ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Түркістан өңірінде атқарылған бірқатар жұмыстарға байланысты сұхбат алып, ел Президентінің «Ауылдарды 2027 жылға дейін дамыту туралы» Жарлығы жайлы ойын білген едік. Ендігі облыстағы су үнемдеу технологияларын цифрландыруға көшірмесек, бұл іске мұраптар араласқан сайын сыбайластық қылмыс өршіп кетпей ме, деп
– Ойыңыз дұрыс. Президент Жолдауын жүзеге асыру барысында еліміздегі 14 мың шақырым арна күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарына қарасты 3500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталып та кетті. Су үнемдеу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынды. Осы жоба аясында 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнемделді. Тамшылатып суғару әдісі кең тарады. Қауын, қарбыз, мақта да бұрынғыдай суарылмайды. Негізі мәжбүрлік адамның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сайрам ауданында егін егетін жер аздық еткенде, тастақты жерде израильдік тәсілмен қызанақ өсірілген еді. Демек, қандай жерде тұрса да, ебін тапқан дегеніне жетеді. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ауданында болатын, енді өзге аудандарда да жылыжайлар көбейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Олар мемлекеттің демеуіне мұқтаж. Жылыжайлар мен мақташылар, сондай-ақ, бірқатар ауылдың каналдарын жөндеу бойынша жолдаған депутаттық сауалдарымның Үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады. Жалпы елімізде арктикалық та, африкалық та атмосфера ұзақ сақталып тұра бермейтіндіктен, ауыл шаруашылығын әр өңірдің географиялық ландшафтына қарай икемдеу керек деп есептеймін. Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн. текше метр болатын 9 су қоймасы, ал, екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн. текше метрден астам суға арналған 11 су қоймасы салынады. Бұдан бөлек, суармалы алқаптардың жалпы көлемін 1,8 млн. гектардан 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ, 212 каналдың суды пайдалану мөлшерін есепке алу үшін олар цифрландыру жүйесіне көшірілмекші. Цифрландыру ашықтыққа жол ашады. Цифрландыруға көшкен кәсіпорындардың басы дауға қалмайды.
– Қазіргі таңда өңірлерде бірнеше өнім өндірушілерді кооперативке біріктіру саясаты жүзеге аса бастады. Алайда, күштеп колхоздастырудан қаймығып қалған халық бірігуге құлықсыз. Бұған не дейсіз?
– Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қажетті техника шығарып жатыр. Олардың құрастырған техникалары біздің қажетімізге жарап келеді. Президенттің бір тапсырмасы лизингке техника алу жолдарын ашу болатын. Осының арқасында шаруалар бүгінге дейін 40 млрд. теңгеге 1053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар 2,8 мың мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд. теңге бөлінген.
«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз» делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Тек кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидия алып, құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-дамай шығып жатады. Үлес, пай бөлуде де тура сол сияқты күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруа қожалықтарының төрағаларының жауапкершілігін арттыру керек. Сонда олар Президент тапсырмасының игілігін тең көретін болады. АҚШ-та шаруашылықтар арнайы ауыл шаруашылығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мысалы, біздің солтүстіктің бидай белдері сияқты ол жақта да жүгері, мақта қырлары мен мал жаятын жайлаулары біркелкі болады. Міне, біз де осылай әлемнің озық әрі тез өсу үлгісін пайдалануымыз керек.
– «Өзеннің басындағы ел су ішеді, аяғындағы ел у ішеді» дегендей, суды кесте бойынша мөлшерлеп беру жайы да ойландырады. Көп фермерлік шаруашылықтар осы мәселеден қиындық көріп келеді. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352-сі – су қоймасы, қалғаны су тораптары, бөгеттер мен тоғандар. 6 629 нысан – республикалық, 6 007 нысан – коммуналдық, 528 нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен. Негізінен, су көздерін жекеменшікке беруде сақ болу керек. Өйткені, ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қысады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан, жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін.
Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер көп. Себеп – топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күре жолдардың бойынан көлеңкелейтін бұта таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар… Су жоқ деп қарап отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптары суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялауды 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл әдіс арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. «Судың да сұрауы бар» дегендей, пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауы тиіс. Бүкіл әлемде суға төлем жасалады.
– Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеу жайын қалай шешеміз?
– Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Басымдық берілген бағыттар қатарында етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған міндеттер бойынша, алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып, азық-түлік импортын азайтып, экспортын арттыру керек. Елімізде жыл сайын 24 млн. гектар алқаптан орта есеппен 17-20 млн. тоннаға дейін астық жиналады. Оның 7 млн. тоннасы ішкі нарыққа, шамамен 10 млн. тоннасы экспортқа шығарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар салынуда. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның 10-ы жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн. теңгеден асты. Бұл салаға 88,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. 2023 жылы егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн. тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Отандық өнімдер шығаратын 22 кәсіп-орын іске қосылып, төрт жүздей адам жұмыспен қамтылған. Десек те, қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 250 мыңға да жетпейді.
17 облыста 23 тәжірибе стансасы егін және мал шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеулер
жүргізіп жатыр.
– Мемлекет басшысы айтқандай, кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жерлерді ортақ жайылымға қайтару жайы қалай жүргізілуде?
– Атап өтерлігі, бір жыл ішінде ғана 8 млн. гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайылым, егінге алқап таппай жатқан ауылдар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жерлердің қай маңда екені қызық, кездескен сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет басшысы да бұл мәселені назарында ұстап отыр.
2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игерілді, ал, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасып жатыр.
Қалалар салынбай тұрғанда қазақтың кең даласында ауылдар болды. Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Адам еңбек етуге талаптану керек. Небір малға бай дәулетті адамдар ауылда тұрады. Мәселен, Түркістан облысында Қарабұлақ деген береке дарыған үлкен ауыл бар. Тәулік бойы сауда-саттық жасайды. Сол ауылда мал жаятын да, егін егетін де жер жоқ. Бірақ, екінің бірі мал мен жеміс саудасымен айналысады. Титтей бақшасында жүзім де, жаңғақ та, қызанақ та, мал да өсіре береді. Міне, еңбек деген осы!
Бос жатқан жерлерді суландырып, егістікке жағдай жасалып жатқанда қарап қалмау керек. Жеті атасынан бері мал тауып келіп, енді жеті баласының біреуіне де мал бақтыра алмай жатқандар бүгінде қойшы жалдауда. Керек десеңіз, қазір малға сауатты қарай алатын қойшылар да тапшы. Ауылдан қашқан балалар қалада бос сандалып жүр. Абай хакім сипаттағандай, өзгені жамандап, өзі жалқауланатын жұрт болмай, Президент айтқандай, ауылдарды оңалтып орнықтыратын ел болайық.
– Салиқалы сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Ләззат САРЫБАЕВА,
журналист.