандық өніммен қамтуға да үлес қосады. Біз тұрғындардың кәсіппен шұғылданып, табыс табуына көмектесуге міндеттіміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты – осы жобаны жүзеге асыру барысын талқылау және тәжірибе алмасу. Өзара кеңесіп, озық тәжірибелерді бөлісу, – деді Ералы Тоғжанов.
Мәжілісте көпшілікке «Ауыл аманаты» жобасын жоғары деңгейде жүзеге асырған Ақтөбе облысындағы, Мәртөк ауылдық округінің тәжірибесі баяндалып, жетістіктері үлгі ретінде
ұсынылды.
Одан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндамасы тыңдалды.
Түркістан өңіріне жасаған сапары барысында Е.Тоғжанов облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Ералы Тоғжанов алдымен Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде болып, Ибата елді мекеніндегі Жасур Муминовтың балық шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты. Шаруа өз кәсібін өткен жылы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен бастаған. Ол 2,5 пайызбен 8,5 млн. теңге алған. Бүгінгі таңда 240 шаршы метр жердегі 4 бассейнде форель балығын өсіруде. Ол жарты жылда 2 тонна, ал, жылына 4 тонна балық сатуды көздеп отыр. Мұнда 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Премьер-министрдің кеңесшісі бұдан кейін Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова да өткен жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, жұмысын бастаған. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан жабылып, дүкендерге өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпкер шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Мұнда 10 жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
Іссапар барысында Ералы Тоғжанов Оранғай ауылдық округіне барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалармен танысты. Жеке кәсіпкер Нигора Сейтходжаева осы бағдарламамен
5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 0,80 гектар аумаққа жылыжай кешенін салған. Жылыжайдан жылына 4 тонна қияр алады. Кешен толығымен тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған.
7 млн. теңге қаражат алып, іс бастаған жеке кәсіпкер Бахадир Исраилов мал бордақылау алаңын ашқан. Сондай-ақ, «Рустамбек» шаруа қожалығы 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдері жиналады. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына жер жырту және дәрілеу қызметтерін көрсетеді.
«Тұрғындардың өз кәсібін ашу» бағыты бойынша 5 млн. теңге қаражат алған Бабир Насировтың дәнекерлеу цехының аумағы – 300 шаршы метр. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Кәсіпкер 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Абдусардар» жиһазының өнімдері нарықта сұранысқа ие.
Премьер-министрдің кеңесшісі өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, жобаны жалғастыруды, озық тәжірибелерді батыл енгізуді тапсырды.